Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДЫҢ СӘНІ – ЖҰЛДЫЗДЫ ҚҰРАҚТЫҢ СЫРЫ

СЫРДЫҢ СӘНІ – ЖҰЛДЫЗДЫ ҚҰРАҚТЫҢ СЫРЫ

Жылдар жылжып, ғасырлар артта қалғанымен, ұлттық өнердің жалыны еш сөнбейді. Биыл Қызылорда қаласы астана мәртебесіне ие болғанына 100 жыл толған мерейлі сәтті ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Осы ұлы оқиға құрметіне ұйымдастырылған «Сыр шеберлерінің жұлдызды құрағы» көрмесі – өткен мен бүгіннің алтын көпірі, халқымыздың рухани байлығын дәріптеудің айқын дәлелі.
Қыркүйек айының 25-і күні Қызылорда қаласының орталық алаңында ұлттық қолөнердің керемет үлгілері көз тартып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Облыстың әр өңірінен келген жүзден аса қолөнер шебері ұлттық нақыштағы құрақ көрпелерін кең көлемде паш етіп, қазақ даласының өрнекті өнерін жаңғыртуға үлес қосты. Көрмеде әрбір тігіс – ата-бабалардың үміті мен арманын арқалағандай, әр өрнек – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұраның жалғасы іспетті. Бұл ұлы шара – халқымыздың мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық қолөнердің тамаша үлгісін жастарға жеткізуге арналған тағылымды оқиға болды. Мұнда тек өнер ғана емес, әрбір туынды арқылы өткен тарихтың өзін сезіну, ұлттық болмыстың биігінен қарау мүмкіндігі туды. Шараның сәнін арттырғандардың бірі – Шиелі ауданы, Ақмая ауылының №49 орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі, Қазақстан Шеберлер Одағының кандидаты Баян Көпжасарова болды. Ол – ұстаздық пен шеберлікті ұштастыра білген жан. Оның шәкірттері республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі өнер сайыстарынан жеңіспен оралып, ұлттық мәдениеттің көгінде жарқырап жүр. Баян ханымның еңбегі – ұлттық дәстүрдің ұрпаққа аманат болып жалғасуының жарқын үлгісі. Ұлттық қолөнер – бұл халықтың өткенінен бүгінгі күнге дейінгі өмір жолының айнасы. Әр түйір матада, әр өрнекте қазақтың асқақ рухы, атабабалар арман-мақсаты, ұлтымыздың тұтастығы мен бірлігі жатыр. «Жұлдызды құрақ» көрмесі – сол құндылықтарды қайта түлетіп, жас ұрпаққа ұғындырудың маңызды қадамы болды. Бұл шараның басты маңызы – ұлттық өнердің қайталанбас үлгілерін халыққа паш етіп, мәдени мұраның сақталуына ерекше серпін беру. Қазақтың қолөнер шеберлері «жұлдызды құрақ» арқылы халықтың жүрегінде ұлттық рухты жандандырып, ұрпаққа патриоттық сезімін сіңіруде. Осылайша, «Сыр шеберлерінің жұлдызды құрағы» – қазақтың ұлттық өнерін жаңа белеске көтерген, тарих пен бүгіннің арасындағы алтын көпір. Мұндай рухани жаңғырулар елдің мәдени дамуы мен болашағының жарқын кепілі.

Айнұр ИБРАШЕВА


14 қазан 2025 ж. 46 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

№77 (9344)

11 қазан 2025 ж.

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031