Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметке лайық жандар

Құрметке лайық жандар

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу -сезімнің ақындығы» деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, киелі Шиелі ауданында сөзі маржан, үні әсем ұстаздар баршылық. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Ұстаздар мерекесі құрметіне №159 «Еңбекші» қазақ орта мектебінде “Ұстаздар – ұлы тұлғалар” атты ардагер мұғалімдердің қатысуымен шара өтті. Мерекелік кешке саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған, зейнеттегі ұстаздар қатысты. Мектеп директоры Ерсаид Жүсіпов ардагер ұстаздарға тілегін арнап, іс-шараны ашып берді. Мәртебесі биік, сауат ашып, әріп үйрететін мамандық иелеріне 5-9 сынып оқушыларынан құралған Шаңырақ қауымдастығының «Атамекен» тобы концерттік бағдарлама ұсынды. Оқушылар ардагер ұстаздарға өз жүрегінен шыққан арнаулары мен гүл шоқтарын сыйға тартты. Ғибратқа толы ғұмырын, тәжірибеге толы еңбек жолын білу мақсатында шәкірттері сұхбат жүргізіп, естеліктерімен бөлісті. Шығармашылық ізденістерімен ерекшеленетін оқушылар бейнеролик көрсетіп, мектеп ұстаздарына сұрақтар қойды. Мың бұралған “Балауса” би тобы өнерін көрсетіп, ана туралы ән және монолог оқып, көрермендердің жүрегін елжіретті. Қорытындылай келе кәсіподақ ұйымының төрайымы Ұлжан Бексейітова ардагер ұстаздарға өз тілегін білдіріп, аудандық кәсіподақ комитенің ұйымдастыруымен берілген сыйлықтарды тарту етті. Кешегі ұстаз бен бүгінгі білім алушының сабақтастығын, ұрпақ жалғастығын насихаттау арқылы “Ұстаздар – ұлы тұлғалар” атты мерекелік іс-шара ардагерлердің ақ батасымен аяқталды.


Б.Абуталипова,
№159 «Еңбекші» қазақ орта мектебінің мұғалімі
22 қазан 2019 ж. 878 0