Оралда ұмыт қалған қолөнер түрлері жаңғыртылмақ
Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында ерекше шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қызылордалық қолөнер шеберлері Жақсыгүл Жармақанова мен Күлайша Жаңашева табиғат аясында шеберлік сабақтарын өткізіп, киіз басудан, ши және алаша тоқудан өз білгендерін ортаға салды. Ұршық иіруден бастап, өрмек өрудің қыр-сырын баяндап, жиналғандардың сауалына жауап берді. Шеберлер жасы 80-ге жақындағанына қарамастан әлі де белсенді. Олар ұлттық өнерді өскелең ұрпаққа үйретуді, баба мұрасын болашаққа жалғауды парызымыз деп біледі. Жайық жеріне де әжелер «Жайлаудағы бір күн» фестиваліне арнайы шақырту бойынша келіпті.
Күлайша Жанашева қолөнер шебері:
- Түйенің шудасынан иіріп аламыз, мықтылау болады. Қойдың жүнінен көбіне киіз басамыз, түр киіз, тұс киіз дейді, кәдімгі үйдің ішіне төсейтін киіз. Оған да осындай түр саламыз. Бұл енді сәндікке әдемі, әрі жылы болады.
Айболат Құрымбаев, шараны ұйымдастырушы:
- 200-дей шеберлер бар, бағыттары алуан түрлі. Бірақ алаша тоқу, ши тоқу деген бізде ұмыт қалған. Қазіргі уақытта олардың кейбірі біледі, кейбірі бала кезде көрген. Бірақ соны қайта бастау алу үшін әжелеріміз келіп, шеберлік кластарын өткізіп жатыр. Бұйырса, біздің өңірде де алаша тоқу, ши тоқу өнері қалпына келеді деген ойдамын.
24.kz