Татулық пен тұрақтылық кепілі
Сәрсенбі күні облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда облысының Қазақстан халқы ассамблеясының «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбындағы ХХI сессиясы өтті. Оған облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың ҚХА кафедрасының оқытушылары, студенттері мен магистранттары, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен белсенділері, оқу орындарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Бір шаңырақ астына түрлі ұлт өкілдерін біріктіріп, татулықтың үлгісіне айналған Қазақстанның келбеті келісіп-ақ тұр. Бұл туралы облыс әкімі Қ.Елеуұлы облыстық Ассамблеяның кіріспе сөзінде айтып өтті.
– «Баршаңызды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясының ашылуымен құттықтаймын! Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнінен бастап орасан зор біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, еліміздегі бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде ол – 130-дан астам этностың басын біріктіретін еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Сәуір айының 28-ші жұлдызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік тұғырының бірлігі» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы болып өтті – деді.
ХХІ сессияның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралып, аймағымыз үшін маңызы зор мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Елбасының наурыз айында ұсынған әлеуметтік жаңғыру жолындағы «Президенттің бес бастамасын» ілгерілету бойынша келелі әңгімелер өрбіп, нақты тапсырмалар берілді. Ұлтты ұйыстырып, әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған бес бастама мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біртұтас ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдар болып саналады.
Жиын барысында Сырдария ауданының әкімі, облыстық ҚХА мүшесі Ғанибек Қазантаев, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, ҚХА мүшесі, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Нұрлыбек Мыңжас, Қармақшы ауданы, Т.Көмекбаев атындағы №250 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, облыстық ҚХА мүшесі Альбина Гадирова, «Қызылорда су торабы» 899 пикетінің 3 бөлімшесінің басшысы, Жалағаш ауданының тұрғыны Сейіл Алмурзаев, облыстық ҚХА мүшесі, «Авангард-Мұнай» ЖШС директоры Қанат Абикешев, «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының директоры Аида Керімқұлова, Шиелі ауданы, «Волковгеология» АҚ филиалы, №23 геологиялық барлау экспедициясының инженер-геологы Андрей Вебер, «Мұрагер» мектебінің 10 сынып оқушысы Евгений Демиденко сөз сөйледі. Онда әлемдегі мықты мемлекеттер қатарынан көріну жолында Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру мен тарату төңірегінде және бейбітшілік пен келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ұрпақ сабақтастығын өркендету, үштілділікті дамыту жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен жүргізіліп жатқан реформаларды қолдап, рухани жаңғыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Аталмыш жиын қорытындыланғаннан кейін 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Чтобы помнили» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.