Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлгілі ұстаз – өнегелі отбасы

Үлгілі ұстаз – өнегелі отбасы

«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп қазақтың ұлы педагогЫ Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері атанған кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – қырық жылға жуық уақыт Ақмая ауылындағы №49 мектепте химия пәнінің мұғалімі болған Бүркітбай Омарұлы. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Бүркітбай ағайды бүгінде шәкірттері ерекше ілтипатпен еске алады.
Ол ұлағатты ұстаз. Себебі, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған. Б.Омарұлы – Сырдария ауданының тумасы. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болды. Анасынан он жасында айырылған ол, балалық шағы соғыс кезеңіне сәйкес келгендіктен, әкесінің жанында жүріп еңбекке ерте араласқан. Жастайынан білімге құштар Бүркітбай ауылындағы жеті жылдық мектепті тәмамдаған соң бірнеше шақырымдағы көрші ауылдың мектебіне жаяу қатынап, орта мектепті үздік аяқтайды.
Мұғалім болу арманымен, жүрегі алып-ұшып тұрған жас жігіт мектеп бітірісімен Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына биология, химия және ауыл шаруашылығы негіздері мамандығы бойынша қабылданады. Оқуда озат, белсенді студент бос уақытында жұмыс істеп, ауылдағы әкесіне жәрдем беруді бір сәтке де естен шығарған емес. Институт қабырғасында жүріп, өзінен бір курс төмен оқитын семейлік ару Бибатима Уақбаевамен сөз жарастырады. Сол кездердегі үрдіс бойынша оқу бітірген жас мамандарды облыстың кадрлар жетіспейтін шалғай аудандарына жіберу дағдысы бар еді. Бұл екеуі де қолдарына дипломдарын алған соң сол уақыттағы Авангард, қазіргі Ақмая ауылындағы №49 орта мектебіне бірге жолдама алады. Еңбек жолын енді ғана бастаған қос ғашық 1961 жылы отау құрады.
«Жас келсе – іске» дегендей, аз ғана уақытта жас мамандар аталған мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. Жылдар өте Б.Омарұлы химия пәнінің, Бибатима Уақбаева болса қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті ұстаздарына айналды.
Бүркітбай Омарұлының қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіріп тұратын. «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» дегенді ұстанымына айналдырған ұстаз алдында отырған әр оқушының тәртібіне айрықша көңіл бөлетін. Сабақтан тыс уақытта үй-үйді аралап, ата-аналарға баласының үлгерімі жайлы хабарлап, ақылдасуды әдетке айналдырған. Оның осындай ақжарқын мінезі мен қызметіне деген адалдығы бүгінгі жас мамандар үшін үлгі боларлық дүние.
Ал Бибатима Уақбаева шәкірттерінің оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстазы бола білді. Ол талай балғынды шығарма жазуға машықтап, әдебиет әлемімен танысуға жол ашты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, қаншама дарынды жастардың өмір айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін берді. Қос ұстаздан тәлім алған оқушылары бүгінде білікті маман, лауазымды тұлғаларға айналған. Мәселен, белгілі ақын-жазушылар – Сәрсенбек Бекмұратұлы, Қатира ­Жаленова, Серік Байхонов, кәсіпкер – Амандық Құлахметов, биология ғылымының кандидаты – Амина Ботаева, химия және биология пәнінің мұғалімі– Мағрипа Кұлымбетова, білікті педиатр – Ұлбазар Бектұрсынова, танымал нейрохирург – ­Шынжырбай Оразмаханұлы секілді талай шәкірттер Бүркітбай ағай мен Бибатима апайдан білім нәрін сіңіріп, өмірлік жолдама алған.
Олар тек нағыз ұстаз ғана емес, өз отбасының мәуелі бәйтерегіне айнала білді. Екеуі төрт баланы дүниеге әкеліп, одан бес немере, төрт шөбере сүйді. Қырық жылға жуық ұстаздық ұлы жолды абыроймен алып жүрген қос тұлға 1997 жылы еңбек демалысына шығады. Ал 2017 жылдың 17 шілдесінде Бүркітбай Омарұлын кенеттен келген ажал жалмап, дүниеден озды.
Өмірлерін өнегемен өрнектеген қос ұстаз ұрпақтар жадында мәңгілік қала бермек. Оның дәлелі ретінде жуырда ғана өзі еңбек еткен мектептің мұғалімі Балқия Мұсатаева мен оқушысы Шұғыла Құдайбергенованың ұстаз Бүркітбай Омарұлы жайлы үлгілі еңбегі мен өнегелі өмірі жайлы жазған ғылыми жобасын айтуға болады.

Гүлхан ЯХИЯ

05 қараша 2019 ж. 1 312 0