КҮРЕС пЕН АЖАЛ АЙҚАСҚАН ӨМІР
Жалпы адамзат ғұмыры күрестен тұратыны бесенеден белгілі. Қарапайым адамның жай өмір сүруінің өзі күрес, яғни әлеуметтік іс-әрекет. Ал өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырлары айқын, саналы іс-әрекет иесі ретіндегі тұлғаның асыл арманы, мұң-мүддесі тұтас халқының басты мұраты болып және ол билік жүйесінің сипатымен сәйкес келмей жатса, шын күрестің туатыны да, оның ажалмен айқасатын сәттерінің де аз болмайтынына кәрі тарих сан мәрте куә болған еді. Бұған Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқайдың өмірі де толық мысал бола алады.
Петербург университетінде оқып жүріп Мұстафа Шоқайдың өзі ұстаз санаған Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік Думаның мұсылмандар бюросының хатшысы болып қосымша қызмет істегені белгілі. Оқудың соңғы кездерінде әкесі Шоқай қайтыс болып, уақытша ауылға қайтуға да мәжбүр болған еді. Осылармен байланысты ол университетті мерзімінен кештеу, бірақ ойдағыдай аяқтаған кезде, яғни 1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Ташкенттен жеделхат алады. Сондағы ұсыныс бойынша шұғыл елге қайтады. Жол-жөнекей Торғай облысы қазақтарының съезіне қатысып, Түркістан туралы сөз сөйлейді. Екі күн Ақмешітте (Қызылорда) де аялдайды.
Мұстафа қала тұрғындарын жақсы таныса, олар да оны жақсы білетін. «Өзі қадірлі кісінің баласын да сыйлау керек» деген халқымыздың салтымен оған көп құрмет көрсетіледі. Оның үстіне қазақтар Мұстафаны өздерінің сенімді өкілі, құқықтық қорғаны санайтын. Петербургте оқып жүрген кезінде бірнеше рет Ақмешітке келіп, үкіметтің қоныс аудару мәселелеріне қатысты материалдар жинап кеткен болатын. Талай мәрте орыс отаршылдық саясатының құрбаны болған сорлы халықтың жері мен суын қоныс аударушылар басқармасының шеңгелінен құтқарып қалған да еді. Көптен бері осы жайларды көріп, біліп келген Ақмешіт тұрғындарының өзін Ташкентте ашылатын Түркістан өлкелік атқару комитетінің бірінші құрылтайына делегат етіп сайлаған тұғын.
Ақмешіттің Түркістан өлкесінің қарамағындағы қалалар арасында өзіне тән кейбір ерекшеліктері бар еді. 1878 жылы ашылған, кейін Ақмешітті жаулап алған генерал-губернатор В.А.Перовскийдің аты берген Перовск училищесі шын мәніндегі хатшылар мен тілмаштар ордасы атанып, оны бітіргендер жалғыз Сырдария облысы өңірінде емес, Самарқанд және Ферғана облыстарында да әкімдер, мекеме, полиция басшылары арасында да кездесетін.
Ақпан революцияның алғашқы хабары жетісімен Ақмешіт қаласы мен аудандар тұрғындары Ұлттық кеңес құрады. Алайда оны хатшылар мен тілмаштар жабыла кірген, Ақмешіт қаласы мен оның төңірегінде билік иесіне айналған орыс жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі көзіне шыққан сүйел санап, оны жоюға тырысады. Бірақ Ұлттық комитет өз елін, өз халқын басқаруға қатысуына құқы бар екенін айтып, қарсыласып келе жатқан еді.
Мұстафа Шоқай Ақмешітте көптеген таныстарымен жолығады. Қаладағы, төңіректегі жағдайдан толық дерлік хабар алады. Кеңес өкіметінің барлық жерде белең алғанын, онымен келіспегендердің қашып жүргенін біледі. Ақмешіт Ұлттық кеңесінің отырысы өткізіліп, жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесіне ықпал жасау арқылы жергілікті, ұлттық мекемелерге қозғау салу қажеттігі туралы қаулы қабылданады. Алайда бұл күндері Мұстафа Шоқай орыс жұмысшы-солдат депутаттары кеңесімен бірге жұмыс істеу мүмкін еместігіне, оның шын мағынасында бітіспес дұшпан екеніне көзі жетеді. Бұған «Орыс революцияшыл демократиясы» ұйымының жұмысшы-солдат депутаттары кеңесімен алғаш рет кездесуі, олармен бірінші қақтығысуы толық дәлел бола алады.
Қаладағы осындай жағдайда жасырын жолыққанда өзінің жақсы таныстары, оның ішінде сол кезде қалада милиция бастығы болып істейтін Жорабек Есенов пен осы қалада дүниеге келіп, кейін Ташкенттегі қазақ уездік партия комитетінің жауапты хатшысы болған Дүйсенбай Нысанбаев алдағы темір жол клубында өтетін үлкен жиналыста Мұстафа Шоқайға кеңестер сөзін сөйлемесе ұсталатынын, олардың жазым етуі мүмкін екенін ескертеді.
Жиналыс кешке басталады. Клуб іші лық толы. Кезек өзіне келгенде Мұстафа көпшілікке тіке қарап, ешқандай қағазсыз қазіргі үкімет ұстанымы, оның халыққа, елге тиімді, тиімсіз жақтарын түсіндіре сөйлегенде жаңағы гу-гулер басылып, Мұстафа идеясын қолдаушылар біліне бастайды. Сөзге шешен, көпшілікті баурай алатын ерекше қасиет иесі Мұстафа өз сөзінде біздер қоғамды – формацияны өзгертуіміз керек, біз осы кезеңді, жағдайды пайдаланып, бүкіл түркі халқы болып, тәуелсіз ел құруды іске асырмасақ, тағы да ғасырлап Ресейдің езгісінде қаламыз дегенде көпшілік құрмет көрсетіп, қол шапалақтайды. Ал өздерін революционер-пролетариат санаған, негізінен темір-жолшы орыс ұлтының өкілдері күбірлеп, көпшіліктің Мұстафа сөзін қолдағандарын ұнатпай, айқайлап, оның атына ауыр-ауыр сөздер айтады. Тіпті жиналыста Мұстафа Шоқай ұсталсын деген қаулы оқылады. Артынша электр жарығы сөніп, көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайды. Шамалы уақыттан соң электр қайта жанғанда, ұстауға даяр тұрған милиционерлер, теміржолшы орыстар Мұстафаның орнын сипап қалады. Жалғыз есікте тұрған екі орыс қарауыл тек Жорабек Есеновтің (ол қалалық милиция бастығы болатын – Ә.Б.) жалғыз өзінің ғана кіріп-шыққанын айтады.
Жорабек Есенов жиналыстың аяғы насырға шабатынын біліп, бұл амалды алдын ала жоспарлаған екен. Жиналыстың шешімін естісімен Мұстафаны қойнына алып, иық-мойнынан мықтап ұстатып, шинелін қаусырып, зор кеуделі әрі ұзын бойлы Жөкең, денесі шағын Мұстафаны білдірмей, ажал қармағынан осылай құтқарып қалған екен. Ал Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде де мынандай жолдар бар: «Мен бір сөйлеген сөзімде (осы жиналыстағы сөзі – Ә.Б.) революция (Ақпан революциясын айтып отыр – Ә.Б.) арқылы қандай құқыққа қолымыз жеткенін айтқанымда, жиналған солдаттар мен жұмысшылар: «Бізге Петербург адвокаты керек емес, үкімет біздің, солдаттардың, жұмысшылардың үкіметі! – деп шуласып, тіпті: – Оны өлтіру керек!» – деп тап берді».
Мұстафа Шоқайдың «Орыс революцияшыл демократиясының» ұйымына Жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесі тарапынан ешқандай жақсылық күтуге болмайтынына келесі оқиға да дәлелдейді. Соңғы кезде Қазақстан аймағында құрыла бастаған кеңестің іс-әрекетіне деген жергілікті халықтың наразылығы арта түсіп, арыз-шағымдар қардай борайды. Сондай арыздардың бірі Сырдария облысы Қазалы уезінің қазақтарынан түскен болатын. Онда былай деп жазылған еді: «Біз революциядан соң жағдайымыз жақсарады деп үміттенгенбіз. Бірақ мұнымыз бекер болып шықты. Ауданда бар билікті қолына алған жұмысшылар мен солдаттар бізге бұрынғы үкіметтен бетер жамандық жасап жатыр. Зорлық-зомбылық күннен күнге үдеп барады. ...Теміржолмен тасылған бидай, тары, арпа, күріш – бәрі де орыстарға беруге теміржол станциялары мен қалаларда сақталуда. Біз қазір аштан өлетін халге жеттік».
Мұндай шағымдар Түркістанның жер-жерінен келіп, оны уақытша үкімет комитеті жұмысшы-солдат депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесіне жібергенімен олар тиісті мекемеге «революция заңдарына» назар аударыңыздар деумен шектелетін. Осындай арыздардың бірін Уақытша үкімет комитеті өз орнында тексеру үшін Сырдария облысының атқару комитетіне жіберген болатын. Бұл тексеру осы комитеттің төрағасының екі орынбасарының бірі Мұстафа Шоқайға тапсырылады. Ол тиісті мандатпен 1917 жылғы мамыр айында Ақмешітке аттанады. Онда Ақмешіт аудандық жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің төрағасы, теміржол жұмысшыларынан шыққан Агаповқа жолығады. Бірақ онымен түсіністік таба алмайды. Ертеңіне бұрыннан заң мекемесі болған үйдің ауласында 300-400 адам қатысқан митинг болады. Онда ресми адамдар, жер-жерден келген өкілдер сөз сөйлеп, аудандағы жағдай туралы, солдаттар мен жұмысшылардың тәртіпсіздігі мен жүгенсіздігі туралы айтады. Өз кезегінде Мұстафа Шоқай Ұлттық орталық пен Сырдария облыстық атқару комитеті тарапынан Жұмысшы солдат депутаттарының кеңестері жергілікті ұлттық ұйымдардың өміріне, ісіне араласпауы керек, «мандат комиссиясы» (тексеруші ресми алқа) деген алқаларын жіберіп халықты мазаламауын, қарулы солдаттарды ауылға жұмсап, тінту арқылы дүние-мүлік пен салық жинауды мүлдем тоқтатуы, комитет мүшелері мұндай әрекеттерге тыйым салуға тиіс деген мазмұнда сөз сөйлейді. Мұны естіген Агапов бір топ тілмаштарымен Мұстафа Шоқайдың қасына мінбеге келіп, алқынған қалпы француз революциясы туралы, патшалар мен байларды қуған орыс солдаттары мен жұмысшылары туралы, сонан соң Мұстафа Шоқайдың атына біраз қара күйелер жағып, сөзінің аяғын «мұсылмандар Мұстафа Шоқайұлының соңына еретін болса, орыс жұмысшы-солдаттарына тұп-тура қарсы шығатынын ұмытпасын!» деп зіл тастай сөзін аяқтайды.
Митингінің аяғы шиеленіске ұласады. Орыс жұмысшылары мен солдаттарының арасында да, түркістандықтар арасында да бүлік шығады. Митингі барысын мұқият бақылап отырған аудан комиссары Преображенский мінбеге жүгіріп шығып, бар даусымен қалада бүлік шыққанын, қазақтар төңіректі қоршап алғанын, егер Мұстафа Шоқайұлына қарсылық көрсетілсе, бүкіл қалада дүрбелең туып, жағдай ушығып кететінін хабарлайды. Содан Мұстафа Шоқайдың атын атап, «дереу өлтіруді» талап еткен айқай басылады. Сөйтіп «жергілікті халықты революциялық демократияның шексіз билігіне қарсы қоюы мүмкін» деген «айыппен» М.Шоқайды 21 мамырда Перовскіде өткен солдаттар митингісінде өлім жазасына кескен шешімдері орындалмай қалады. Осылай Мұстафа Шоқай Ақмешіттегі шағымды тексеремін деп келіп басбұзар орыс жұмысшылары мен солдаттарының құрбаны бола жаздайды.
1917 жылғы 28 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылмандарының IV Төтенше съезі Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан, жұрт өзін-өзі басқаруға ерікті, Түркістан аймағын Ресей демократиялық республикасымен бірлікте, бөлек жасауға ерікті Қоқан автономиясын жариялаған еді. 1918 жылғы 18–23 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі “Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату” жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғын большевиктер Қоқан автономиясын қанды қырғынға ұластырды. Сөйтіп ол барлығы алпыс төрт күн ғана өмір сүрді. Оның құлауының себептері көп-ақ болатын. Кеңес үкіметі Қоқан автономиясын алғашқы күндерден бастап-ақ мойындамады. Большевиктер жергілікті халық арасында кең көлемде қарсы үгіт жүргізді. Соның салдарынан автономияның негізгі мақсаты мен мұратын жете түсінбеген бұқара халық тарапынан да оған тиісті қолдау көрсетілмеді. Ең бастысы Петербургтен бастау алып, Ташкентте өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі Қоқан автономиясын Түркістан өңірінде қауіпті аймақтың бірі деп санады.
Белгілі мұстафатанушы Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа Шоқай» атты 2007 жылы жарық көрген монографиясында мынандай бір оқиға бар. Жоғарыдағы қанды қырғыннан кейін Мұстафа Шоқай қала маңындағы қышлақтарда жүргенде қару-жарақты сарттардың қолына түседі. Олар тұтқынның екі қолын артына байлап, екі көзін таңып, ағашқа екі аяғынан асып қойып, атып өлтірмекші болады. Осы кезде жиналған сарттардың ішінен біреуі Мұстафа Шоқайға жақын келіп: «Қазақ дейсіңдер. Қазақтың да түрлі-түрлісі болады. Көрейікші, бұл қандай қазақ екен» деп байлаулы көзін шешкізеді. Содан оны танып: «Ассалаумағалейкум, Мұстафа әфенді!» деп жалма-жан байлаулы қолын да шешеді. Осылайша Мұстафаның кім екенінен азын-аулақ хабардар болған сарттар оны өздері өлтірмей, Қоқандағы Ергештің қолына тапсыруды жөн деп шаһарға бара жатқан бір аттылы адамға мінгестіріп жібереді. Бұлар Қоқанға жетпей, жолда үш қарулы сарт кезігеді. Олар бөтен адамның айдалып бара жатқанын білген соң оны атып өлтірмекші болады. Бірақ оқ тимей, жанап өтеді. Сонан соң сарттар Мұстафаны қайтадан атқа мінгестіріп, бұрынғы бағытымен жібергенде жолда өзі танитын бір қышлақтың болысы кездесіп, сарттарды қуып, Мұстафаны қонақ етіп алып қалады. Көп ұзамай Қоқандағы соғыс аяқталып, Ергеш қашып кетіп, шаһар большевиктердің қолына өтеді. Бұдан ары көп ұзамай эмиграциялық өмір басталады.
Мұстафа Шоқай ғұмырының соңғы 20 жылдан астамын жат жерде Францияда өткізді, Кеңес одағындағы ұлттық озбырлық пен өктемдіктің зардаптарын әлем сахнасына шығарып, азаттық қозғалысының эмиграциялық идеологиясын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты, қоса беретін еді. Алайда әлемнің тарихи сахнасына фашизмнің келуі Мұстафа Шоқай өмірін күрт өзгертті. 1941 жылдың шілде айының алғашқы күндерінде Берлинге келерден бұрын Мұстафа Шоқайға Парижде Түркістанға қатысты сөз сөйлеу ұсынылды. Ал Мұстафа «елден кеткеніме жиырма жылдан асты, елде мен туралы пікір басқаша» деп алдымен түркістандық тұтқындардың жағдайымен танысқысы келеді. Содан тамыздың аяғынан қарашаның басына дейін екі айдан астам лагерлерді аралайды. Қыркүйек айында Сувалки лагеріндегі түркістандық тұтқындардың алдында өте қысқа сөйлейді. Бас-аяғы 78 сөйлем. Бәлкім, ұзақ сөйлеуге жүрегі шыдамаған шығар. Сөздің мәтіні орыс тілінде, толық жинақтың он бірінші томында бар. Мәтін: «Қымбатты отандастарым! Сіздерді көріп жүрегім қан жылайды. Қалайша сіздер темір тордың арғы жағында ұсталып отырсыздар? Сіздер оған лайық емессіздер. Алланың бізді неміс тұтқынынан құтқаратынына, үйлерімізде бейбіт және адал еңбек етуге ықпал ететініне сенімдімін» деген сөздермен басталады да: «Менің ең өзекті қамқорлығым – сіздерді әртүрлі лайықты жұмыстарға орналастыру, сөйтіп, болашақ Отанымыз – Түркістанды құруға қажетті әрқайсыңыздың мамандық алуларыңызға көмектесу» деп аяқтайды.
Мұстафа Шоқай лагерлерді аралап болғаннан кейін жарына хат жолдайды. Мария Шоқай өз естелігінде сол хаттан мынадай үзінді келтіреді: «Сіздер, немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенімдей болса, онда мен сіздерге де тұтқындағылардың шеккен азабын көруді тілеймін. Сіздер 20 ғасырда өмір сүре отырып, 13 ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ». Бұл хатты СС (неміс әскері, «Schutzstaffel“ сөзінен қысқартылып алынған) офицерлерінің біріне табыс етеді. Офицер оқып шығып, Мұстафаға: «Пікірлеріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде, Мұстафа оған: «Осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен өлгенім артық. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң тіпті де өмір сүргім келмейді» деп жауап беріпті. Мұстафа осы жылдың аяғында, 27 желтоқсанда Берлин ауруханасында қайтыс болады. «Сүзекпен ауырған» дегеннен басқа мәлімет жоқ. Дегенмен, логика ажалдың қолдан болғанына жетелейді. Он бірінші томдағы 1941 жылғы қазан айында Мұстафа Шоқайдың аса құпия түрде В.Каюм-ханға жазған хатының неміс әкімшілігі тимеуі мүмкін емес.
Сөйтіп бүкіл ғұмырын халқына арнаған, соның азаттығы үшін аянбай күрескен Мұстафа Шоқай ажалмен бірнеше рет бетпе-бет ашық айқасқан болатын. Алайда тек кеңестік кеңістіктің жиырма миллионнан артық адамына ажал құштырған неміс басқыншыларынан қорғап қалуға халқының қолы да, рухы да жетпей қалды. Өйткені, неміс фашизмі адамзат баласына төнген тажал болатын.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының
докторы, профессор.