Бата алумен басталған той
Ұстаз – ұлағатты есім, ұлы тұлға. Әке-шешең өмір сыйласа, ұстаз сол өмірді дұрыс сүруің үшін саған білім сыйлайды. Демек, ұстазға құрмет ата-анаңа көрсетілген құрмет секілді қастерлі, қадірлі болуға тиіс. Оны сыйлау, құрметтеу әрбір шәкірттің ғана емес, мектеп көрген азаматтың міндеті болса керек.
«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен басқыншылығымен әлемге әйгілі болған билеуші Александр Македонский. Бұл сөзде үлкен шындық, мән-мағына жатыр. Жарты ғасырға жуық саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Нартай ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Сәрсенбек Байжанов үлгілі ұстаз болды. Білімін, білігін шәкіртінен аяған жоқ. 97 жастағы ұстаздың шәкірттері ылғи да келіп-кетіп, амандық-саулығын біліп тұрады.
Жасының ұлғайғандығына қарамастан, аудан, ауыл көлеміндегі мәдени және саяси шараларға қатысып, жастарға, жалпы жұртшылыққа ақыл-кеңес беруден, өмір тәжірибесін айтудан әлі шет қалған емес. Өңір басшылары майдангер ұстазды марапаттап отыруды әдетке айналдырған. Жуырда аудан әкімі қарт ұстазға ауданның «Құрметті азаматы» куәлігін табыс етті. Осыған орай, Алматыда тұратын шәкірті, Қазақстан Жазушылары және Журналистері одағының мүшесі, Қазақстан журналистикасының қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы ұстазының отбасында арнайы болып, марапатымен құттықтады. Ұстазы жайында жазылған «Фельдмаршал Паулюсті тұтқындауға қатысқан қазақ сарбазы» деген очеркі жарық көрген «Алматы ақшамы» газетінің бірнеше данасын және кейінгі шыққан «Сүмбіле жұлдыз туғанда» атты жыр жинағына қолтаңбасын жазып, өз қолымен сыйлады.
Қарт ұстаз шәкіртінің ілтипатына дән риза болды. Өмірде шығатын шыңы, өлеңде алатын асуы көп болуына тілек білдіріп, батасын берді.
жетпістің табалдырығын басып тұрған жерлес ақынның мерейтойлы жылын ғасырға жуық өмір сүріп келе жатқан абыз ұстаздың батасын алумен бастағанын біз жақсылыққа жорыдық. Өлеңің өрелі, өмірің өнегелі, ғұмырың ұзақ болсын, демекпіз.
Абай БӘУКЕНҰЛЫ,
ҚР білім беру саласының
үздігі, ардагер ұстаз.