Шәкірт шыңы – ұстаз жемісі
Егер Ұстаз еңбегі өлшеусіз болып саналса, ол еңбектің алғашқы қомақты үлесі бастауыш сынып ұстазының ізденіс танытуында жатыр.
Балдырған сана ересек тартқанда да білімнің алғашқы баспалдағы болып саналар осы бір бастауыш сыныптағы күндерін естеріне алатын болады және сол әдемі естеліктерінің ішіндегі ең ерекше тұлға ол – алғашқы ұстазы деп білемін.
Балдырған сана ересек тартқанда да білімнің алғашқы баспалдағы болып саналар осы бір бастауыш сыныптағы күндерін естеріне алатын болады және сол әдемі естеліктерінің ішіндегі ең ерекше тұлға ол – алғашқы ұстазы деп білемін.
Менің де сондай жаныма қымбат, орны биік тұратын алғашқы ұстазым бар. Өмірімнің өнегелі үлгісі болған жан – Жәмила Жұмағалиева ұстазым. Ол 1951 жылы дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық училищесінде білім алып, Жаңатұрмыс ауылының мектебіне келіп ұстаздық етеді. Кейін 1976-1983 жылдары 45-ші қазақ орта мектебінде ұлағатты ұстазымыз қаншама шәкірттердің санасына білім дәнін екті. Жүрегі мейірімділіктен, тұлғасы даналықтан жаралған, Алатаудай алып әрі биік осындай ұстаздың алдында шәкірт болу бақытына ие болғаным үшін қуанамын әрі мақтанамын.
Маған алғаш әріп үйретіп, қалам ұстатқан аяулы ұстазымды мен үнемі есімде ұстаймын. Болашақ мамандар даярлауда сізді үлгі етіп, мақтан тұтамын. Менің осы мамандықты таңдауым да сізге еліктеп, жақсы көргенімнен деп білемін. Өзіңіз білім беріп ұшырған біздің сыныптағы шәкірттеріңіздің барлығы бүгінгі күні өзіңіз сияқты еті тірі, алғыр, көздеген мақсатына жететін тұлға болып қалыптасты. Бұл да сіздің жеке тұлғалық қасиетіңізге еліктеудің нәтижесі.
Аяулы ұстаз, сіз еккен дән бүгінгі күні үлкен бәйтерек ағашына айналып, өз жемісін беруде. Қазақ баласының сауатын ашып, білім әлеміндегі «даналыққа» жетелейтін «Әліппе» оқулығы ел сүйіспеншілігіне айналуда. 2-4 сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда «Қазақ тілі» оқулықтарының да рөлі зор. Шәкіртіңіз 23 жылдан бері жалпы білім беретін мектеп оқушыларының тілдік сауаттылығын дамыту бағытында және болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда тынымсыз еңбек етіп келеді. Міне, мұның барлығы да сіздей ұлағатты ұстаздың өміріме әсер еткен өнегелі үлгісі деп білемін.
Әзия Жұмабаева