Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Келешек – кемел білімде

Келешек – кемел білімде

«Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі» дейді Мағжан Жұмабаев. Сондай-ақ мұғалім болуды дүниедегі мамандықтың ең мәртебелісіне балайды. Бір күн әріп үйреткенге қырық күн сәлем береді. Өйткені, шыр етіп жерге түскен сәбиден бастап, еңкейіп еңкіш тартқан егде жастағылардың барлығы ұстаздан тәлім алған, ілім үйренген. Алайда, қазіргі таңда мұғалім мәртебесі азайып, беделі биіктеудің орнына төмендеп бара жатқандай көрінетін. Ұстаздарға қатысты жарияланатын қандайда бір жазбалар мен бейнебаяндар бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен бізге де тиеді. Ол жақсы жаңалық яки көңілге қаяу салатын хабар болса да, мұғалімге қатысты ақпардан бейхабар болмауға тырысамыз. Сол сияқты жақында жолданған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын да бей-жай қалдырмадық. Тарихи құжатта мұғалім мәртебесі, білім берушілердің беделі туралы тұщымды ой айтылды. Бұл білім саласының қызметкерлерін қуантты десем қате болмас. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысын алдағы төрт жылда екі есеге өсіретіні – педагогтар қауымына үлкен қолдау. Сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсыруы білімге қатысты тағы бір ерекше тұс. Бұдан бөлек Жолдауда егеменді елдің дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін, халық игілігін көздейтін міндеттер қойылып, ұсыныстар айтылды, жоспар жасалды. Алдағы уақытта бұл бастамалар жүзеге асып, болашағымызға бағдарлы жол салынады деген сенімдемін.

Ғ.Жосанов,
№244 орта мектебінің мұғалімі
21 қыркүйек 2019 ж. 803 0