Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Даламыздың үнісің сен домбыра

Даламыздың үнісің сен домбыра


Күмбірлеп қос ішектен төгілген күй, қазақ даласын ерекше ырғағымен тербеп тұрғандай. Халықтың қазынасы, құнды мұрасы да осы домбыра. Жуырда Елбасы Н.Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы Жарлыққа қол қойды. Бабадан қалған қара домбыраны қалай дәріптесек те жарасады. Бұл домбыра – қазағымның тілі, даламыздың үні болып бүкіл болмысымызға еніп кеткені белгілі.
1 шілдеде Астана төрінде Ұлттық домбыра күні тойланып өтті. «Қазақ елі» алаңында өткен іс-шара барысында дирижер Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен 2 мыңнан астам өнерпаз бір оркестр ретінде домбырамен қазақтың белгілі күйлерін орындады. Рухани құндылығымызды ұлықтаған салтанатты шараға мемлекет басшысы Н.Назарбаев қатысты.
– Жақында менің жарлығыммен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп жарияланғанын білесіздер. Бүгін бұл мерекені еліміздің барлық өңірі атап өтуде. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы.«Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Біздің мәдени құндылықтарымыз бен дәстүріміз қос ішектің үні мен күмбірлеген күй арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Ұлттық домбыра күнінің Астанада – тәуелсіз Қазақстанның жүрегінде дүниеге келуінің символдық мәні бар – деді Нұрсұлтан
Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы домбыра мен күйдің ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгенін де тілге тиек етті.

Аталмыш шараға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы: «Қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, оның жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізе білген сенімді серігі. Ұрпақтан-ұрпаққа бабалардың үнін жеткізіп, ұлы даланың сазды сарынын жырлаған да домбыра. Бүгін қасиетті домбыраны қолына алып, осы мерекені атап өту үшін үлкен-кіші қалаларда халық алаңға күймен шықты. Астанада Елбасымыздың қатысуымен екі мыңнан астам домбырашы бір уақытта күй шертті! Мерекенің тұсау кесер рәсімі осылай өтті. Жылдар өте бүкіл қазақ халқы осы мерекеге бәрі домбыра ұстап, шаттық күйін шертеді деп кәміл сенемін» – деп жазды фейсбук парақшасында.
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген мерекелік шараның кең ауқымда тойлануы ұлттық кодымызды сақтай отырып, рухани жаңғыруға бастайтын бір қадам іспеттес болды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
03 шілде 2018 ж. 2 032 0