Міндет мінберінен табылған инспектор
Полиция – қоғамдық тәртіптің сақшысы. Қайсыбір іс-шараның полиция қызметкерінің қатысуынсыз өтуі мүмкін емес. Олар басқа күндері де қызметтік борышы бойынша ауданның әрбір көшесін күзетеді. Заңға бағынатын азаматтардың денсаулығы мен мүлкі толығымен қауіпсіздікте болуын қадағалайды. Полиция қызметкерлері аз сөзбен айтқанда, қоғамдық тәртіп үшін отқа да, суға да түсіп, кейде жанын да пида ететін ерен кәсіп, абыройлы мамандық иелері.
Тәртіп сақшыларының қырағылығы оларға қалың бұқараның зор сенімін қалыптастырады. Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты маманның бірі – Жаңатұрмыс ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Досбол Оразмаханов десек те болады. Учаскелік полиция инспекторымен республикалық «Погонды журналист» жобасы аясында танысып, бір күндік жұмысын зерделеген болатынбыз.
Тәртіп сақшыларының қырағылығы оларға қалың бұқараның зор сенімін қалыптастырады. Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты маманның бірі – Жаңатұрмыс ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Досбол Оразмаханов десек те болады. Учаскелік полиция инспекторымен республикалық «Погонды журналист» жобасы аясында танысып, бір күндік жұмысын зерделеген болатынбыз.
Адам азды, қоғам тозды деп байбалам салу артық болар, дегенмен қоғамның қатігезденіп бара жатқанын мойындауымыз керек. Бұрын танымайтын адамдар сан соқтырса, қазір туысың тақырға отырғызып кетсе де таңғалмайтын болдық. Ағайындар жесір дауы, жетім дауында ғана жаға жыртысушы еді, қазір дүние-мүлік үшін бір-бірін мерт қылуға дайын. Біреу өз бауырын буындырса, енді біреу туған анасына қол көтеріп жатады. Бәрінен де құндақтағы сәбиін қоқысқа шімірікпей тастап кете салатындарды естігенде сай-сүйегіміз сырқырайды. Амал қанша? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ күн сайын осындай оқиғаларды естігенде құтымыз қашады. Осының бәрін адамдар қолымен, жо-жоқ, жүрегімен істейді. Өйткені, кім болса да жүрегі шыдайтын іске ғана бара алады. Ал полиция қызметкерлері күніне ондайлардың талайымен бетпе-бет келеді. Иә, қандай қиындыққа тап болсақ та тәртіп сақшысы келіп жеткенше тағат таппаймыз. Осылайша өзгенің амандығы үшін басын қатерге тігетін маман иесі Досболдың әр күні осы сарында өтеді.
Жаңатұрмыс ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен жете таныса түскен Досбол Оразмаханов тұрғындармен жол ережесін бұзбау, мал ұрлығының алдын алу, сақтық шараларын күшейту бағытында түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазақта «Жігіттің күшін сұрама, бітірген ісін сұра» деген тәмсіл бар. Учаскелік полиция инспекторы жыл басынан бері 2 қылмыстық істі ашып, 100 әкімшілік құқық бұзушылықтың орын алғанын анықтаған. Ал оның 60-ы жол қозғалыс ережесін сақтамағаннан болса, 40 іс мүлдем төбеушілік бағытында.
– Бір ауылдың тыныштығын күзету оңай іс емес. Бірінің қорадағы ірі қарасы жоғалса, бірінің баласы ішімдік ішіп, үйдің берекесін қашыратын кездер болады. Ел ішіндегі ахуалды реттеп, арыз-шағым түскен бойда іске кірісу менің маман ретіндегі міндетім. Сондықтан күн-түн демей тұрғындарға көмегім қажет болған тұста сол жерден табылуға тырысамын, – дейді ауыл инспекторы.
Расында, бір күндік жұмыс уақытында тыным таппаған Д.Оразмаханов таң атқаннан күн батқанша ауыл тұрғындарымен жүздесіп, жол бойын да күзетіп үлгерді. Тіпті, қас қарайған сәтте отбасылық мәселеге байланысты қоңырау түскен соң Досбол сол мекен жайға қарай жөнелді. Біз де кері қайттық. Сол мезетте, ауыл тұрғындары күші мен ісін бір арнаға тоғыстырып, азаматқа лайық жауаптылық жүгін қайыспай көтеріп келе жатқан осы бір ширақ қимылды жігіттің ісіне көңілдері толатынын жеткізді.
Г.ДҮЙСЕБАЙ
Г.ДҮЙСЕБАЙ