Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Ұстаз болу – жүректің батырлығы


Ұстаз болу – бала жанының бағбаны болу. Баламен бірге күліп, бірге ойнап, бірге сабақ оқып, баланың жүрегінен жол табу. Бала үйреткеніңді іліп алып кетіп, болашақта кәдесіне жаратса, сонымен бірге шаттанасың, жетістікке жетсе «Менің шәкіртім» деп марқаясың, сәл сүрінсе қынжыласың, қисық кетсе түзетуге амал етесің. Ұстаз бен оқушының жаны өзара үнсіз байланысып жатады. Кейде оны мұғалімдер сырт көзге сездірмеуі мүмкін.
Алайда, шәкіртінің көңілін кірбің шалса, ұстаз да анасы мен әкесі секілді ет жүрегі езіледі. Тіпті, алдында отырған оқушының тұрмыс жағдайы төмен болса да аяушылық сезімін білдіртпей, сырттай болсын қолқабыс болып жүреді. Ал, егер жүрегі нәзік, көңілі жібектей бала көзіне жас алса, оны құрғатуға асығады. Оқушының жан дүниесі кір шалмау үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Оның болашағын туған баласын уайымдағандай алаңдайды. Ең ғажабы, ұстаздың мұндай сезімі тек бір балаға ғана арналмайды. Ол бір сәтте 20-30 оқушының анасы немесе әкесі бола алады. Әрі жыл сайын осындай балаларды аялап, мәпелеу, тәрбиелеу жұмысына өз еркімен, көңілі шаттана оралады. Осындай ерекше қасиетінің арқасында ұстаз шәкірт жүрегіне жол тауып, болашақ ұрпақты тәрбиелейді. Өн бойындағы ізгілік, мейірімділік, сүйіспеншілік мінездері баланы Отанды, елді, жерді, бауырларды сүюге баулиды. Ұстаз бойында кездесетін қамқорлық пен жанашырлық әр баланың жүрегіне қайырымдылықтың дәнін себеді. Кез келген мемлекетте адамның атқаратын рөлі орасан. Белгілі бір елдің халқы парасатты, тәрбиелі һәм білімді болса ол ел талайлардан топ жарып шығады. Сондықтан, қандай мемлекет болсын ең бірінші адам тәрбиесін бірінші орынға қояды. Демек, сол адамды тәрбиелеп, жетілдіретін ұстаздың да дәрежесі әрқашан биікте. Сондай биік дәреже деңгейінен түспей, шәкірт тәрбиелеумен қатар ұлттың ұлағатты ұрпағын өсіруде үлкен үлес қосқан жандардың бірі – Мерует Ибадулла. Ұлағатты жан 1968 жылы Шиелі ауданында дүниеге келіп, №46 А.Пушкин атындағы мектепте 10 жылдық орта білім алады. Мектептен түлеп ұшып, қанатын қомдаған соң жаңа өмірге қадам басып, мамандықтар әлеміне бет түзейді.
Иә, әр адам мамандық майданына әртүрлі жолмен келеді. Бірін бала кездегі арманы жетелесе, енді біріне мамандықты тағдырдың өзі таңдап береді. Біздің бүгінгі кейіпкерімізге де мұғалімдік қызметі маңдайына жазылған пешенесі десек қате емес. Себебі, М.Ибадулла бала кезінде ұстаздықты емес, тәртіп сақшысы болуды армандаған. Алайда, темірдей тәртіп пен білектің күшін қажет ететін саланы қыз баласына жат көрген ата-анасы оның Ташкентке барып, білім алуына қарсылығын білдіреді. Ата-ана тілегінен аттап кете алмаған Мерует мұғалімдік мамандығы бойынша емтихан тапсырып, бағын сынап көреді. Білім бәйгесінде оның бағы жанып, 1986 жылы қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға грантқа оқуға түседі. Бір қызығы, ауданнан оқуға тапсыруға барған бірнеше талапкердің арасында тек Меруерт қана мұғалімдік мамандыққа түскен. Ал, қанша уақыт ұстаз болуды армандап, талпынып тест тапсырған талапкердің бірде біреуі грант негізінде оқуға түсе алмаған. Бұл сәйкестіктің өзі Меруерт Абибуллақызының мұғалімдік қызмет үшін жаралғанын сездірсе керек.
Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, Меруерттің алғашқы еңбек кітапшасы 1991 жылы №21 бекеттегі №249 мектепте жас маман ретінде ашылады. Ол жақта алғаш рет орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ал, келесі яғни, 1992 жылы кенттегі №244 Ы.Жақаев атындағы мектепте 2003 жылға дейін шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Жұмыс барысында тәжірибе жинақтап, жыл өткен сайын мамандығының майталманына айналады. Әуелбастан тәртіп сақшысы болуды армандаған Мерует сабақ уақытында да тәртіпті қатаң қадағалайды. Жұмысқа алғаш кіріскен сәттен бас­тап оқушы мен мұғалім арасындағы байланысқа аса мән беріп, арада қанша уақыт өтсе де тек оқушыны ғана емес, ұжымдастарына да тыңдай және тыңдата біледі. Өзінің айтуынша, М.Абибуллақызының бойында басшылық қасиет басым. Содан болар ол 2004 жылы Алғабас ауылындағы №157 орта мектепке ғылыми орынбасар болып жұмысқа тұрады. Кейін аталған мектепте 2008 жылдан бастап мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Бірақ, орынбасар болдым екен деп шәкірт тәрбиелеуді қалыс қалдырмайды. Басшылық қызмет пен ұстаздық міндетті қатар ұстап, ұжымда абыройлы ұстаздардың біріне айналады.
Ұжымды ұйыстырып ұстап, оқушының ойындағысын дөп басып айтып, шәкірт болашағының бұлыңғыр болмауын қатаң қадағалайтын Меруерт Ибадулла жұмыстастарының арасында ғана емес, ағайын-туыс пен ауыл ішінде де абыройлы. Ол телегей теңіз секілді білімімен ғана емес, өн бойындағы өзіне ғана тән ерекше мінезімен де оқушыларға үлгі.

Фариза КЕНЖЕШОВА,
штаттан тыс тілші

25 мамыр 2021 ж. 1 964 0