Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті де белсенді ұстаз

Білікті де белсенді ұстаз

«Патша қанша жерден ақымақ болса да, баласының ұстазының алдын кеспейді» дейді ежелгі гректің ғұламалары. Ал қазақта бұны «алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген Мағжаннан асырып айтпаспыз. Бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың тәрбиелі болмағы – қоғамның алғашқы сатысы, баланың тұңғыш түсер топтық ортасы – білім ордасы. Ал оларға жөн сілтеп, бағыт беруші ұстаз. Өз ісін ұлт тәрбиелеу деп түсінетін ұстаздың бірі – Гүлнар ­Абдукаликова.
Мұғалім – басқа сала мамандықтарына қарағанда, ең қиын, ең ізгілікті мамандықтардың бірі. Себебі басты міндет, ең құнды әрі маңызды мәселе – еліміздің ертеңі болып саналатын жас ұрпаққа терең білім мен сапалы тәрбие беру. Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» дегеніндей, ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымының мойнында. Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қиын да маңызды міндеттерді жүзеге асыра алатын, тек ұлағатты ұстаз.
Ең алғаш еңбек жолын 2007 жылы №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейде тарих пәнінің мұғалімі болып бастайды. Ұдайы өзін-өзі жетілдіріп, шәкірттеріне терең білім беруді мақсат тұтады. Адал еңбек, маңдай тер деген ұғымдарды оқушылардың санасына сіңіріп, өзі де 2015-2016 жылдары «Жас ғалымдар кеңесінің» төрайымы болып жұмыс істейді. Қоғамдық істерге белсене араласып, жаңа бастама, тың идеяларын ұсынып отырады. 2017-2018 жылдары №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейдің оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін уақытша атқарады. Одан әрі 2018-2019 жылдары аталған мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қолға алады. Өзіне жүктелген міндетті іске асыруда барын салатын Гүлнар Жақсылыққызы қазіргі уақытта тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде. Ізденімпаз ұстаз «Үздік тарих мұғалімі – 2013» байқауының І орын, «Үздік сындарлы сабақ – 2017» байқауының бас жүлде иегері. Сондай-ақ халықаралық «Білім шыңы» медалімен, «Наурыз шапағаты» 20 жылдығы, «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.
– «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ?» деп Мағжан ақынды оқып өстік. Елім деп еміренген қазақ алыптары бұл күндері қатарымызда болмаса да, өшпейтін өнеге қалдырып кетті. Мен ұстаз ретінде шәкірттерге білім берумен туған жерімнің өсіп-өркендеуі жолында өз үлесімді қосуды мақсат тұтамын, – дейді. Айта кетейік, бүгінгі кейіпкеріміз ұстаздық жолымен қатар республикалық «Праймериз» додасында бағын сынап көрмек. Ел мен жер мәселесінде кез келген азамат шетін қалмауы тиіс дейді ол.
Ескендір Зұлқарнайын «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель» десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеген екен. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек. Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
16 қыркүйек 2020 ж. 1 008 0