Елбасы Жолдауына орай ҚХА үндеу жариялады
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына орай үндеу жариялады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауындағы міндеттерді іске асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен рөлі» атты ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырыста президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы үндеу жариялады.
«Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауы қоғамның өзекті әлеуметтік сауалдарына нақты жауап болды. Бұл – мемлекеттік органдар, бизнес пен қоғам үшін іс-қимылдың тұтас стратегиясын айқындайтын, өзінің мәні мен мазмұны жағынан ерекше құжат. Басты мақсат – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру», - делінген құжат мәтінінде.Сонымен қатар үндеуде халықтың тұрмысын одан әрі жақсарту үшін қандай міндеттерді жүзеге асыру қажет екені көрсетілген.
«Ең төменгі жалақыны өсіру, бизнестің жол картасын жалғастыру, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтеріне арналған тарифтерде тәртіп орнату жөніндегі шаралар және басқа да қадамдар – табыстың өсуінің тұрақтылығына ықпал етеді. Білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражатты арттыру, учаскелік медицина қызметкерлерінің жекелеген санаттарына еңбекақыны көтеру, салауатты өмір салтын дамыту, халықты сапасыз тауарлар мен қызметтерден қорғау – бұл тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі сенімді қадамдар», - делінген үндеуде.Құжатта тұрғын үй мәселесін шешу жас отбасыларға үлкен көмек болатыны айтылған.
«Ал тұрғын үй мәселелерін шешу, жергілікті жолдарды, ауылдарды сумен жабдықтауды дамыту, экологияны жақсарту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар – жайлы өмір сүру ортасын құруға қызмет етеді. Жолдаудың міндеттерін іске асыруда мемлекеттік аппараттың тиімді қызметі мен қазақстандықтардың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне ат салысуы маңызды және жауапты рөлге ие болады. Сонымен қатар жастарды және отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы екенін атап өткен жөн», - делінген құжатта.Сонымен қатар үндеуде Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы Жолдауын толығымен қолдайтынын, әрі оны халыққа түсіндіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілетіні жазылған.
«Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік көңіл-күйі мен өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі теңдессіз шараларды белгіледі. Президент бұл мақсаттарға біздің қоғамымызды келісім мен бірлікті сақтау арқылы ғана қол жеткізу мүмкін екенін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа Жолдаудың міндеттерін толық қолдайды және оларды жүзеге асыру мен түсіндіруге белсенді қатысады. Біз барлық қазақстандықтарды ұлттық әл-ауқатты мемлекет құрылысының мақсаттарына қол жеткізу үшін бірігуге шақырамыз. Осының бәрі Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің негізгі тұғыры. Біз, Жолдаудың жүзеге асырылуы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың, Отанымыздың гүлденуінің берік кепілі болатынына сенімдіміз», - делінген құжатта.