Есімде қолға қалам ұстатқаның...

Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттап кірген күннен бастап еркелегімізді көтеріп, қателігімізді кешіріп, бізге сабақ бере жүріп сүйіспеншілікке баулыған да, жүрегімізді имани қасиеттерге толтыра отырып, махаббатпен тәрбиелеген де, өмірдің қыр-сырын үйреткен де – ұстаз. Таудай болып мектептен түлеп ұшқанда талабымызға тілекші бола білген, дұға-тілегіне шәкірттерін қоса жүретін Райхан Әймен ұстазымыз ұстахананың нағыз шебер ұстасындай. Бізді шыңдап, қайрап, қанатымызды қомдап, қалам ұстатып, әріп танытты. Екінші анамыздай болып, әрбір күн өткен сайын жанымыздан табылып, көңіл ұямызға тұрақтап қалған сізге деген ыстық махаббатымыз өлмек емес.
Мінекей, қазіргі таңда маған да сіздің жолыңызды қуып, ұстаз болу бақыты бұйырды. Әрі шәкіртіңіз, әрі әріптес болып қасыңызда жүріп, бағалы да құнды дүние жинақтадым. Балаларға сабақ беру арқылы сіздің бізге деген қаншама күш-қуатыңызды сарп етіп, үйретуден талмаған еңбегіңізді түсіндім. Ұстаздың жемісі – білімді де тәрбиелі шәкірт шығару екенін ұқтым. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай хакім айтпақшы, әрбір ісім жеңіске жетіп жатса, оның артында сіздің бір тамшы болса да еңбегіңіздің барын есте сақтаймын.
Әр атқан таңның атысы мен әр күннің батысы өзінің емес, шәкіртінің қамы үшін тынымсыз тірлікпен, үздіксіз ізденіспен астасып жататыны жасырын емес екен. Шәкіртін баласынан артық жақсы көретін ұстаздың бейнеті зейнетпен өрбісе біз үшін бұл да бір бақыт. Төрден орын алған қасиетті тұғырдан түспеңіз, менің алғашқы ұстазым!
Гүлжан Қыпшақбай