АЖАЛМЕН АЙҚАСҚАН АЗАТТЫҚ ҮШІН КҮРЕС
Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі ғана емес, бірегейі Мұстафа Шоқайдың да сан түрлі қауіпті жайларға толы саяси өмір жолы бұған толық дәлел бола алады.1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Петербург университетіндегі оқуын аяқтап, Мемлекеттік Думаның Мұсылмандар фракциясының бюросында және тағы басқа қызметтерде жүргенде Мұстафа Шоқайға жеделхат келеді. Онда Орынборда өтетін Торғай облыстық қазақ съезіне қатысып, Түркістан туралы сөз сөйлеуі ұсынылған болатын. Сөз сөйлегені туралы менде мәлімет жоқ, бірақ бұл кезде Түркістандағы саяси жағдайды жақсы білетін Мұстафадан өзге ешкім жоқ. Осында жүргенде Ташкентте ашылатын Түркістан өлкелік атқару комитетінің құрылтайына делегат етіп сайлаған Ақмешітке жетіп, екі күн аялдайды.
Петербургте оқып жүргенде бірнеше рет осында келіп, патша үкіметінің қоңыс аудару мәселелеріне байланысты материалдар жинап, талай отаршыл саясаттың озбырлығына душар болған жергілкті халық өкілдерінің жері мен суын жаңа қоныстанушылар шеңгелінен құтқарып алған болатын. Бұл жолғы соғудың себебі – халықпен кездесу, өзіне көрсетілген құрметке риза көңілін танытып, алға қойған міндеттерді білдіру еді.
Ақмешітте көптеген таныстарына жолығып, қаладағы, төңіректегі жағдайлардан толық хабардар болады. Әсіресе теміржол торабында «Орыс революцияшыл демократиясы» ұйымының жұмысшы-солдат депутаттары кеңесі мүшелерімен кездескенде белең ала бастаған жаңа саяси жайды анық байқайды.
Халықпен кездесу келесі күні кешке теміржол клубында өтеді. Сөз кезегі өзіне келгенде Мұстафа Шоқай елдегі саяси жағдайға тоқталып, қазіргі Уақытша үкімет ұстанымы, оның халыққа, елге тиімді жақтарын түсіндіре сөйлейді. Клуб ішіндегі гу-гу басылып, оның идеясын қолдаушылар біліне бастайды. Сөзге шешен, көпшілікті баурап алатын ерекше қасиет иесіне көпшілік құрмет көрсетіп, қол да шапалақтайды. Ал өздерін революционер-пролетариат санаған, негізінен теміржолшы орыс ұлтының өкілдері күбірлеп, көпшіліктің қолдауын ұнатпай, айқайлап, ауыр-ауыр сөздер айтып, тіпті «Мұстафа Шоқай ұсталсын» деген қаулы оқылады. Артынша электр жарығы сөніп, көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайды. Шамалы уақыттан соң, жарық қайта жанғанда Мұстафаны ұстауға даяр тұрған милиционерлер мен теміржолшы орыстар оның орнын сипап қалады. Жалғыз есікте тұрған екі орыс қарауылы тек – Жорабек Есеновтің (ол қалалық милиция бастығы, академик Шахмарданның әкесі – Ә.Б.) жалғыз өзінің ғана кіріп-шыққанын айтады.
Жорабек Есенов жиналыстың аяғы насырға шабатынын алдын ала біліп, оның амалын да жоспарлаған екен. Мұстафа Шоқай туралы шешімді естісімен зор кеуделі әрі ұзын бойлы Жөкең жарықты уақытша сөндіртіп, денесі шағын Мұстафаны қойнына алып, иық-мойнынан мықтап ұстатып, шинелін қаусырып, оны сыртқа шығарып жіберіпті. Осы оқиғаға қатысты Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде мынандай жолдар бар: «Мен бір сөйлеген сөзімде (осы жиналыстағы сөзі – Ә.Б.) революция (Ақпан революциясын айтып отыр – Ә.Б.) арқылы қандай құқыққа қолымыз жеткенін айтқанымда, жиналған солдаттар мен жұмысшылар: «Бізге Петербург адвокаты (заң қызметкері болғанымен ешқашан адвокат болмаған – Ә.Б.) керек емес, үкімет біздің, солдаттардың, жұмысшылардың үкіметі!» деп шуласып, тіпті: «Оны өлтіру керек!» деп, тап берді».
1917 жылдың мамыр айының аяғында тағы бір жағдай болады.. Түркістанда құрыла бастаған жұмысшы солдат депутаттары кеңесінің іс әрекетіне жергілікті халықтың наразылығы арта түсіп, арыз шағым Ташкентке қардай борайды. Сондай арыздардың бірі Қазалы уезінің қазақтарынан түседі. Мұны тексеру Сырдария облыстық атқару комитеті төрағасының екі орынбасарының бірі Мұстафа Шоқайға тапсырылады. Ұлттық орталықтың тиісті мандатымен және бүкіл жол бойы Ақмешіт арыздарын қатар тексеруге қатысқан жергілікті халықтың біртоп өкілідерімен қалаға келеді. Келісімен аудан комиссары Преображенский деген жас офицермен, Ақмешіт аудандық жұмысшы солдат депутаттары кеңесінің төрағасы, теміржол жұмысшыларынан шыққан В.Агаповқа жолығады. Бірақ соңғысымен түсіністік таба алмайды. Ол орыс жұмысшылары мен солдаттарының «революциялық құқығын» жанын салып қорғаған көрінеді.
Ертеңіне бұрыннан заң мекемесі болған үйдің ауласында 300-400 адам қатысқан митинг болады. Онда ресми адамдар, жер жерден келген өкілдер сөз сөйлеп, жергілікті жағдай, солдаттар мен жұмысшылардың тәртіпсіздігі мен жүгенсіздігі туралы айтады. Сөз кезегі өзіне келгенде Мұстафа Шоқай Сырдария облыстық атқару комитеті мен Түркістан ұлттық орталығының өкілі ретінде қатысып тұрғанын, өзінің міндеті жұмысшы солдат депутаттарының кеңестері мен жергілікті ұлттық ұйым-дарды біріктіретін ынтымақты табу үшін келгенін, жұмысшы солдат депутаттарының кеңестері «мандат комиссиясы» (тексеруші ресми алқа) деген топтарын жіберіп халықты мазаламауын, қарулы солдаттарды ауылға жұмсап, тінту арқылы дүние мүлік пен салық жинау сияқты әрекеттерге тыйым салу туралы айтады. Мұны естіген В.Агапов (теміржолшы орыстардың бастығы – Ә.Б.) бір топ тілмаштарымен мінбедегі Мұстафа Шоқайдың қасына келіп, алқынған қалпы француз революциясы, патшалар мен байларды қуған орыс солдаттары мен жұмысшылары туралы айтады. Сонан соң Мұстафа Шоқайға бұрылып, оның Петербург адвокаты болғанын, Түркістан мұсылман халықтары орталық бірлігін қолына түсіріп алып, өлке халықтарын орыс жұмысшылары мен солдаттарына қарсы қоймақшы болғанын, оның Түркияның тыңшысы, түрікшіл, исламшыл, орыс дұшпаны екенін айтып, «егер мұсылмандар Мұстафа Шоқайұлының соңынан еретін болса, орыс жұмысшы солдаттары тұп-тура қарсы шығатынын ұмытпасын!» деп зіл тастап, серіктестеріне өз айтқанын мақұлдата сөйлейді. Содан митингінің аяғы шиеленіске ұласады. Орыс жұмысшылары мен солдаттарының арасында да, түркістандықтар арасында да айқай шу шығады. Мұның барлығын мұқият бақылап отырған аудан комиссары Преображенский мінбеге жүгіріп шығып, бар даусымен қазақтардың төңіректі қоршап алғанын, егер Мұстафа Шоқайұлына қарсылық көрсетілсе, бүкіл қалада дүрбелең туып, жағдай ушығып кететінін хабарлайды. Теміржолшылар кейін шегінеді. Сөйтіп, «жергілікті халықты революциялық демократияның шексіз билігіне қарсы қоюы мүмкін» деген «айыппен» Мұстафа Шоқайды өлім жазасына кескен шешім орындалмай қалады. Осылай Ақмешіттегі шағымды тексеремін деп келіп, басбұзар орыс жұмысшылары мен солдаттарының құрбаны бола жаздағанын Мұстафа Шоқай жоғарыдағы естелігінде тағы да жазған болатын.
1918 жылғы 18-23 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі «Қоқан автономиясын заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату» жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғын большевиктер қанды қырғынға ұластырады. Осындай жайдан Қоқан қаласының маңында 5-10 күндей жасырынып, кейін қауіпсіздеу ғой деп, Ферғана маңындағы бір өзбек ауылынан екіншіге ауысып жүргенде Мұстафа Шоқайды Құмбасты қыстағында большевиктерге қарсы құрылған, қазақтарды дінсіздер деп санайтын діншіл фанатик жиырма шақты қарулы өзбек жастары тұтқынға алады. Өзбектер оның діни сауатын тексеріп көреді. Бірақ орынды жауаптарға қарамай, жан-жақтан жиналған 70-80 адам Мұстафаны дінсіз деп өлтіруге шешім жасап, бір ағашқа жіп тартып, көзін байлап, дайындыққа кіріседі. Осы кезде жиналған топқа енді ғана келген бір өзбек «қазақтың да қазағы бар ғой» деп, Мұстафаның көзіндегі байлауды алып, танып, «бұл Мұстафа бей ғой» деп, оның Петербургтегі студенттік күндерінен бастап, Түркістан халқы үшін еткен еңбегін, Қоқан автономиясына қатысты жұмысын жан-жақты түсіндіреді. Ал Мұстафа өзіне араша түскен өзбек жігітінің атын ұмытқанмен, оның 1916 жылы армияға алынған жастардың бірі екенін және әскерден келе жатып Петерборда ақшасыз, аш жүргенінде көмектескенін есіне түсіреді. Осылай адам баласына жасаған жақсылық еш зая кетпейді, ілгері кейін оның қайтарымы болмай қоймайды деген заңдылық іске қосылып еді.
Сонан соң есірген сарттар Мұстафаны Қоқандқа Ергеш қарақшыға жібермекші болып, шаһарға бара жатқан атты адамдардың біреуінің артына мінгестіріп жібереді. Жолда қышлақтар арасында бір сай бар екен, олай-бұлай өткен жанның бәрін ұстап, тергеп тұрған мылтықты үш сарт кездеседі. Мұстафаның бөтен екен һәм ықтиярсыз шаһарға айдалып бара жатқанын білген соң, олар көп сөзге келмей, оны өлтірмекші болады. Мұстафаны аттан түсіріп, жар басына отырғызып, мылтықты сарт өзінің мергендігіне сеніп, Мұстафаның жүрекке тигізе атсаң, қиналмай бірден өліп кетем дегеніне болмай, көздеді ме, көздемеді ме тарс еткізіп атып салады. Құдай сақтады - оқ тимей зу етіп, жанап өтеді. Сонан соң сарттар: «Бейбақтың бақыты бар екен!» деп жолаушыны жөніне жібереді. Бұл туралы «Мұстафа хаты» атты материалда жарияланған болатын.
Содан Ферғана таулары арқылы бірнеше күн жол жүріп, түрлі қиыншылықпен Ташкентке жетіп, өзіне қиын қыстау кезеңде сүйеніш болатын адам іздейді. Таңдау кейін жиырма үш жыл жан серігі болған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Оның күйеуі Түркістан өлкелік прокуратурада қызмет ететін. 1916 жылғы 10 тамызда Мемлекеттік Дума және Үкіметтің тыңдауына Түркістандағы 19-43 жастағыларды майданға шақыру туралы жарлыққа қарсы шыққан халық көтерілісін патша үкіметінің қатыгездікпен басқаны туралы арнайы материал жинау мақсатымен Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының өкілдерінен құралған тексеру комиссиясының өзі зерттеуші, аудармашысы ретінде Ташкентке келгенде бұлардың үйінде бірнеше рет қонақ болған еді. Ал бұл қадамға баруға сонда табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан, өзінен жиырма жас үлкен заңгер күйеуімен ажырасып, Мәскеуге кетуге дайындалып жүргені себеп болды. Мария Яковлевна Горина өзінің «Менің Мұстафам» атты естелігінде 1918 жылдың 18 сәуірі күні Мұстафамен мешітке барып, имамға мұсылманша некелерін қидырғанын және т.б. еске алған болатын. Сол кезден Мария Яковлевна Шоқай атын қосып алады.
Мұстафа Шоқайдың Ташкентте қалуы да, теміржолмен жүру де қауіпті болатын. Оны ұстап бергенге 1000 сом қаржы тігілген еді. Сондықтан Мария Шоқай жарына ең алдымен әскери адамның киімін кигізіп, Мәскеуге дайындалады. Мамырдың бірі күні ауыр жаралыға ұқсаған, бет аузын таңылған, оңайлықпен адам танымайтындай болған Мұстафамен екеуі станцияға келіп, пойызға отырады. Бір кезде жолаушылардың билеті мен рұқсат қағазын тексерген кісі бұлардың купесіне келеді. Мұны көріп бұлар қатты абыржуға түседі. Тиісті құжаттар дайын болғанымен, бет жүзіне қарап тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Бірақ кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келесі купеге өтіп кетеді. Осылай Мұстафа Шоқай тағы бір қатерден құтылады. Елде жүріп, бірнеше рет ажалмен бетпе бет ашық айқасып, аман қалуы оған халқының ыстық ықыласы мен өлмес рухы қорған болды.
Пойыз Ақтөбеге жеткенде, Мәскеуге Орал арқылы барудың мүмкіндігі болмай, алаңсыз тоқтайды. Содан не керек талай қиыншылықтармен Мұстафа мен Мария Шоқай екі бөлек жүріп отырып, 1919 жылдың 1 мамырында Тифлисте бас қосады. Осында екі жылдай тұрып, Грузия Демократиялық республиканы кеңестік жүйе құлатқаннан соң Түркия арқылы 1921 жылдың мамырында Францияға жетіп, Парижде тұрақтайды.
Мұстафа Шоқай өзінің саяси күресі үшін тиімді ортаны тек Франциядан таба алды, онда 20 жылдан артық тұрды. Осында күрес мақсатын қайта қарап, Түркістан тәуелсіздігін негізгі тақырып етіп, бар қажыр-қайратын осыған жұмсады. Өзінің публицистикалық еңбектері мен саяси күресін әлем мойындайтын тұлғаға айналды.
.Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткенде, бүкіл ресейлік эмигранттар бас сауғалап, лег легімен АҚШ-қа, түркі тектестер Түркияға қарай жосылғанда, Мұстафа Шоқай оларға ермей: «Маған паналауға орын берген мемлекетті тастап кету, өз отанымды тастап кеткенмен бірдей» деп Францияда қалады. Өйткені эмиранттарға бостандықтар, теңдіктер және бауырластар елі болған Франция оның жүрегінен ерекше орын алған болатын.
Алайда Германияның 1939 жылдың қыркүйегінде Польшаны, 1940 жылдың мамыр айында Францияны жаулап алуы Мұстафа Шоқайдың кейінгі өміріне күрделі өзгеріс әкелді. Шығармашылық жұмыс тоқтады. «Яш Түркістан» журналы да шықпайтын болды. Соғысқа әлі араласа қоймаған Францияның өзінде де үрейлі жағдай қалыптасты. Мұстафаға ендігі жалғыз тірлік соғыс жаңалықтарын білу болды.
Осындай күндердің бірінде Берлиннен жасы 20-лар шамасындағы жас жігіт келеді. Аты жөні Уәли Қаюм екен. Өзінің Берлиндегі қызметтес жолдастарынан гестапода жұмыс істейтін, Түркістан туралы неміс тілінде журнал шығарып жүрген бір бұхаралық өзбек жігітінің барын білетін Мұстафа онымен өзбек тілінде сөйлеседі. Бірақ тартыншақтап, көңілсіз күй кешіп, тіпті ішіп отырған шайларына да шақырмайды. Екі аптадан соң өзбек жігіті тағы да келіп, неміс өкіметінің қызметкері кездесуге Берлинге шақырғанын, бірақ себебін айта алмайды. Мұстафа неге екенін білмей дал болады. Оған «профессор Фон Мендеге апарып бер» деп хат береді. Бірнеше күннен кейін әлгі өзбек жігіті хатына жауап әкеледі. Содан Мұстафа Берлинге кетіп, бір аптадан соң қайтып келіп тынышталады. Бұл тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Германия 1941 жылы 22 маусымда Кеңестер одағына соғыс жариялайды. Оны Мұстафа көршісінен естиді де, осымен бейбіт күндер аяқталады. Әуелі ол тұтқындалып, Кампиен лагеріне қамалады. Онда екі үш апта болып үйге оралады. Лагерьде өзгеше интеллектуалды ортада болғанын, өзінің екі күнге сұранып келгенін, өзіне түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу ұсынылғанын, бірақ бұл ұсыныстан бас тартқанын айтады. Мұның себебін Мұстафа Шоқай «1941 жылы Германиядағы М.Шоқайдың қызметі: әскери тұтқындармен – Түркістан тұтқындарымен байланыс» атты жазбасында соңғы екі жылда атамекендегі оқиғаларға зер салып отырудың мүмкін болмағандығы және кеңес мектебінде дайындалған кадрларды жете білмеуімен түсіндірген болатын. Сондықтан Мұстафа Шоқай алдымен түркістандық тұтқындармен кездесіп, өлкенің қоғамдық саяси жағдайын танудың қажеттігін айтады. Немістер бұл ұсыныспен келіседі. Содан Берлинге кетуге дайындалады. Машинкадан түспейді. Көп ұзамай Берлинге әскери көлікпен жолға шығады. Ол кезде бұл сапардан Франциясына қайтып оралмайтынын Мұстафа да, жары Мария да сезбеген болатын.
Берлинде тұтқындармен кездесуді алты аптадай күткен Мұстафа Шоқай өз хаттарында сирек те болса Берлинде рұқсат күтіп жатқанын, жағдайының жаман емесін жазып тұрады. Қараша айының ішінде бір адам Марияға хат әкеліп береді. Онда: «Бұл бейшара, жазықсыз жандардың мазаққа ұшырап, аз ғана қателіктері үшін бірден ату жазасына кесіліп жатқандарын... 35 мұсылман тұтқынның сүндеттелгендері үшін еврейлер ретінде өлімге бұйырылған жерінен құтқарып қалғанын, аштықтан тұтқындар өз жолдастарының жүрегі мен өкпесін жегенін» айтып, оларға көмектесе алмайтын болғандықтан өзінің өлімді артық санайтынын жазған еді.
Мұстафа Шоқай түркі тілдес комиссия қызметкерлерінің басшысы ретінде 27-28 тамыз күндері Германиядағы Ганновер маңындағы екі лагерьде, 6-25 қыркүйек күндері Шығыс Пруссиядағы жеті, 7-30 қазан күндері Польша мен Украинада орналасқан бес лагерьде болады. Нацистердің әсіре нәсілшілдіктерінен туындаған түркістандық тұтқындардың жан түршігерлік жағдайын алғаш көргеннен ақ Мұстафаның көңілі құлазып сала береді. Мұны өзгертуге қолында биліктің жоқтығын біле отырып, ең болмаса қиындығын жеңілдетейін деген оймен немістердің басшылығынан тұтқындардың тағдырына араша түсіп, білімділерін темір тордан босатып, олардың ретіне қарай білімін ары қарай жалғастыруына не мамандықтарына лайықты жұмыс тауып беру үшін тыным таппайды.
1941 жылғы қыркүйекте Сувалки лагеріндегі түркістандық тұтқындар алдында ғана өте қысқа сөйлейді. Осы кезге дейін тұтқындардың адам төзгісіз жағдайын көзбен көрген Мұстафа бұлардың алдында жазыла алмайды. Оны мына мәтіннен де айқын аңғаруға болады: «Сүйікті отандастарым! Сіздерге қарап жүрегім қан жылайды. Осындай темір тікеннің артында ұстайтындай сіздер не істеп едіңіздер? Жоқ. Еркіндікті сүйетін Түркістан ұлдарына Алла отанымыздың шексіз даласынан орын береді. Мен бұған сенемін. Ол бізді неміс тұтқынынан босатады және өз үйлерімізде бейбіт және адал еңбек етуге көмектеседі», «менің ең басты қамқорлығым сіздерді болашақ отанымыз Түркістан құрылысына қажетті мамандық алу үшін әртүрлі жұмыстарға орналастыру болып табылады». Бұл бас-аяғы екі жарым айдай лагерьде болғанда жерлес тұтқындар алдында жалғыз сөз сөйлеуі еді. Жеке кездесулерде де амалдың жоқтығынан құрғақ уәде берген, тіпті алдауға барған кездері де болмай қалмаған.
Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты өз естелігінде жарының лагерьлерді аралап болғаннан кейін жазған хатынан келесідей үзінді келтіреді. «Сіздер – немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сендерге де тұтқындағылардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүріп отырып, ХII ғасырда Шынғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ». Хатты СС (неміс әскері, «Schutzstaffel» сөзінен қысқартылып алынған) офицерлерінің біріне табыс етеді. Офицер оқып шығып: «Пікірлеріңді өте тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде, Мұстафа оған: «Егер сіздер осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң тіпті де өмір сүргім келмейді», – деп жауап береді.
Мұстафа Шоқай екі жарым ай лагерьлерді аралап, енді Парижге қайтамын дегенде лагерь басшылығы комиссия мүшелеріне тұтқындар арасында сүзек ауруы қауіпі қарқын алып бара жатыр деп екі аптаға карантин жариялайды. Бірақ он шақты күн өткеннен соң, карантин уақыты біткенде комиссия мүшелерінің арасында ешқандай ауру жоқ деп, тиісті дəрігерлердің қарауынан кейін олардың Берлинге қайтуларына рұқсат беріледі. Алайда пойызға отырып, Берлинге бет алғанда Мұстафаның басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлинге жеткенде ауруы күшейе түсіп, ыстығы 40 градус болады. Шақырылған Руднев деген дəрігер науқас диагнозын анықтай алмай, сүзекке күдік келтіріп, ауруханаға жатуға кеңес береді. Бірақ бұдан бұрын екі рет сүзекпен ауырғанда, іші ауырмай, басы қатты ауырған Мұстафа ауруханада есін жия алмай, 7 күн жатады. 27 желтоқсан күні кешкі сағат 6:30-да медбике одан не қалайтынын сұрапты. Мұстафа болса, бұл сауалға «ұйқы» деп жауап беріпті, бір ине салынғаннан кейін талықсып кетеді де содан қайтып оянбаған. Бұл жолы ол ажал құрығынан құтыла алмады. Өйткені неміс фашизмі отыз миллиондай жанға ажал құштырған адамзат баласына төнген тажал болатын.
Тағдыр Францияны да бұйыртпай, Мұстафа Шоқай 1942 жылдың 2-ші қаңтарында, жұма күні Берлиндегі түрік қорымына жерленді. Сағыныштан сарғайтқан, кіндік қаны тамған Наршоқыға жете талмай, жат жерді мәңгілік мекен етті.
Мария Шоқай жарының қайтыс болғанын естігенде ақ өз ажалынан емес екеніне сенімді болды. Алғаш көңілге Мұстафа басқарған тұтқын комиссиясында көмекшісі, лагерьлерді аралағанда қасында болған Уәли Қаюм түседі. Өйткені арада жүрген сол, Мұстафаның нацистерге деген көзқарасын жақсы білетін де сол. Оның үстіне Мұстафаның жаназасын шығармай жатып, Уәли Қаюмның жаңа жылды үлкен мереке ретінде өткізгені де күдікті күшейте түсті. Кейінгі тірліктері де еш ұйқаспайды. Қам көңілді қайғыға батыра түседі. Бұл қазаға тек жары ғана емес, Мұстафа Шоқайды ұстаз тұтқан шәкірттері де, оған жаны жақындар да, жалпы атына қанықтар да күдікпен қарап, оны Уәли Қаюмның қолынан болды деп ойлады.
Мұстафаның Парижде қырқы берілгенде Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің Сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Украина Ұлттық үкіметінің Сыртқы істер министрі А.Шульгин, Әзербайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Расулзаде сияқты марқұмның достары мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың жарқын өмірі мен қызметі туралы төгіле сөйлегенде, Уәли Қаюмның неміс тілінде әрі қатқыл үнмен жұртқа сес көрсете сөйлегенін жиынға қатысушылар күдікпен қабылдайды.
Мұстафа Шоқайға у берілу оқиғасы кейін Берлиндегі «Түркістан Ұлттық Комитетіндегі» мүшелер арасында да жиі талқыланған көрінеді. Сонда Абылай хан туралы поэма жазған, Абылай бейнесін тұңғыш салған суретші, ақын, қызылордалық Мәжит Айтбаев: «Бұл әңгіменің шеті де, шегі де жоқ. Фото түгіл, жазылған жері де жоқ. ...Бұл әңгіме, өсек болғанымен, тату отырған қандас екі тума халықтың арасына от салатын әңгіме екенін кез келген түсіне бермейді... Бұл қан деген, кек деген қауіпті нәрселер. Осыдан сақтануға тиіспіз» деген екен.
Мұстафа Шоқайдың құпия жағдайда қайтыс болғанына сексен бес жылдай болды. Осы кезге дейін бұл мәселеге қатысты іргелі еңбектер мен мерзімді баспасөздер беттерінде аз айтылып, кем жазылған жоқ. Ажал неден, кімнен болды деген күдік осы кезге дейін сейілмей, талай болжамдар айтылды. Ал біздің айтарымыз – Мұстафа Шоқайдың ажалы неміс фашистері тарапынан болды ма, болмаса сонау 1925 жылдары ақ сескенген кеңес көсемі Сталиннің тапсырмасы ма, әйтеуір қайсысы болса да дегендеріне жетті. Меніңше, енді осынша уақыт шындықтың көзін - удың кімнің тарапынан берілгенін аша алмағаннан кейін осы тақырыпты жауып, аруақты тыныш жатқызсақ дұрыс болар еді.
Тәуелсіздік орнауымен ұлы тұлғаның ерекше саяси қызметі мен мол мұрасы, мәңгі өлмес өсиеттері мен аманаттары, айрықша рухы да Отанына жетті. Қайтпас қайсарлық пен ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, халқының келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбаған Мұстафа Шоқай 1929 жылы «Яш Түркістан» атты журналдың бірінші санында жариланған «Біздің жол» деген бағдарламалық мақаласында: «Бiздің мұратымыз Түркiстанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады» деген еді. Бұл сөздер жарты ғасырдан астам уақытта шындыққа айналған болатын.
Әбдіжәлел Бәкір,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
профессоры,
саяси ғылымдар докторы,
Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
профессоры,
саяси ғылымдар докторы,
Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі






