Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолөнер шеберлері

Қолөнер шеберлері

Қолөнер – біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз. Ол бірнеше ғылымдардың дамуынан,тоғысуынан пайда болған өнер туындысы. Бүгінде халқымыздың қолөнері қарқынды дамып келе жатыр. Ұлттық қолөнер салт-дәстүрімізді жетілдіріп, мәдениетіміздің озық жетістігін көрсетуде. Халық өнерінің бай мұраларын сұрыптай отырып, заманымызға сай сапа, түр беру әдісімен оларды әрі қарай дамыту, оны бүгінгі ұрпаққа меңгерту – игілікті іс.
Осы жағынан алғанда ұлттық қолөнердің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндігі жоғары. Өйткені ұрпақ тәрбиесіне, санасына әсер етіп, қабілеттерінің жетілуіне, белгілі бір кәсіпке бейімделуіне көмектеседі. Қазақ халқының қолөнері әлем халықтарына мақтанышпен көрсететін көрме. Оған дәлел біздің киіз үйіміз бен оның ішіндегі көз жауын алатын сәндік қолөнер бұйымдары. Қазіргі кезде қолөнер қарқынды дамып ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Осының айғағы ретінде екі бірдей қолөнер шеберімен тілдесуді жөн көрдік. Екеуінің де жеткіншек кезінен ине мен жіпке деген қызығушылығы оянған. Олар аналары мен әжелерінен көрген құрақтың түрлері мен көркі көз тартып, өзіне баурап алғанын айтады. Құрақ жалпы әйел баласының ісмерлігін ғана емес, шыдамдылығын да шыңдайтын өнер. Құрақтың тарихы тереңде жатыр. Тәрбиелілік мәні зор. Құрақ аты аталып тұрғандай түрлі мата қиындыларынан ысырап жасамай, құрау арқылы жасалады. Үйдің сәнін келтіріп қана қоймай тіл-көзден сақтайды. Көздің жауын алатын түрлі-түсті құраққа деген құмарлық екі ісмер келіншектің де өз кәсібін бастауға түрткі болады. Олар қолөнер арқылы адалынан нанын тауып, отбасын асырап, «Қолыңнан келсе іске» деп ине-жіпке, қайшыға қаймықпай сүйіспеншілікпен сүйеніп отырған жандар.

Баяғыдай іздегеніңді таппайтын заманның уақыты өткен. Қолынан іс келетін адамға қазіргі қоғамда ыңғай мен жағдай жасалған. Түрлі бағдарламалар арқылы ісігіңізді өрге домалата аласыз. Ұстаздық пен қолөнерді қатар алып жүрген Ұлбазар Әділованың қолынан шыққан бұйымдарына күн санап сұраныс артып келеді. Кішкентайынан атасының қамшы жасағанын, анасының ілмекпен түрлі киім мен кілем тоқығанын көріп, қызығушылығы артқан бала Ұлбазардың көңілі ұстаздықпен ұштасқан. №46 А.Пушкин атындағы мектеп және аудан атынан түрлі жарыстарға қатысып облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Кейіпкеріміз арнайы көркем еңбек пәнінен сабақ беру үшін, білген-көргенін балаларға үйретуге бекініп, тігінші-технолог мамандығында білім алады. Бүгінгі үй шарушасындағы қажеттілік көрпе, көрпешеден бастап, пейзажды гобелен әдісімен қабырға суреттерін тоқып, әдемі бейнелейді. Құрақ құраудың шеберіне көбіне «тырна құрағы» арқылы жастық тысына және көрпе, көрпеше, оның ішінде мақта салып қаптау, көктеп тігу, сырмақ салуға сұраныс көп.
Келесі кейіпкеріміз Айзат Есмұратованың қызығушылығынан туған ізгі арманы 2012 жылы бесік жасауы, көрпе-төсек, құрақ көрпеше тігуден бастау алды. «Аққу, сегізжапырақ, шахмат, гүлқұрақ, тырнақатар, оюлы, ши құрақ сынды құрақтар көрпешенің әрін келтіреді. Қолөнердің арқасында қазір ісмер, шебер жандардың қатарындамын. Кез келген құрақ пен ою-өрнек түрлерін қыз жасауына, бесік жасауына, ұлттық киімдерге нақыштап тігіп беремін» дейді Айзат Дүйсенбекқызы. Он саусағынан өнер тамған ісмер келіншектің қолөнер туындылары тұрғындар арасында жоғары бағаланып, тұтынушылардың алғысына бөленіп жүр. Қазір Астана мен Шиелі арасындағы тапсырыс жиілеп, жан-жақтан сұраныс көбейген. Айзаттың айтуынша, ұлттық киімдерге тапсырыс көп. Түрлі сапада қалауыңызға қарай тастармен бедерлеп, оюлармен көмкеріп сәукеле, тақия, жаулық, бешпент, кимешек, қажекей, қамзол, күрте, шапан, жейде тігіп береді. Сәбиді қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндет той, тілашар, шымылдық, ұзату көйлегі, ақ жол сынды салт-дәстүрлердің барлығы қазақы нақыштағы ұлттық қолөнер туындыларынсыз жөн-жоралғы жасалмайтыны белгілі. Осыған орай тапсырыс пен сұраныста көп. Оған бірден-бір себеп Рухани жаңғыру бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асуы.

Ақбота Баянбай
17 қараша 2020 ж. 3 824 0