Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ күріштің атасы – Ыбырай

Ақ күріштің атасы – Ыбырай

Еңбекпен тапқан, еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған кемеңгер диқан ­Ыбырай Жақаев туған жер төсіне қайың сапты кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жасады, Сыр маржаны деп атау алған күріш дақылын өсірудің қас шебері, ақ күріштің атасы, дала академигі атанды.
Ы.Жақаев Сыр бойының Қызылқұммен астасатын Қарғалы елді мекенінде 1891 жылы дүниеге келді. Ол жастайынан өмірдің ащысын татып,тепкісін көріп өсті.
1928 жылы Қарғалыда 15 үйден мойынсерік құрылды. Бір жылдан кейін екі ауылдың шаруалары бірігіп, Еңбекші колхозына ұйымдасып, одан кейінірек 15 үй өз алдына бөлініп шығып, «Қызылту» колхозы болды.Ыбырай осы оқиғалардың бел ортасында жүрді, халықтың құрылыс әдісімен бастау алған Шиелі каналын қазуға белсене атсалысты. 1940 жылы алғаш құрылған күрішшілер звеносына жетекшілік жасап, әр гектар күріштен 22 центнер өнім алды, ал 1941 жылы өнім екі есеге жоғарылады.
Келесі 1942 жылы Ы.Жақаев звеносы тың жерден егіс алқабын таңдап, аялы алақанымен жас баладай мәпелеп күтіп, гектарына 84 центнерден өнім алды. Осыдан кейін -ақ диқан күріш егудің қыры мен сырын толық меңгеріп, рекордтық өнімдерді тасқындатып, 1943 жылы әр гектардан 130 центнер, 1947 жылы 171 центнерден өнім келтіріп, бұл көрсеткіш дүниежүзілік рекорд ретінде бағаланды. Бұл еңбектері үшін әйгілі күріш өсірушіге 1949-1971 жылдары екі рет Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ыбарай ата сонымен қатар 1946 жылы ССР Мемлекеттік сыйлығымен Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі болды. 4 рет «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту»орденімен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмелерінің алтын, күміс медальдарымен марапатталды.
Даңқты диқан атында күріштен мол өнім алған егіншілерге берілетін «Ы.Жақаевтың еңбек аттестаты» белгіленіп, аудан орталығынан атақты күрішші есімін иеленген республикалық мектеп ашылып, мұнда егіншілер теориялық білімдерін бай тәжірбиемен толықтырып отырды. Қазір ауданда өзі құрған «Қызылту» колхозы мен орталықта Ы.Жақаев атында көше бар. 1982 жылдан бері Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі жұмыс жасап келеді.
Шежірелі Шиелінің отырықшылыққа мойын бұрғаннан кейінгі сенгені егіншілік еді. Ата-бабаның асыл сөзі, қанатты қайырымы: «Диқан жолы кеніш» – деп ой тастайды. Егіншілік Шиеліге даңқ тұғыры болып төселді. Мыңдаған кетпеншілердің маңдай терімен қазылған каналдар мен тоғандар, агротехниканың күрт дамуына, егіншіліктің инженерлік жүйесі енгенге дейін осы аймақты толық суландырып, тіпті бүкіл дүниежүзілік рекордтық өнім берген қазақтың салы күрішін де құмарын қандыра суарған. Шиелі каналының жүрер жолына күріш егіп, Ыбырай Жақаев әр гектарына 171 центнерден өнім алып, 1946 жылы дүниежүзілік рекорд жасады. Адам бақытының түп негізі еңбекте екені дәлелдеген Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағының берілуі Советтік дәуірдегі диқаншылықтың піріндей болған Ыбырай Жақаевы үшін, ұлтжанды қазақ азаматтарының да көз қуанышына айналды. Ол «Дихан атадан тараппын, дихандыққа жараппын», деген өзінің ұлы қағидасын нағыз өмір шындығына айналдырып, бүкіл ғаламға әйгілі мемлекет, қоғам қайраткері болып қалыптасты. Данышпан халқымыздың «Байлықтың атасы – жер болса, анасы – су», деген асыл мұрасын жаңа жағдайда, жаңа қоғамда жастарды тәрбиелеумен ел байлығын молайтудың күре тамырына айналдырды.
Биылғы жылы Ыбырай атамыз 130 жасқа толып отыр.
Ыбырай атамыздың жүріп өткен жолы, басып кеткен ізі, ұлан-ғайыр ісі, ұрпағына арналған қанатты сөзі адамзат тарихында алтын сиямен жазылып, қазақ халқының мәртебесін бүкіл дүниежүзі алдында ғарыш деңгейін көтере білді.

Анар Қалекеева
08 қазан 2021 ж. 1 662 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031