Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркі елінің текті тұлғасы

Түркі елінің текті тұлғасы

Кейін Николай-ІІ тақтан құлап, қызылдар мен ақтар арасындағы орын алған аумалы төкпелі кезде, туған өлкесі Түркістан жеріне келіп, Мұхамеджан Тынышпаевпен бірігіп, Орталық Азия халықтарының басын біріктірген Түркістан республикасын құрады. Қызылдармен қиян-кескі жүргізілген соғыстан кейін, қоқан қоршауынан поляк сарбаздарының қорғауымен бұзып шығып Ташкентке келеді. Осы қалада өзінің өмірінің соңына дейін серігі, жан-жары болған Мария Яковлевқызы Горинамен танысып, некесін қияды. Түркістан автономиясының құлауы көрнекті қайраткердің шет елге эмиграцияға кетуіне себеп болады. Бірқатар орыс зиялыларының көмегімен Ташкент қаласынан шығып, Екатеринбургке сапар шегеді. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырады. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысады. Бірқатар шет елдерде газет-журнал шығару жұмыстарымен айналысады.
Мұстафа Шоқай Тбилисиде 1921 жылдың 25-ші ақпанына дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде жұмыс жасайды. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Мұқым елдің мүддесі үшін қолына қалам алып қана қойған жоқ, соғыстың ортасына да түсті. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді.
Алаш алыптары шоғырына жататын арыстарымыздың әрқайсысының тарихтағы орны айрықша. Әйтсе де, Мұстафа Шоқайдың өзге қайраткерлерден, замандастарынан ерекшелігі неде дейтін болсақ, ең әуелі, Мұстафа Шоқай – Түркістанның тұтастығына толық сенген, сол жолда басын бәйгеге байлаған қабырғалы да сан қырлы қайраткер деп бағамдаймыз. Мұндай жандар туралы Елбасы Н.Назарбаев: “Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген” – дейді.
Қаңтар айының 7-жұлдызында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күрес жолындағы жетекшілерінің бірі Мұстафа Шоқайдың туған күніне орай орталық алаңда орналасқан ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шарада аудан әкімі Әшім Оразбекұлы мен Шиелі ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Қалдыбай Сүгірбаев сөз алып, ел арысының бүкіл ғұмырын, күллі қажыр-қайраты мен ақыл-ойын туған халқының ғана емес, түбі бір тұтас түркі жұртының өз алдына дербес ел болу жолына арнағанын, азаттықты, тәуелсіздікті аңсап өткен тұлғаның асыл арманы орындалғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Алаш арысының еңбектері жайлы қаузады.
«Талант ауылда туып, Астанада өледі» дегендей Мұстафа Шоқай бабамыз 1941 жылы Берлинде қаза табады. Өмірінің ширек ғасырға жуық уақытын «армандар мен пәк сезімдер мекені» – деп бағаланған Париж қаласында өткереді. Осынау қалаға халқының ұлы арманын арқалап, Отан анасына деген пәк сезіміне кір шалдырмай, сол ананың, сол отанның бостандығын, еркіндігін, азаттығын, аңсап алдына асқақ арман қойып барған баба рухына мұқым ел бас иіп отыр. Мұстафа Шоқайдың бұл еңбегін шетелдік яғни, француз жұрты да жоғары бағалап, Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында оның есімімен саябақ ашып, ескерткіш тақта орнатады.
Дәл осы алып тұлғаны ұрпағы дұрыс бағаламай жүрген сыңайлы. Қасынан өткен жан рух алып, айбаттанудың орнына қолындағы қалдығын тастап, суретке түскеніне мәз-мейрам. Ата-баба рухына бас иіп, ескерткішке қамқорлық керек деп газетіміздің алдыңғы нөмірінде де айтқан болатынбыз. Көреген көсемнің еңбегін ертеңгі ұрпаққа насихаттап, ата-ағаларымыз ескерткішіне жиі келіп тәу етер болса, жас буында соған қарап бой түзер еді.

Гүлнәр Дүйсебай.
09 қаңтар 2018 ж. 1 138 0