Тергеушінің бір күні: ақиқат алдындағы адалдық
Заң үстемдігі – мемлекеттің мығымдығын айқындайтын басты өлшем. Ал сол заңның салмағын күн сайын сезініп, ақиқаттың ақ жолынан айнымай жүру – тергеушінің маңдайына жазылған жауапты міндет. Қарапайым жұрттың көзіне көріне бермейтін, бірақ қоғам тыныштығы үшін тынымсыз атқарылатын осы қызметтің өзіне тән сыры мен салмағы бар.Таңғы тіршіліктің тамыры енді ғана бүлкілдеп, Шиелі жұрты күнделікті күйбеңіне кірісе бастағанда, аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Дамир Әбдәзі үшін жұмыс күні әлдеқашан басталып кеткендей. Өйткені тергеушінің уақыты сағат тіліне бағынғанымен, кәсіби жауапкершілігі ешқашан дамыл таппайды. Бір істің түйінін тарқатпай жатып, екіншісінің жүгі иыққа түседі. Бірі – азаматтың арыз-шағымы болса, ендігісі қылмыстық оқиғаның көмескі ізі, тіпті тағдыры таразыға түскен адамның жанайқайы.
Тергеушінің жұмысы хаттама толтырып, қағаз қаттаумен шектелетін шаруа емес. Ол әрбір деректің астарына үңіліп, әр сөздің байыбына барып, айғақтың ақ-қарасын ажыратады. Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді қажет ететін мұндай кәсіпте асығыстық – ағаттыққа, ал салғырттық – әділетсіздікке бастайтын қатерлі сүрлеуге айналуы бек мүмкін.
Дамир Саматұлының күнделікті қызметі де осындай жауапты міндеттердің аясында өрбиді. Таңертеңгі қызметтік міндеттерді пысықтау, тіркелген қылмыстық істердің жай-күйімен танысу, жинақталған материалдарды зерделеу – тергеу жұмысының алғашқы белесі. Әрбір істің өз тарихы, ал оқиғаның сіз бен біз білмейтін себебі бар. Бір қарағанда болмашы көрінетін жайттың өзі істің шешуші кілтіне айналуы мүмкін. Түсінгеніміз тергеуші үшін елеусіз дерек деген ұғым жоқ.
Қылмыстық істің қалың қатпарында көмескі тартқан шындықты табу оңай емес. Кейде оқиға орнындағы бір із, куәгердің қапелімде айтқан бір ауыз сөзі, құжаттағы көзге түсе бермейтін кей дерек тұтас істің бағытын өзгертуі ықтимал. Мұндайда тергеушінің зеректігі мен зейіні, қисынды ойлау қабілеті сынға түседі. Ол жорамалға емес, дәлелге сүйенеді. Сондықтан да күдік пен кінәнің арасына заңның шекарасын қоя білуі шарт.
Шиелі – шежірелі өлке. Мұнда ел ішіндегі әрбір оқиға, әрбір дау-дамайдың астарында адамдық қарым-қатынас, қоғамдық ахуал, кейде тұтас бір отбасының тағдыры жатады. Аудан тыныштығын сақтау дегеніміз – тек құқық бұзушылықтың алдын алу емес, тұрғындардың мемлекет заңына деген сенімін бекемдеу. Ал сенімнің іргесі әділдікпен қаланады.
Кейіпкеріміздің қызметіндегі басты өлшем де осы болуы тиіс. Аудандық полиция бөлімінде өткізген 7 жылдық тәжірибесінде ол 1000-нан астам істі ашып, сотқа жолдады. Тергеуші қылмыстық істің әрбір парағын заң талабына сай толтырып, әрбір процессуалдық әрекет өз межесінде атқарылған.
Күн еңкейіп, аудан көшелерінде кешкі тыныштық орнағанда да кейіпкеріміздің жұмысы тәмамдала қоймады. Жиналған материалдарды қайта қарау, жауаптарды салыстыру, істің келесі кезеңін жоспарлау, аяқталмаған шаруаларды саралауға кірісті. Сырт көзге бір күндік жұмыс аяқталғандай болғанымен, тергеушінің ойында әлі де шешімін таппаған сауалдар тұрды.
Бір күннің еншісіне қанша тағдыр, қанша сауал, қанша жауап сыйып кетеді десеңізші! Қоғам көбіне қылмыстың ашылғанын біледі, ал сол нәтижеге жету жолындағы бейнетті біле бермейді екен. Оған тергеушімен өткен бір күн ішінде біздің де көзіміз жетті. Қазақта «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл тәмсілдің тергеу қызметіне де тікелей қатысы бар екен. Өйткені әділдік ағайынға, танысқа, мансапқа қарап өлшенбейді. Заңның жүзі қашанда тура болуы керек. Тергеушінің абыройы да осы қағиданы қаншалықты берік ұстанғанынан көрінеді.
Дамир Саматұлының бір күні – осындай жауапкершілігі зор қызметтің бір ғана көрінісі. Ал тергеушінің шын бағасы күнделікті атқарған ісінің нәтижесімен, заңдылыққа деген беріктігімен және азаматтардың сеніміне селкеу түсірмеуімен өлшенбек. Ақиқаттың жолы кейде бұралаң, әділеттің жүгі кейде зіл батпан. Бірақ сол жолдан жаңылмай, сол жүкті абыроймен арқалау – кәсібін таңдаған азаматтың парасатына сын. Бүгінгі қоғамға қызметтік куәлігін биік ұстаумен қатар, ар алдындағы антын бәрінен жоғары санайтын тергеуші керек. Өйткені заңның құдіреті оның әділдігінде. Ал әділдіктің күзетінде жүрген жанның әр күні – ел алдындағы аманат.
Гүлнәр Дүйсебай







