Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қариясы бардың қазынасы бар

Қариясы бардың қазынасы бар


Қоңыр күздің екінші айына да қадам бастық. Адам өмірін табиғаттағы жыл мезгілі ретінде жастық шақты көктем, орта жасты жаз, егде және қарттық кезеңді күз деп қарайтын болсақ, бұл мезгіл барлық саладағы еткен еңбектерінің жемісін жинау кезеңі екен. Көктемде гүлдеген жеміс ағашы жазда түйіндеп, күзде піседі. Піскен жемісті жинау, оның дәмін көру – күз мезгілінде болады. «Әрекетке – берекет» демекші, қарттық кезең берекеге толы кез.
Берекелі күзді мерекелік іс-шаралармен бастаған Нартай ауылының халқы тәрбиелік маңызы зор тағылымды кездесу ұйымдастырды. Бірінші қазан қарттар күні және қазан айының алғашқы жексенбісі ұстаздардың төл мерекесі. Осы айтулы мерекелер қарсаңында №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінде «Ұстаз – қасиет, мұғалім –мамандық» атты шара болып өтті. Шараға Ұлы отан соғыс ардагері, ұстанымы биік ұстаз, ұстаздардың ұстазы Сәрсенбек Байжанов, аудандық білім қызметкер ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Аймаханов, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Р.Құдайбергенов және мектептің ұстаздар қауымы қатысты. Алғашқы сөзді көпті көрген өмірден көрген-білгені, көкірегіне түйгені көп ұстаз ҰОС ардагері Сәрсенбек Байжанов сөйлеп, жастарға кейінгі ұрпаққа білімі мен өмір тәжірибесімен бөлісіп, ақыл кеңесін айтты. Шара одан әрі білімнің алтын діңгегін ұстап,ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ұрпағына ұлылығын ұялататын ұстаздарды құттықтаумен жалғасты. Ұстаз жайында айтылар сыр да, жыр да көп. Ұстаздың шәкіртке айтар ақылы, көрсетер үлгі – өнегесі, әкелік, аналық сезімнің дана ойдың ыстық лебі бар аға ұрпақ өкілдері Сәрсенбек ағаның шәкірті, өнер және мәдениет саласының ардагері Әшімхан Оспанов та бұл мерекелік шараның құрметті қонағы болды. Ол өз сөзінде қарттардың көп көргендігі мен өмір тәжірибесі бүгінгі жастарға ауадай қажет, кез келген қоғам қашан да өздерінің кемеңгер қариясына жүгініп отырған, өйткені олар тәжірибесі мол өмір сынақтарынан өткен, кейінгісі мен алдыңғысын аңдай алатын ақылмандығымен ерекшеленгенін баса айтып, ұстаздардың еңбегіне де ерекше тоқталды. Мерекелік жиын барысында қонақтарға ерекше әсер еткен Әлмырза Ноғайбаев ағамыздың «Әнге айналған Шиелім» әні болды.
«Қарттарым – қазынам», «Қариясы бардың қазынасы бар» деген тіркес тегін айтылмаса керек. Расында қарттары бар ел – қазыналы. Қазақ халқы әрдайым қарттарын қадірлеген халық. Ендеше, жастардың, болашақ ұрпағының тілеуін тілеп отыратын тілеуқор қарттарымыз аман болсын дейік.

Айнұр НАЗАРОВА.
02 қазан 2018 ж. 1 945 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930