Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала төсіндегі дара тұлға

Дала төсіндегі дара тұлға

Қазақ халқының тарихында ел еңсесін көтеріп, маңдай терімен туған жердің мерейін асырған еңбек адамдары аз емес. Солардың қатарында есімі Сыр өңірінің ғана емес, күллі қазақ даласының тарихымен біте қайнасқан, күріш өсірудің хас шебері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, аты аңызға айналған дала академигі Ыбырай Жақаев тұр.
Биыл халқымыздың даңқты перзенті, Сыр елінің мақтанышы Ыбырай Жақаевтың туғанына – 135 жыл. Ол 1891 жылы Сырдария бойында дүниеге келіп, жастайынан қарапайым еңбекпен шыңдалды. Бүкіл ғұмыры туған жердің қасиетін бағалаумен, диқаншылықтың қыр-сырын меңгерумен өтті. Күріш өсіруді өмірінің мәні деп білген еңбек адамы өз тәжірибесі мен ізденісін ұштастыра отырып, Сыр бойындағы ақ күріштің даңқын асқақтатты.
Жақаевтың есімі ең алдымен рекордтық өнімдерімен байланысты аталады. Алайда оның ұлылығы тек мол өнім алумен өлшенбейді. Ыбырай атамыздың басты ерекшелігі – еңбек мәдениетін қалыптастырып, өз тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретуі еді. Ол жастарды еңбекке баулып, жерді қадірлеуге, кәсіпті сүйіп атқаруға үндеді.
Халық арасында «Жақаевтың ақ күріші» деген ұғымның қалыптасуы да тегін емес. Ол Сырдың табиғатын, топырағын, суын терең зерттеп, күріштің әр кезеңіне аса жауапкершілікпен қарады. Диқанның әр ісінде тәжірибе мен табандылық, есеп пен ізденіс қатар жүрді. Сондықтан Ыбырай Жақаевтың еңбек жолы – бүгінгі ауыл шаруашылығы мамандары үшін де құндылығын жоймаған мектеп.
Еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында Ыбырай Жақаев ел алдында үлкен абыройға ие болды. Оның еңбегі жоғары мемлекеттік марапаттармен бағаланып, есімі кеңес одағы көлеміне танылды. Дегенмен, қарапайымдылықты серік еткен Жақаев үшін ең үлкен марапат – өзі еккен дәннің көктеп, халықтың дастарханына ақ береке болып баруы еді.
Бүгінде Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейдің басты міндеттерінің бірі – осы ұлы тұлғаның өмірі мен еңбек жолын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау. Музей қорындағы жәдігерлер, құжаттар, фотосуреттер мен тарихи материалдар арқылы келушілерге Ыбырай атамыздың тағылымды ғұмыры таныстырылады. Музейге келген әрбір жас ұрпақ Жақаевтың өмір жолынан еңбекқорлықтың, табандылықтың, қарапайымдылықтың және отансүйгіштіктің үлгісін көре алады.
Ыбырай Жақаевтың «еңбек етсең, емерсің» деген өмірлік ұстанымы бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қазіргі заманда технология мен ғылым қарыштап дамығанымен, жетістікке жетудің негізінде адам еңбегі мен табандылығы қала береді. Осы тұрғыдан алғанда, Жақаевтың өнегелі жолы – уақытпен үндесетін құндылық. Бүгінде Сыр бойының егіншілік дәстүрі жалғасып, ақ күріштің алқаптары қайтадан ел ырысын еселеуде. Бұл – кезінде Ыбырай атамыз секілді еңбек майталмандары қалыптастырған дәстүрдің сабақтастығы.
135 жылдық мерейтой – Ыбырай Жақаевтың есімін ұлықтап қана қоймай, оның өмірінен тағылым алатын, еңбегін бағалайтын ұрпақ тәрбиелеудің маңызды мүмкіндігі. Дала академигінің өнегесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, туған жерге қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала бермек.
Ыбырай Жақаевтың ғибратты ғұмыры – халқымыздың еңбек тарихының алтын парағы. Оның есімі Сырдың сайын даласындағы ақ күрішпен бірге аталып, ел жадында мәңгі сақталады.

Анар Қалекеева,
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру ­тарихы музейінің ғылыми қызметкері
25 тамыз 2026 ж. 22 0

Қоғам

АЛМА НЕГЕ ПАЙДАЛЫ?
25 тамыз 2026 ж. 31

ҚЫС ҚАМЫ – ЖАЗДАН

25 тамыз 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

№63 (9430).

22 тамыз 2026 ж.

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31