Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жердің бабын тапқан шаруа дәулетті

Жердің бабын тапқан шаруа дәулетті

Бүгінгі күні елімізде еңбектің көзін тауып, байлықтың өзін тапқан қайраткердің ізін жалғап, аграрлық саланың дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтар аз емес. Алайда, күріш өсіруден Ыбырай Жақаев орнатқан әлемдік рекордты Сыр күрішшілері» әлі күнге дейін қайталай алмай келеді.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Сыр өңіріндегі алғашқы күріш егісі 1896 жылы пайда болған екен. Міне, содан бері күріш өнімін жинау жағынан еліміздегі негізгі аймаққа айналды. Бүгінде Қызылорда облысы республиканың 90 процентін күрішпен қамтамасыз етіп отыр десе де болады. Алайда, Сыр күрішшілері сонау 1947 жылы Ыбырай Жақаевтың қарауындағы 5 гектар күріштің әр гектарынан 171 центнерден дән жинап, орнатқан дүниежүзілік рекордын әлі күнге дейін жаңарта алмай келеді.

Күріш өсірудің ерекше әдісі қалай пайда болды?
50 жылдан астам уақыт күріш өсіру ісімен айналысқан Ыбырай Жақаев 1947 жылы әлемде алғаш болып гектарына 171 центнерден өнім алып, 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атанады. Дүниежүзілік соғыс жылдары ол басқарған звено гектарынан 80-90 центнер өнім алса, 1942-1967 жылдары аралығында звеноның орташа өнімі гектарына 80-92 центнерге дейін жетіп, жоғары өнімділік көрсетеді. Күріш өсіруден жоғарғы өнімділік көрсетуге Ыбырай Жақаев ойлап тапқан ерекше әдістің де көмегі көп болды. Бұл әдіс бойынша бірінші болып күріш жоңышқа атызына орналастырды. Тұқымды себу алдында күнге қыздыру, көң мен суперфосфат ерітіндісіне бөктіріп, бүршіктендіріп себу, қамыс және күрмек арамшөптерімен күресу, күріш егісіне тыңайтқыш енгізу мөлшері мен мерзімін дұрыс анықтау сияқты агротехника шаралар жүргізіледі. Аталған шаралардың арқасында «Сыр маржаны» әлемдік рекорд орнатып, кейінен бұл әдістер «Жақаев ­агро­техникасы» деп аталып кеткен болатын.

Сыр күрішшілерінің бүгінгі өнімділігі қандай?
Өңірімізде соңғы жылдары орын алып отырған су тапшылығына қарамастан, күрішшілер биыл орташа есеппен әр гектардан 59,8 центнер өнім алған. Ал, 2020 жылы 1 гектардан 61,8 центнер, 2019 жылы 60,3 центнерден күріш жинап, күріш өнімділігін жоғарғы деңгейде сақтап келеді. Дегенмен, елімізде күріштің жетілдірілген жаңа түрлерін ойлап табу жұмыстары кенжелеп қалған секілді. Олай дейтін себебіміз, көршілес Қытай елінде көптеген зерттеулердің нәтижесінде гибрид күріш өнімінен гектарына 220 центнер өнім алынып, әлемдік рекорд жаңартылған. Демек, технологияның жоғарғы жетістіктерін тиімді пайдалана алсақ, күріштің өнімділігін еселеп арттыруға мүмкіндік туады деген сөз. Бастысы Ыбырай атамыз айтпақшы, «Жердің құйқасын танып, қойнауын ашып, қазынасын ала білген әрдайым дәулетті болмақшы. Бақ та басында, атақта соның төңірегінде. Жалқау өзіне жау. Тек ерінбей еңбек етсек болғаны».

Рамазан ӘНӘПИЯ
23 қараша 2021 ж. 367 0