ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – ТӘРБИЕ КӨЗІ
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде сан ғасырлық тарихи тамырымыз бен мирас болып келе жатқан атамұра өнерімізді, өзге елден ерекшелеп тұратын салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды және тілдік ерекшелігімізді насихаттау мақсатында «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты іс шара болып өтті. Шарада республикаға белгілі қолөнер шебері Зухра Баймырзаева мектеп оқушыларымен кездесіп, өнердегі жеткен жетістіктері жайлы айтып, асқақ арманның шыңына жету үшін әрдайым ізденісте болу керектігі туралы баяндады.
Ол, Алматы қаласындағы О.Таңсықбаев атындағы көркем сурет колледжін тәмамдаған. Мұнан соң, білімін Тараз қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында жалғастырып, «Қыш өнер» мамандығын игереді. 20 жылға жуық тәжірибесі бар маман көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қолөнер шеберінің бес саусағынан туған туындылары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде де қойылды. Бүгінгі күні Көкшоқы елді мекеніндегі «Арман» мәдениет үйінде өзінің мамандығы бойынша шәкірттер тәрбиелеуде. Шараға қатысқан №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектеп оқушылары сұрақтарын қойып, кеңес алды.
Е.ДАТҚА.