Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДИҚАН ЕҢБЕГІ ДӘРІПТЕЛДІ

ДИҚАН ЕҢБЕГІ ДӘРІПТЕЛДІ

Өткен аптада ақ күріштен тау тұрғызған, атақты күрішші, дән атасы Ы.Жақаевтың130 жылдығына орай Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде «Ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаев» атты кездесу кеші өтті. Кештің басты қонағы Сейітбек Ыбырайұлы жастарға дала академигінің өмір жолын, еңбекқорлығын айтып, дәріптеді.
Бүгінде күріштің атасы Ы.Жақаевты аға буын жетік білгенімен, кейінгі жасөспірімдер біле бермейді. Бұрынғыдай еңбек көрігін қыздырған адам да көп дәріптелмейді. Сондықтан,шара барысында аталған білім ордасының директоры Мейрамхан Мұсаханұлы халқымыздың алып перзентінің өнегелі өміріне, еңбек жолына қысқаша шолу жасады.
– Ол кісі 1891 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Қызыл ту ауылында дүние есігін ашады. Кеңес өкіметі құрылған тұста колхоздың қарапайым жұмысшысы болған.Атамыздың даңқы күріш өсірумен дүркіреді. 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген тәжірибе учаскесінің (5 га) әр гектарынан 172 центнер өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады. 1949 жылы осы еңбегі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Соғыс жылдарында Отан қорғау қорына 150 мың сом қаржы аударған ­Ыбырай Жақаев республикада алғаш болып күріш егісін жоңышқа атызына орналастырған. Оның ашқан жаңалығы өндіріске енгізілді. Бұл әдіс «Жақаев агротехникасы» деп аталды. Елімізде күріш атасының соңынан ерген ізбасарлар көп, – дейді М.Мейрамханұлы.
Сонымен қатар, №24 оқу тобының студенті А.Нұржанқызы еңбектің көзін тауып, байлықтың өзін тапқан қайраткер туралы баяндама жасады.
Даңғайыр диқанның ұлы С.Жақаев: «Әкем сабырлы, салмақты, ұстамды, ашудың емес, ақылдың, даудың емес, мәміленің адамы еді. Сөзге сараң, билік айтуға таласпайтын, көп көріп, көңілге түйгені мол болса да ақылгөйсінбейтін, сыр аша, сыр шаша бермейтін тұйық, жұмбақ тұлға-тын. Сөздің емес, нағыз істің адамы болатын. Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген екен. Еңбектің пайдасы – тәрбиелейді, жігерлендіреді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді, үнемшіл болуға үйретеді, ширатады, шынықтырады. Сол себепті, сендер де жақсы оқып, еңбектің адамы болыңдар» – деп батасын берді.
Шара соңына қарай, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің басшылығы С.Жақаевқа құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, кешті «Атамекен» әнімен қорытындылады.

Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА
09 қараша 2021 ж. 982 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930