ӘЖЕМНІҢ ӘЛЕМІ
«Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің», – деп мектеп қабырғасында жүріп әндетеміз. Өмірдегі қиын да қыспақты жолдың бұралаңында тәлім беріп, білімге шыңдайтын ұлы тұлға – ұстазға арналған өлең жолдары да, кітаптар мен романдар, түрлі шығармалар қаншама. Себебі мұғалім – екінші ана. Оған деген құрмет те, махаббат та ешуақытта сарқылмақ емес.
Ұстазым, бар сенің қасиетің», – деп мектеп қабырғасында жүріп әндетеміз. Өмірдегі қиын да қыспақты жолдың бұралаңында тәлім беріп, білімге шыңдайтын ұлы тұлға – ұстазға арналған өлең жолдары да, кітаптар мен романдар, түрлі шығармалар қаншама. Себебі мұғалім – екінші ана. Оған деген құрмет те, махаббат та ешуақытта сарқылмақ емес.
Сондай білікті де білімді ұстаздың бірі, менің әжем – Ұлман Палымбетова. Ол 1956 жылы 8 сәуірде Ақмая ауылында дүниеге келген. 1973 жылы мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтына орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын аяқтай сала туған ауылындағы №49 мектепке мұғалім болып орналасады. Жан-жақтылығымен, ізденімпаздығымен ерекше көзге түскен Ұлман Өтеубайқызы кейіннен 10 жылға жуық уақыт мектеп директорының бастауыш сынып жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарады.
Менің әжем Ұлман Палымбетова 40 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Оның өз мамандығын сүйетіні соншалықты, зейнет жасына шықса да жас мұғалімдер мен мектеп оқушыларына өз білгенін үйретуден жалықпады.
Бүгінде әжем – 66 жаста. Немерелерінің ақылшысы, шаңырағымыздың шаттығына айналып отырған сүйікті әже. Біздің жақсы оқуымызға, үлгілі, тәрбиелі болуымызға, ең бастысы өмір деген үлкен теңізде өз орнымызды табуымызға әжемнің еңбегі зор.
Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Мен үшін сондай жан өмір бойы менің әжем болып қалатыны сөзсіз.
Айдана ХАБИБУЛЛА,
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы