Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапта тұрған сақшы қыз

Сапта тұрған сақшы қыз

Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу, мемлекет пәрменін орындау, халық пен биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметкерлерінің ең басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік жүгі ауыр салада еңбек ететін құқық қорғау саласының қызметкерлері уақытпен санаспайды. Ішкі тәртіп осындай. Осы саланы таңдап, бүгінде ауданның ішкі тәртібінің тыныштығын күзеткен, заты нәзік болғанымен, мойнына ауыр жүк арқалаған полицейлер қатарында Жаннұр Сейітжан да бар. Жастығына қарамастан полиция капитаны шенін алған Жаннұр нәзік өмірін қайсар іске арнаған.
Айта кетейік, елімізде он екі мыңнан астам нәзік жанды заңның тұтастығын қадағалап, аталған мамандық бойынша жұмыс істейді. Кейіпкеріміз Жаннұр Сейітжан – 1990 жылы Бейгеқұм ауылында дүние дидарына келген. Оның бала кезгі мұраты аға-әпкелері секілді полиция қызметкерінің формасын киіп, қоғам тыныштығын қоруға болатын. Мақсаты мығым нәзік жанды тәртіп сақшысының қарым-қасиетін бойына сіңіріп өседі. Шыншыл әрі тура мінезді қыз білімге деген жан-жақты ұмтылысының нәтижесінде 2007 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдап, еңбек жолын 2015-2017 жылдар аралығында Жаңақорған ауданындағы полиция бөлімінде анықтау тобының анықтаушысы қызметінен бастады. Тәжірибе жинақтаған шақта 2017-2019 жылдары Жаңақорған аудандық полиция бөлімінде ақпараттық аналитика тобының аға инспекторы болып еңбек етті. 2019 жылдан бастап Шиелі аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор қызметін атқарып келеді.
Ол ішкі істер органында қызмет атқаратын саусақпен санарлық бұрымдының бірі. Кәсіби маман қазақ қызына тән батырлық пен батылдық атаулы қасиеттен де құр алақан емес. Халықтың қамын ойлайды, елдің тыныштығын күзетеді. Сын сағатта сертіне адал, ісіне әділ. Ер азаматпен иық тіресе жұмыс істей жүріп, бірқатар тәжірибе жинақтаған.
«Әйелдің бақыты – отбасы» десек, бүгінде Жаннұр – үлкен шаңырақтың өнегелі келіні, аяулы жар. Қызметімен қоса отбасының тыныс-тіршілігін қатар арқалайтын қызметкер жауапкершілік жүгін түсінеді. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытпен санасуды көтермейді. Сондай сәтте, Жаннұрға дем беріп, бойына берік сенімды ұялататын оның адал жары. Өмірлік серігі үнемі қолдау білдіріп, жұмысына түсіністікпен қарағанның арқасында өз қызметін абыройлы атқаруға барын салып жүр. Темірдей тәртіптің арасында жүрсе де кез келген қазақ қызының бойынан табылатын ұяңдық, сыпайылық, инабаттылық Жаннұрға тән. Әсемдікпен қатар, батырлығы мен батылдығы тағы бар. Үлкенге ізетті, кішіпейіл, биязы мінезді Жаннұр Сейітжанды әріптестері білікті маман ретінде құрметтейді.
Жұмыстың қиындығына қарамастан тәртіп сақшысы жетістіктен де кенде емес. 2016 жылы облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен полиция қыздар арасында өткен «Полиция аруы» байқауының жеңімпазы атанған. Тәртіппен қатар өнерді де өн бойына сыйдырған сақшы қыз бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ән айтып, домбыра тартады. Сонымен қатар тәртіп сақшыларының мерекесінде әуезді үнімен патриоттық әндер орындайды.
– Арулар нәзік жаратылыс екеніне таласым жоқ. «Алғашқы кездері бұл қызметке үйрену оңай болмады. Бізде белгілі бір жұмыс уақыты біткенше ғана жұмыста болу деген жоқ. Түнде де жас­тарды бақылап, көшедегі тәртіпті күзетіп, рейдтерге шығып тұрамыз. Кейде түн ортасында да шақыртулар болып жатады. Осындай жағдайларға тән қызметім мені қаттылыққа, ер мінезді болуға тәрбиеледі. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны болуға, мықты сақшы болуға бейімделдім. Осы салаға келгеніме 8 жылдай уақыт ішінде көптеген тәжірибеден өттім. Әйел заты болсам да, ең басты мақсатым – қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқықтарын қорғау деп ойлаймын. Сондықтан төзуге тырысамыз. Өйткені бұл менің қызметім. Өз жұмысымды жауапкершілікпен адал атқаруға тиіспін», – дейді Жаннұр Сейітжан.
Иә, полиция қызметі – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала. Дегенмен, осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Жаннұрдай сақшы қыздарымызға сүйсіне қарайтынымыз рас.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
21 маусым 2022 ж. 730 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930