Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз туралы үзік сыр

Ұстаз туралы үзік сыр



Қай қоғамда болмасын адамзат үшін ең қажетті, ең киелі екі мамандық иесі бар. Ол дәрігер мен ұстаз. Білімді дәрігер – тәннің шипагері, білікті ұстаз – ой-сананың бапкері. Алғашқысына кездессең, жаның қалады, соңғысына тап болсаң, жолың болады. Тәлім-тәрбие ата-анадан, оқу-білім ұстаздан. Осы екеуі сәйкес келсе, талай ұрпақтың жұлдызы жанып, мәртебесі биіктейді.
Адам баласы «Ұстаз» дейтін ұлы ұғымды ұлықтап, беделін арттырса, тіршіліктің мәні еселенбек. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге. Талай ұрпақтың санасында есімдері мәңгілікке жазылып қалған ұстаздар, абзал жүректі ұлағат иелері Ә.Тәжібаев ауылында да көп. Осындай ұлағатты жандарды еске алып, еңбегін дәріптеу мақсатында №214 орта мектептің тіршілігінде үнемі шаралар ұйымдастырылып отырылады. Олардың ұрпақ тәрбиелеуде атқарған ерен еңбектері жайлы жас шәкірттерге таныстыру бүгінде мектеп дәстүріне айналған.
Аталмыш мектептің ұстазы болған Сәрсен Әбдікәрімді еске алу мақсатында «Жарқын бейнең мәңгі есте» атты шара өтті. Бұл күндері арамызда жоқ аяулы ұстаздың өмір жолына тоқталып, оны бейнеролик арқылы көрсетті. Сәрсен апайдың өмір жолы, рухани жан дүниесінің байлығы, адамға деген мейірімі ерекше болатын. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған адам. «30 жылдан астам мұғалімдік қызметте табысты еңбек етіп жүргенде қапияда айырылып қалдық. Тірлігінде бауырмалдығымен, көпшілдігімен, қандай істің қасынан табылып, ұйымдастырып жүретін. Жанашырлығымен ағайынға, дос-жаранға, жүрген ортасына сыйлы болды. Жүзінен күлкі кетпей, айналасына әзіл әңгімесімен нұр шашушы еді. Амал не, пейілін кең етіп берген пендесінің ғұмырын Алла қысқа қылды», – деді мектеп директоры Үсенхан Ахметов.
Өйткені өзі өмірден өтсе де, ұрпақ болашағына, тәрбие мен білім кеңістігіне қосқан елеулі үлесі ел есінен кетпейді. Ол сызу, технология, бейнелеу өнері, көркем еңбек пәнінен сабақ беріп, оқушылардың жүрегіне жол таба білді. Сондықтан аяулы ұстаз Сәрсен Әбдікәрім апайдың шәкірт тәрбиелеуге сіңірген өнегелі еңбегінің мектеп өмірінде алар орны бар. Осы шараны ұйымдастырып, бас қасында жүрген оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақытжамал Қалдыбек: «Сәрсен апай табиғатынан туа бітті ұстаз еді. Тіпті оқушылардың алдында адал, өзіне де, өзгеге де әділ бола білген мұғалім болатын. Ортамыздан кеткен ұстаздың еңбегі осылай ардақталмаса, басқа шара қалмады», – деп ақжарма лебізін жеткізді.
Сәрсен Сәдуақасқызы орталарында жоқ болғанымен «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген өсиетті өмірлік қағидаға айналдырған осы мектеп ұжымы бүгінде қыздар технология кабинетіне осы кісінің атын беріп, қолдан жасаған бұйымдарынан көрме жасады. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері Сәрсен апайдың сүйіп тыңдайтын әндерін айтып ортаға шықса, оқушылары апайына арнау оқып, сағыныштарын өлең арқылы жеткізді. Жиында туған-туыс, бауырлары тебірене сөз сөйлеп, мектеп ұжымына алғысын білдірді.

Ж.Ноғайбайқызы.
18 мамыр 2019 ж. 3 686 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930