Жұрт жадындағы Жақаев
Сыр бойының сайын даласында аты еңбекпен өрілген алып тұлғалар аз емес. Солардың арасында Ыбырай Жақаевтың орны бөлек. Оны «Дала академигі» деп алғаш атаған жазушы Сәбит Мұқанов екен. Бұл атаудың өзінде үлкен мән бар. Өйткені Жақаев бір ғана күрішші емес, өзі мұрап, өзі агроном, өзі геолог, өзі диқан, өзі басшы болған әмбебап еңбек адамы еді. Оның үстіне қазақтың тарихын, көнеден жеткен сөздерін жетік білген.Жақаевтың жастық шағы да қайрат пен қажырдың мектебінен өткен. Дүрмекті жиындарда күреске түсіп, талай мықтының жауырынын жерге тигізген палуан болғаны айтылады. Ал күріш даласына келгенде сол күшін маңдай терге, төзімділікке жұмсады.
1945 жылы гектарына 156 центнер, 1946 жылы 160 центнер, ал 1947 жылы 171 центнер күріш алып, әлемдік рекорд жасады. Бірақ оның күрішке көзқарасы қарапайым есептен әлдеқайда терең еді. «Күріш – өте нәзік дақыл. Қыз бала сияқты аялауды, тәрбиені, нәзіктікті қалайды» деген сөзі диқанның жер мен дән табиғатын қаншалықты жақсы түсінгенін аңғартады.
Ел басына күн туған соғыс жылдарында Жақаев Отан қорғау қорына 150 мың сом қаржы аударып, азаматтық ұстанымын да танытты. Ал 1950 жылы жасы ұлғайғанына қарамастан, күріш өсірушілерге тәжірибесін үйрететін мектеп ашты. Оның өнегесін алған шәкірттер кейін Сыр бойындағы күріш шаруашылығын өркендетті. Жақаевтың адамдық болмысын танытатын бір дерек – 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын екінші рет алғандағы сөзі. Ол марапатқа масаттанбай, «онан да атыз кезіп, күріш егіп жүргендерге бермедіңдер ме?» деген мазмұнда пікір білдірген. Бұл – атақтан бұрын еңбекті бағалаған адамның сөзі.
Сыр еліндегі еңбек шежіресінде оның ізі терең. Қызылорда облысынан шыққан 91 Социалистік Еңбек Ерінің 35-і Шиелі ауданынан екені айтылады. Олардың талайы Жақаевтың жолын жалғап, ақ батасын алған. Ыбырай Жақаев – бір дәуірдің даңқты диқаншысы ғана емес, еңбекті өнерге, тәжірибені өнегеге, ал өнегені ұрпаққа аманат еткен тұлға. Оның аты күрішпен бірге аталуы да сондықтан. Дән сепкен диқанның өзі де ел жадында өшпес дән қалдырды.
Г.ӘБДІХАНИ







