Шәкіртім – мақтанышым
Өзің баптап өсірген ағашың көктеп, гүлдеп, жеміс салса еңбегіңнің еш кетпегені. Дәл сол секілді тәрбиелеген шәкірттердің қай салада болса да жетістікке жетіп, биіктен көрінгені – ұстаздың жемісі. Абай атамыз айтқандай, «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп адам баласының кісі болып қалыптасуы, көбінесе ұстазға байланысты деп ерекше атап өткен. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін, берген тәрбиесін, кеңесін алады. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғам қайраткері, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейеді. Алайда, оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек.
Бүгінгі күнге дейін №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінен талай дарынды шәкірт түлеп ұшты. Жетістігімен тек оқу ордасының емес, туған жерінің абыройын асқақтатып, ел дамуына өзінің кішкентай болса да септігін тигізіп келеді. Сондай-ақ, спорт саласында көк туымызды желбіретіп, әлі талай жеңісті сәттерге куә ететін былғары қолғап шебері болуды армандайтын Ерболат Тұрсынғали, балуандар Әлемжар Ыдырысов, Досымжан Айтбай сынды шәкірттерімізді де мақтанышпен айта аламыз. Қазақ халқының ұлттық спорт түрі қазақ күресінен жуырда ғана бірі республикалық турнирге барып алтын, күміс медаль тағып қайтса, бірі облыстық боксшылар бәсінде ІІІ орынды иеленіп, жүлдесімен жеңіске бөледі. Күш атасы Қажымұқандай белдескеннің белін қайырып, жауырыны жер иіскемеген балуандардың қатарын көбейтер жалынды ұрпағымыз бар деп барша қазақстандық мақтан тұтар күн алыс емес.
«Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі» деп Елбасы Н.Назарбаев бұл саланың маңыздылығын атап өткен болатын. Мектеп қабырғасында алған білім, үлкен алаңда пайдаға асарын шыңға шыққан шәкірттер жиі айтады. Биылғы «Жастар жылында» түрлі байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылып жатқаны мәлім. Осы сәттерде білімі мен білігін, күш-қайратын танытып, шаршы топтан ілгері шығып жатқан шәкірттердің оқуда озат, ойлы, жүйрік болуы ұстаздан.
М.Дулатова,
№156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары