Әр іске маңдайының тері тамған
Өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосып, саналы ғұмырында аянбай еңбек еткен ардақты азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Саналы ғұмырында колхоздың білікті маманы атанып, туған жердің сүйікті перзенті ретінде көпшілік алғысына бөленген – Әлмат Меңлібаев сондай ардақты азаматың бірі еді.
«Адам – еңбекте алтын – отта» танылады демекші қарапайым еңбегімен ауылдастарының ғана емес кезінде бүкіл ауданға, облысқа танымал болған тындырымды ісімен көптің мақтанышына айналып, құрметіне бөленген Ә.Меңлібаев ауыл шаруашылығын дамытуда өзіндік орны бар, осы салаға қомақты үлес қосқан азамат. Уақыттың аласапыран кезінде дүние есігін ашқан Әлмат аға кезінде қиын кезеңдердің ащы-тұщысын көріп, ерте есейіп, өмірдің талабына сай еңбек етіп, жастық шақтың талайын алмағайып заманның көшімен өткізеді.
«Адам – еңбекте алтын – отта» танылады демекші қарапайым еңбегімен ауылдастарының ғана емес кезінде бүкіл ауданға, облысқа танымал болған тындырымды ісімен көптің мақтанышына айналып, құрметіне бөленген Ә.Меңлібаев ауыл шаруашылығын дамытуда өзіндік орны бар, осы салаға қомақты үлес қосқан азамат. Уақыттың аласапыран кезінде дүние есігін ашқан Әлмат аға кезінде қиын кезеңдердің ащы-тұщысын көріп, ерте есейіп, өмірдің талабына сай еңбек етіп, жастық шақтың талайын алмағайып заманның көшімен өткізеді.
Ол Шиелі ауданының Талаптан ауылында 1940 жылдың 7 қарашасында дүниеге келген. Ел еңсесін енді көтере бастағанда, яғни 1947 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1958 жылы №50 Абай атындағы мектепті бітіреді. Қызыққа тоймас думанды күндер артта қалып, ел алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін 1959-1962 жылдар аралағында Совет-Армиясы қатарына шақырылды. Қатаң тәртіп пен ер азаматқа тән күш-қайрат сынаққа түсер кез. Әскери тәртіп Әлмат Меңлібаевты біраз уақытта сымдай тартылтып шығарды. Әскер өмірі де үлкен азамат болып қалыптасуына, ұқыпты, тиянақты, табанды болуына, қандай қиындық болса да көтере, жеңе білуіне үйретті. Жастайынан өз қатарластарынан озық жүретін балаң жігіт мұнда да замандастарының алдынан көрінді. Білмегенін білді, білгенін жетілдірді. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жігерлі жастың мықтылығы мен намысқойлығы байқалды. Өзге қатарластарын алға сүйреп, оқу-жаттығу кезінде мергендігімен, техникалардың тілін жылдам меңгерген, тапсырманы жылдам орындайтын қасиетімен ерекшеленді.
Үш жылғы әскери міндет аяқталып, елге қайтар кез келді. Өзінің талаптылығы, зейінділігі алға жетелеп 1962-1967 жылдары аралығында Ташкент қаласындағы «ТИИИМСХ» институтының механизация факультетін тәмамдайды. Осылайша бес жыл да шапқан аттай өте шықты. 1967-1968 жылдары аралығында казсельхоз техникасында слесарь, трактор бригадасында бригадир және маторлы цехта цех басшысы қызметтерін атқарды. Әлматтың зердесінің кеңдігі, рухының мықтылығы барлық басшыларды да тәнті етті. «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бар. Аға буын отыз жасқа енді толған сайдың тасындай жігітті 1967 жылы «Казсельхозтехниканың» арнайы құрал-жабдық дүкеніне директор етіп тағайындады. Одан соң 1972 жылдан бастап ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер-механик болып жұмыс істеді. Көптеген лауазымды қызметтерді адал атқарып, елдің қадірлісіне айналды. Басқару тәжірибесі толысқан Әлмат аға 1976-1980 жылдар аралығында бұрынғы «Гигант» колхозында басқарма бастығы қызметін атқарды. Қалған уақыттарында «заготзернода» бас механик, «нефтебазада» цех басшысы, бас инженер сияқты қызметтерді абыроймен атқарды.
Қай саланы басқарса да бедел биігінен түспеген Әлмат Меңлібаев отбасында асыл жар, ардақты әке бола білді. Ұл-қыздарының білім алуына, өмірден өз орындарын табуына барлық жағдайды жасады. Өмірлік серігі Тоқтагүл Жүсіпқызы кеңпейілді, ақжарқын, қарапайым қалпынан айнымай 22 немере мен 19 шөберенің асыл әжесіне айналды. Бейнеттің зейнетіне жеткен Ә.Меңлібаев саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласының гүлденуіне арнады. Еңбек майталманы өткен жылы фәни дүниеден өтті. Бүгінде әке өнегесін көрген ұл-қыздары әр салада еңбек етіп, өнегелі өмір өрнегін өруде. Әкенің атын өшірмей, берген тәлімін ел игілігіне жұмсап жүр.
Ш.Тілеубаев