Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЛДАН ШЫҚҚАН ҚҰНДЫЛЫҚ

ҚОЛДАН ШЫҚҚАН ҚҰНДЫЛЫҚ

Еңбекші ауылындағы мәдениет үйіне күн еңкейе берген шақта кірсеңіз, бір бөлменің шамы әлі сөнбейді. Терезеден түскен бозғылт жарық пен ішкі жарықтың астында жіп иіріліп, ине қозғалып жатады. Әрине, бұл жай ғана үйірме емес, үнсіз еңбек пен ұлттық рух тоғысқан қасиетті кеңістік. Кешегі аналардың сарқытындай болып жүрген, осы шағын әлемнің жүрегі – Жанат Нұрылла.
Әлбетте, қазақ халқы үшін қолөнер – тұрмыстың ғана емес, рухтың да айнасы. Әрбір өрнек, әрбір түйін, әр тоқылған бұйымның ­бойында тұтас бір халықтың тарихы, дүниетанымы мен өмір философиясы жатыр. Осындай кезеңде атадан қалған өнерді тірілтіп, оған екінші тыныс беріп жүрген жандардың еңбегі еленуі қажет.
Қолөнер – тек бұйым жасау емес, ол – сабыр мен төзімділікке, әсемдік пен үйлесімге баулитын үлкен мектеп. Жанат Әділбекқызы осы өнердің мәнін терең түсінген жан. «Менің мақсатым – осы өнерді болашаққа жеткізетін рухани бай, жан-жақты ұрпақ тәрбиелеу» дейді өзімен тілдескенімізде. Байқасаңыз, бұл сөздің салмағы ауыр. Себебі бүгінгі қоғамда қол еңбегіне сабырмен ден қою – үлкен төзімді талап етеді. Ал кейіпкеріміз сол төзімділікке өзі үлгі болып келеді.
Үйірме жұмысы тек оқушылардың бос уақытын тиімді өткізумен шектелмей, олардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, еңбекке деген сүйіспеншілігін арттырады. Әрбір тоқылған бұйымда – ұлттық нақыш, әрбір үйретілген әдісте – ата-бабадан қалған тағылым бар.
Шебердің қолынан шыққан дүниелердің ауқымы да кең. Ол тек қолөнермен шектелмей, тоқыма тоқу, балаларға арналған киімдер мен ойыншықтар, аяқ киімдер дайындаумен айналысады. Тіпті ұмыт бола бастаған текемет басу өнерін қайта жаңғыртып келеді. Осының өзі ұлттық мәдениетті сақтаудың нақты көрінісі. Өйткені текемет – қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, терең мағынаға ие өнер туындысы.
Бұрындары моншақтан әшекей бұйым тоқу қарапайым хобби ретінде қабылданса, бүгінде Жанат Әділбекқызының еңбегі арқылы ол ерекше өнерге, тіпті табысты кәсіпке айналып отыр. Қолөнердің заман талабына сай жаңғырып, жаңа деңгейге көтеріле алатынын дәлелдейтін айқын мысал.
Еңбектің еленбеуі мүмкін емес. Түрлі байқау мен жарыста бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, Түркістан облысында ашылған қолөнершілер қалашығында облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, І дәрежелі диплом иеленді. Сонымен қатар «Үздік үйірме жетекшісі – 2025» облыстық байқауында І орынды жеңіп алуы, оның қажырлы еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және өз ісіне деген адалдығының айқын дәлелі.
Кейіпкеріміз үшін қолөнер – жай ғана кәсіп емес, өмірлік ұстаным. Ол ұлттық өнерді дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруді, өткен мен бүгіннің арасын жалғауды мақсат етеді. Осындай жанашыр жандардың арқасында қазақтың қолөнері ұмытылмай, болашаққа нық қадам басып келеді.
Ұлт өнерін ұлықтап, атадан қалған асыл мұраны жаңғыртып жүрген шеберлер барда, қазақтың рухани байлығы да, мәдени келбеті де биіктей бермек.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
10 ақпан 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728