Білікті мұғалім – ұлт дамуының кепілі
Патша қанша жерден ақымақ болса да, баласының ұстазының алдын кеспейді дейді ежелгі гректің ғұламалары. Ал қазақта бұны «алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген Мағжаннан асырып айтпаспыз. Бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың тәрбиелі болмағы қоғамның алғашқы сатысы, баланың тұңғыш түсер топтық ортасы – білім ордасы.
Ал мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі белгілі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Демек мұғалім біліктілігі, бұл еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілдігі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білімді мұғалімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады. Осы жауапты міндеттің үдесінен табылып, жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтеріп жүрген ұстаздың бірі – Дина Өтегенова. Ол №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінің ағылшын пәні мұғалімі.
Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтып отыр. Жаһандық әлемде қарым-қатынастың басым бөлігі ағылшын тілінде жүргізіледі. Барлығымыз білетіндей қазіргі таңда ағылшын тілі әлемдік тілге айналды және басқа тілдермен бірге жақсы қарым-қатынас жасауға мүдделі. Ағылшын тілін үйретуде, әсіресе, мектеп оқушыларын оқытуда олардың барлық зейінін тілге бұру маңызды рөл атқарады. 30 жылға тарта еңбек өтілі бар Д.Айдарханқызы – сабақ берудің сан түрлі тәсілін меңгерген білікті маман. Оқушылармен тез тіл табыса кететін ұстаз әр баланың қарым-қабілеті мен бейіміне қарай тапсырманы да түрлендіріп береді. Тіл үйренудің маңыздылығын ұғындырып, үнемі ізденіс үстінде жүретіні бар. Ел асып білімімді дамытамын деген шәкірттерінің арманына қанат бітіріп, тілді жетік меңгерулеріне барынша жағдай жасайды. Қолы қалт ете қалса кәсіподақ ұйымының жұмысын жандандыра кетеді. 2007 жылдан бері кәсіподақ ұйымының төрайымы болып жұмыс істейтін Дина апай әр іске ерекше ыждағаттылықпен кіріседі. Содан болар қолы тиген іс гүлденіп шыға келеді. Мемлекет басшысы биылғы жылды еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Осы бағытта кәсіподак жанынан ерікті жас ұстаздар жасағы құрылып, игілікті іс-шараларды ұйымдастыруда. Тізбектей берсек үлгі аларлық тәжірибелі ұстаздың ұлағаты жетерлік.
Кулипа Амирова