МЕКТЕПКЕ МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕСІМІ БЕРІЛДІ
Алаш арыстарының қай-қайсысы болсын тарихтағы орны айрықша. Әйтсе де, Мұстафа Шоқайдың өзге қайраткерлерден, замандастарынан ерекшелігі – Түркістанның тұтастығына толық сенген, сол жолда басын бәйгеге байлаған қабырғалы да сан қырлы қайраткерлігінде. Саяси көзқарас кеңістігі тұрғыластарынан әлдеқайда кең болған ол қазақтың тәуелсіздігін күллі Түркістанның тәуелсіздігінен бөліп қарамаған.
Арман аңсары азаттық болған, жат жерде жүріп тәуелсіздік үшін жанкешті тірлік кешкен Мұстафа Шоқай дәуірдің ауыр кезеңіне тап келген. Ол – күллі түркі дүниесінің бірлігі үшін күрескен тұлға. Мұстафа Шоқай – патшалық Ресей заманында Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының саяси бюросында қазақ халқының мүддесін тұңғыш көтерген адам. Түркістанда құрылған Мұсылман орталығының тұңғыш басшысы. КСРО құрамындағы қазақ халқының мүддесін шетелде жүріп қорғаған тұңғыш қазақ. Қайраткер армандаған азат елде шоқайтануға қатысты іргелі істер атқарылып жатыр. Бірнеше ғылыми зерттеу кітаптары шықты. Көркем фильмде бейнесі сомдалды. Алматыда Мұстафа Шоқайдың мұражайы ашылды. Ұлт қайраткері, Алаш арысы Мұстафа Шоқайға туған жері Шиелі ауданында, Қызылорда қаласында, Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында ескерткіш орнатылған.

Тағы бір тағылымды іс – былтыр қазан айында елордадағы №51 мектеп-гимназиясына «Алаш қозғалысының» қайраткері, түркі әлемінің көсемі М.Шоқайдың есімі берілді.
Аталған білім ордасына М.Шоқайдың есімін беру туралы мәселе алғаш рет 2011 жылы мектеп ұжымының жалпы жиналысында сөз болған. Сонда ұжымның кейбір мүшелерінің М.Шоқай туралы С.Шәкібаевтың кітабы арқылы танысқанын айтқан. Кеңес үкіметі кезінде жазылған кітапта автор М.Шоқайды сол заманның көзқарасымен барынша қаралап, «сатқын» ретінде суреттеген-ді. Кейіннен соңғы деректерге сәйкес шын мәнінде М.Шоқайдың ел тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт қайраткері екеніне көздері жеткен соң мектепке есімі берілуі үшін ұжым мүшелері де атсалысты. Тарихи шарада мектеп басшысы Д.Жомартова бастаған ұжым оқушыларды Алаш арысының өмір жолымен қанықтыру мақсатында М.Шоқай мұражайын ашқысы келетіндерін айтады. Бастаманы қоштаған қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір мұражайға тың деректер мен экспонаттар жинауға кірісе кетеді. Бекмағамбет Қауасұлы, Бақыт Әбубәкірұлы секілді ел ағалары жөндеу, дайындау, демеуші тарту жұмыстарына білек сыбана кірісіп, аз уақытта нәтижелі іс көрсетеді.
Осылайша, М.Шоқай дүниеге келген 25 желтоқсан күні мұражайдың ашылу салтанаты өтті. Шараға қайраткер туып өскен Шиелі ауданынан да бір топ делегат арнайы барып қатысты. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Сыр елінің бренді ақ күріштен М.Шоқайдың 100х80 см портретін жасатып, құттықтау адресатын қоса жолдаған. Мұражайдың ашылуына қатысқан ардагер-дәрігер Болат Күлімбет:
– Мұстафа Шоқай атындағы мектепте 3226 оқушы оқиды. Шараға сенаторлар мен мәжіліс депутаттары, қала әкімінің орынбасары, БАҚ өкілдері қатысты. Мұражай шағын спорт залы сияқты кең бөлмеде орналасқан. Бөлмені жағалай экспонаттар мен М.Шоқайдың өмірі жайлы ақпараттар кезең-кезеңімен орналастырған. Мұражайдың ашылу лентасы қиылғаннан кейін ішке кіргенімізде туған жері Шиеліден келген ақ күріштен жасалған портреті менмұндалап мұражайдың келбетін ашып тұрғандай әсер етті. Порттреттің сол жақ бұрышына теледидар қойылған. Одан М.Шоқай туралы Алаш қайраткерлерінің пікірлері мен фильмдер көруге болады. Мұнда QR кодпен көптеген мағлұмат алуға болады.
Мұражаймен танысып болған соң мектептің конференция залында Мұстафа Шоқай туралы ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда сенатор Нұртөре Жүсіп, мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір және мен шығып сөйледік. Жиын соңында «Арлан» жастар футбол клубының басшысы, жерлесіміз Фазылбек Мұстанов мектептің үздік оқушысына арнайы стипендия және 3 түлегіне Түркияда оқуға грант тапсыратынын мәлімдеді. Салтанатты шараға қатысушылар М.Шоқай туралы көптеген тың мәліметтерге қанығып, ризашылықпен тарқасты, – дейді Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбет
Г.ЯХИЯ