Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕР МЕН ТӘРБИЕ ТОҒЫСҚАН ОРТА

ӨНЕР МЕН ТӘРБИЕ ТОҒЫСҚАН ОРТА

Қай кезеңде де өнер – ұлттың ­рухани тірегі, ал тәрбие – болашақтың берік іргетасы. Осы екі асыл құндылық бір арнаға тоғысқанда ғана саналы ұрпақ, мәдениеті жоғары қоғам қалыптасады. Осындай ізгі мақсатты ту еткен мәдени ошақтың бірі – Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйі.
Тарихы терең бұл мәдениет ордасы бүгінде тек өнерді насихаттаумен шектелмей, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне бағытталған маңызды орталыққа айналып отыр. ­Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мәдениет үйінде өнердің әр саласын қамтитын оннан астам үйірме тұрақты жұмыс істейді. Үйірмелердің басты ерекшелігі – өнер арқылы тәрбие беру. Қолөнер мен сурет үйірмелерінде балалардың қиялы дамып, ұқыптылық пен сабырлылыққа үйренсе, би үйірмесінде тәртіп пен жауапкершілік, салауатты өмір салты қалыптасады. Түрлі ұлттың билерін меңгеру арқылы жас жеткіншектер әлем мәдениетіне құрметпен қарауды үйренеді.
Мәдениет үйінің ұжымы жыл бойы мазмұны мен мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор жүзден аса мәдени-көпшілік шара ұйымдастырып келеді. Аталған шаралар қоғамның барлық санатын қамтып, бала тәрбиесінен бастап, ұлттық дәстүрді ұлықтауға дейінгі ауқымды бағытты көздейді. Әсіресе балабақша бүлдіршіндері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік ертеңгіліктер – адамгершілік пен мейірімділіктің нақты көрінісі.
«Арман» мәдениет үйінің тәрбиесін көрген өнерпаз өрендер аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, мекеме абыройын асқақтатып жүр.
Деректерге сүйенсек, «Арман» мәдениет үйінің ғимараты 1991 жылы бой көтерген. Алғашында ауылдық клуб «Арман» болып ашылып, кейінірек кинотеатр ретінде қызмет жасағанын көнекөз қариялар жиі айтады. Алайда апаттық жағдайда болған соң, қолданыссыз қалған. 2007 жылы «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне берілген. 2015 жылдың 1 қарашасына дейін «ҚазАтомӨнеркәсіп ҰАК» АҚ «Қазатомөнеркәсіп – Демеу» ЖШС-нің еншісінде болған. 2 қараша 2015 жылдан бастап Шиелі кенті әкімдігінің «Арман» мәдениет үйі КМҚК болып қызмет атқаруда. Қазіргі таңда мекемені Нұргүл Шалекеева басқарып келеді.
– Арман мәдениет үйі – кент тұрғындары үшін тек мәдени нысан ғана емес, рухани өмірдің маңызды орталығы. Қазір мұнда түрлі шара, үйірме мен кездесу тұрақты өткізіледі. Алдағы уақытта да мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтып, жастар мен тұрғындардың шығармашылығын дамытуға бар күшімізді саламыз, – деді мәдениет директоры Нұргүл Тәңірбергенқызы.
Өнер мен тәрбиені егіз ұғым деп білген мекен ұлттық рухты жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ізгілік дәнін себуді басты міндет санайды. Осындай орталар барда елдің рухани тұғыры нығайып, болашаққа деген сенім арта түсері сөзсіз. «Арман» мәдениет үйі – осының айқын дәлелі.

А.ИБРАШЕВА
23 желтоқсан 2025 ж. 32 0

Қоғам

ӨНЕР МЕН ТӘРБИЕ ТОҒЫСҚАН ОРТА
23 желтоқсан 2025 ж. 33

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031