Ұлағатты ұстаз бейнесі
Өмірде әр адам үшін мектеп табалдырығын аттағанда алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын тануға, оның сан қилы құбылысын терең ұғынуға мұрындық болып, жан дүниесіне нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілік қасиеттерге баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары сөзсіз. Одан бөлек білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандыруға сүбелі үлес қосатын ұлағатты ұстаздардың бейнесі еш ұмытылмайды, еңбегі еш ескерусіз қалмайды. Сондай тағылымы терең өнер иесі – Айжамал Әбдіхамитқызы.
Еңбек жолын №206 Жиделіарық сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастайды. Бірақ өмірдің ағымымен өзі тұратын Алғабас ауылына тұрмысқа шығып, №157 мектепке ауысады. Сол мектепте табан аудармастан 19 жыл мұғалім болып, 1986 жылдан зейнетке шыққанға дейін мектеп директоры қызметін атқарады.
Білгір ұстаз, білікті басшы еңбегі еленбей қалған жоқ. Кейіпкеріміз мектепте жұмыс істеп жүргенде-ақ ол басқарған ұжым 1989 жылы аудандық білім бөлімі өткізген семинарда үздік деп танылып, республикалық мақтау грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына байланысты облыс әкімінің, 2007 жылы облыстық әйелдер кеңесінің алғыс хаттарымен, 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты аудан әкімінің марапатына ие болды. Шиелі ауданының 80 жылдығы құрметіне облыс әкімінің грамотасын иеленді. Шиелі ауданының 90 жылдығы, Қорқыт Ата Университетінің 80 жылдығы, Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы медальдарымен және қарттар күніне байланысты облыстық ардагерлер ұйымының алғыс хатымен марапатталған. 2010 жылы Шиелі аудандық «Мейірімді ана» номинациясы берілді. Үш дүркін Жуантөбе ауылдық кеңесінің депутаттығына сайланды. 1990 жылдан бері Алғабас ауылы Жуантөбе ауылдық округінде әйелдер кеңесінің төрайымы қоғамдық қызметін атқарып келеді.
Абырой мен бедел биігінен көрініп жүрген Айжамал апай зейнет жасына шықса да, жазудан бас тартпады. Көп жылдан бері аудандық, облыстық басылымдарда қоғамның сан алуан қырын қалам тербеп, еңбегі ерен жандарды сөзбен өрнектеп келеді. Оның ішінде аудандық басылымда ізінен ерген аналарға, қыз-келіншектерге ақыл-кеңес, өсиет қалдырып, өзекті мәселерге өзіндік пікірін білдіріп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ қазіргі таңда аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі ретінде қоғамдық мәселелерді шешуде де өте белсенді.
Өз кәсібін сүймеген жанның ісі өрге домаламайды. Ал біз мақаламызға арқау еткен А.Әбдіхамитқызы – жас ұрпақтың жүрегіне үлкен із қалдыра білген ұлағатты жан. Ұрпақ тәрбиесіне ден қойып, шәкірттерінің биік шыңдардан көрінуіне сүбелі үлес қосқан ұстаз. Осындай абырой биігінен көрініп, қоғамдағы келелі мәселелерді қаламына түртіп, «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі қызметін атқарып жүрген Айжамал апай биыл жетпіс бесінші көктемін қарсы алуда. Мерекеңізбен, мәртебелі мұғалім, зейінді зейнеткер!
Фариза КЕНЖЕШОВА