ЖҮРЕГІ МЕЙІРІМГЕ, ІСІ ӘДІЛДІККЕ ТОЛЫ
Қоғам тыныштығы – оңай қалыптаспайтын құндылық. Ол тек заң талаптарының орындалуымен ғана емес, адамдарға деген жанашырлықпен, әділдікпен және үлкен жауапкершілікпен нығаяды. Осындай жауапты міндетті жүрегімен сезініп, ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Шиелі ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Жаннұр Сейтжан. Көпшілікке таныс, кәсіби шеберлігімен танылған, беделі қалыптасқан тәртіп сақшысы ретінде ол қоғам сенімін ақтап келеді.Кейіпкеріміздің болмысын сипаттағанда нәзіктік пен қайсарлықтың ерекше үйлесімін байқауға болады. Ол қиын сәтте көмек сұрап келген жанның жағдайын түсіне білетін мейірімді жан, бірақ әділдік пен тәртіп талаптары мәселесінде ешқашан босаңдық танытпайды. Полиция қызметі оның өміріндегі жай ғана мамандық емес, жауапкершілігі терең өмірлік жолға айналған. Әрбір істің артында адамның тағдыры тұрғанын жақсы түсінеді. Сондықтан қабылданған шешімнің салмағын сезініп, әр жағдайға мұқият қарайды. Оның айтуынша, кейде бір ауыз жылы сөз немесе дұрыс бағыт берілген кеңес адамның өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін. 2014 жылы ішкі істер органдарында қызмет жолын бастаған ол сол уақыттан бері тәжірибе жинақтап, талай қиын жағдайлардың куәсі болды.
Отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық кикілжіңдерді шешу – үлкен сабыр мен төзімділікті талап ететін сала. Мұндай сәттерде ол мәселенің сыртқы көрінісіне ғана емес, адамдардың ішкі күйіне де назар аударады. Кейде түсіністікке негізделген әңгіме немесе дер кезінде көрсетілген қолдау бір отбасының тағдырын сақтап қалуға себеп болуы мүмкін. Сол себепті әрбір жағдайды жан-жақты саралап, заң талаптарын сақтай отырып, адамгершілік тұрғыдан да әділ шешім табуға тырысады.
Ұжым ішінде де оның орны ерекше. Мінезі ашық, ісіне жауапты, әріптестеріне сенімді серік бола білген маман ретінде сыйлы. Қандай іске кіріссе де ұқыптылық пен тиянақтылық танытады. Қоғамдық шараларға қатысып, түрлі бастамалардың бел ортасынан табылып жүреді. Осындай белсенділігі мен жан-жақтылығы 2017 жылы Қызылорда облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Полиция аруы» байқауында да айқын көрінді. Сол байқауда Жаннұр жеңімпаз атанып, өзінің тек кәсіби тұрғыда ғана емес, мәдениеті мен парасаты, білімділігі мен өнерге жақындығы арқылы да ерекшеленетінін дәлелдеді.
Қызметтің қарбалас ырғағына қарамастан, оның өмірінде өнердің де орны бөлек. Домбыра – жан дүниесіне тыныштық сыйлайтын серігі. Қос ішектен төгілген әуен арқылы ол күнделікті тіршіліктің күйбеңінен бір сәт алыстап, ішкі әлемін тыныштандырады. Домбыраның қоңыр үні – ұлттық рухтың үні, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Осындай өнерге жақындығы оның рухани әлемінің байлығын аңғартады.
Оның өміріндегі ең қымбат әрі ең жауапты рөл – ана болу. Қазіргі таңда бір ұлды тәрбиелеп отырған ол баласына тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, өмірдің басты құндылықтарын да сіңіруге тырысады. Адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді ең алдымен өз ісімен көрсетуді жөн көреді. Өмір жолында кездесетін сынақтарға қарамастан, ол ешқашан мойымай, баласына әрдайым тірек бола білді. Ана жүрегіндегі мейірім мен табандылық оның өмірлік ұстанымын айқындай түседі.
Погон таққан нәзік жандардың қатарында жүрген Жаннұр Сейтжанның өмір жолы батылдық пен мейірімнің, адалдық пен жауапкершіліктің үйлесімін көрсетеді. Ол әр күнін елге қызмет етуге арнап, адамдарға тек заңның күшін ғана емес, жанашырлық пен сенімді де сезіндіреді. Қиын жағдайда көмек сұрап келген жанды тыңдап, жүрекпен қабылдай білу – оның басты қасиеттерінің бірі.
Сонымен ол өз ісіне адалдықты өмірлік қағидасына айналдырған жан. Күнделікті еңбегі арқылы ол қоғамда тыныштықтың сақталуына үлес қосып, адамдардың ертеңге деген сенімін нығайтып келеді. Жүрегі мейірімге, ісі әділдікке толы осындай жанның бейнесі – көпшілікке үлгі, жас буынға бағыт болар өнегелі жол.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








