Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП, ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫ

ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП, ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫ

Адам ғұмыры кейде бір сәттік жарқылмен емес, жылдар бойы үзілмей жанған еңбек шырағымен бағаланады. Таңның атысы, күннің батысы, жауапкершілік пен тәртіпке толы күндер бір адамның тағдырын қалыптастырады. Осындай қажырлы еңбегімен, сабырлы мінезімен ел құрметіне бөленген азаматтардың бірі – Жаңабай Әлібекұлы.
Ол 1965 жылдың 1 қаңтарында Шиелі ­ауданына қарасты бұрынғы Қызылту совхозы, қазіргі Ы.Жақаев ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауылдың қоңыр тіршілігінде өскен Жаңабай жастайынан еңбекке бейім, тәртіпке берік болып қалыптасты. 1972-1982 жылдары мектеп қабырғасында білім алып, өмірге қажетті алғашқы қағидаларды бойына сіңірді. Ал 1983–1985 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп, темірдей тәртіп пен төзімділіктің нағыз мектебінен өтті.
Әскерден елге оралған жас азамат 1985 жылы НУС мекемесінде құрылысшы болып еңбек жолын бастады. Қол еңбегінің қадірін түсініп, маңдай тердің бағасын білген ол қай істі де жауапкершілікпен атқарды. 1988 жылы аудандық электр торабы бөліміне электромонтер болып жұмысқа орналасуы оның өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Бұл салада ол өз ісіне деген ұқыптылығы мен ізденімпаздығының арқасында тәжірибе жинап, аға диспетчер қызметіне дейін көтерілді.
2005 жылдан бері кейіпкеріміз «РУ-6» ЖШС-нің «Қарамұрын» кенішіндегі №2 геотехнологиялық учаскесінде электромонтер болып үздіксіз еңбек етіп келеді. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде ол 4-санаттағы жұмысшыдан бастап, бүгінде 6-санаттағы жоғары білікті маман деңгейіне жетті. Өндірістегі әрбір сым, әрбір тетік оның қолынан өтіп, электр қуатының қауіпсіз әрі үздіксіз берілуіне қызмет етуде.
Ұжым ішінде ол іскерлігімен ғана емес, адамгершілігімен, парасатты болмысымен де сыйлы. Ол өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалыққан емес. Бүгінде оның тәлімін алған бірнеше шәкірттері жоғары лауазымды қызметтерде еңбек етіп жүр. Қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі жоғары бағаланып, ол көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының атом саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Заслуженный работник атомной отрасли» атағының ІІІ және ІІ дәрежелі құрмет белгілерімен марапатталуы, әр жылдары бас директордың, аудан әкімінің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК басқарма төрағасының алғыс хаттары мен құрмет грамоталары – оның еңбегіне берілген әділ баға.
Өндірістегі қажырлы еңбегіндей, отбасы алдындағы парызын да адал атқарып келеді. Екі ұл өсіріп, бес немере сүйген азамат үшін отбасы – өмірінің тірегі, рухани байлығы.
Олай болса, темірдей тәртіп пен қажырлы еңбекті серік еткен кейіпкердің өмір жолы – нағыз еңбек адамына тән тағдыр. Оның ғұмыры маңдай термен жазылған, ал еңбегі елге қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала бермек.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
31 желтоқсан 2025 ж. 26 0

Қоғам

ҚАЛАМЫНЫҢ ҰШЫНДА ЕЛ ҮНІ БАР
31 желтоқсан 2025 ж. 31

ЗАУЫТТАҒЫ 20 ЖЫЛ

31 желтоқсан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (9366)

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031