Тыныштық күзеткендер
Қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулік дегенді білмейтін, күйбеңі көп күнделікті қызметте тер төге жүріп, өз міндетіне мінсіз берілген полицейлердің ісі қандай құрметке де лайық. Себебі, құқық қорғау қызметі оңай емес. Қоғам тыныштығын күзеткен олар уақытпен санаспайды. Осынау жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қызмет бабында қырағылығымен танылып, елдік мүддені биікке қоя білген Қаппаровтар әулетін мақалаға арқау еттік.
Ішкі істер саласының құрметті ардагерлерінің бірі – Батырбек Қаппарұлы 1952 жылы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ы.Жақаев ауылында №149 А.Монтаев атындағы мектептен тәлім алған ол 1969 жылы 10 сыныпты бітірген соң, Қызылорда қаласындағы политехникумның құрылыс факультетіне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Одан соң екі жыл әскер қатарында болып, ол жақта құрылыс шебері болып жұмыс істейді. Отан алдындағы борышын өтеп келген жас жігіт 1976 жылы Қарағанды қаласындағы мемлекеттік заң университетінен жоғары білім алады. Оқуды жаңа бітірген жас маман Қарағанды қаласындағы Совет аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасқан. Қоғамдық жерлерде тәртіпті қадағалау дивизионның инспекторы қызметінен бастап, кейіннен аға учаскелік инспектор, анықтаушы бөлімінің анықтаушысы, Талды АІІБ-нің әкімгершілік милиция бөлімшесінің бастығы болады. Мұнан соң 1990 жылы Шиелі АІІБ-не ауысып келіп, аға учаскелік инспектор, кезекші бөлімінің аға инспекторы, штаб басшысы қызметтерін атқарған. 1992 жылдан АІІБ-і бастығының жеке құрам арасындағы тәрбие жөніндегі орынбасары. 1995 жылдан 1998 жыл аралығында АІІБ-нің бастығының қызметін атқарып, зейнетке шыққан. Демалысқа шыққаннан кейін де елге қызмет етіп, 2010 жылы Шиелі астық базасында қауіпсіздік қызметінің бастығы жұмысын атқарды.

Батырбек Қаппарұлы зейнет жасында болғанына қарамастан, үнемі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жас мамандарға жол көрсетіп, ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
– Көп жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеп, халықтың тыныштығы үшін күндіз-түні талмай еңбек еттік. Қазір ұлымның да осы салада адал еңбек етіп келе жатқанына шүкіршілік етемін. Полиция қызметкері, ең алдымен қызметіне адал, лайықты болуы керек. Өз жұмысын сапалы орындау үшін оны сүюге тиіс. Кез келген полицейдің жұмысында қиын сәттер болады, алайда міндетті түрде бойдағы үрейді жеңіп, ешнәрсеге қарамастан алға жылжуы шарт. Тәртіп пен төзім салтанат құрған жерде құқық қорғаушылардың да абыройы арта түспек, – дейді зейнеткер полиция.
Тынымсыз жасаған еңбегінің нәтижесінде ішкі істер қызметіндегі мінсіз қызметі үшін бірнеше марапатқа ие болған. «Үздік полиция қызметі үшін» төсбелгісі де кеудесінде жарқын жұмыстың жетістігіндей болып жарқырап тұр. Денсаулық саласының ардагері зайыбы Бақыт Өмірғазықызы екеуі 2 қыз, 2 ұлды тәрбиелеген.
Өзі айтқандай-ақ сала ардагерінің кіші ұлы Берік Батырбекұлы да әке жолын жалғастырып, ішкі істер саласында қызмет етіп жүр. Ол 1988 жылы 1 қыркүйекте Қарағанды облысында дүниеге келген. Өзінің өмір жолын таңдау уақыты келгенде, әу бастан кім болатынын іштей сезген. Өйткені, алдында үлгі тұтар әкесі болды. Көп ойланбастан әкесінің форма кигеніне жастайынан қызыға қараған ол 2006 жылы Шиелі кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектепті бітіргеннен кейін, Павлодар қаласындағы заң колледжін, кейіннен Қарағанды мемлекеттік заң университетін тәмамадайды. Осыдан кейін Беріктің қызмет жолы басталды. Алғашқы еңбек жолын Тартоғай ауылындағы қылмыстық атқару жүйесінде отряд бастығы болып бастаған. Мұнан соң сотталғандар арасында тәрбие жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы болып жұмыс істейді. Әкенің күшімен, ананың сүтімен дарыған табанды мінез оның білімі мен білігін айналасындағыларға мойындатты. 2013 жылдан бастап Шиелі АІІБ-нің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі қызметін атқарып келеді. Өзге үшін жас болса да, осы жердің «тісқаққан» маманына айналып үлгерген.
– Бізге жүктелген жауапкершілік өте жоғары. Темірдей тәртіп пен қырағылық талап етіледі. Мамандықтың жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, полиция қызмкеткерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан әр тәртіп сақшысының бойында адалдық пен кәсібилік болуы керек. Сонымен қатар полицейлер үшін талап пен жігер қажет деп ойлаймын, – дейді ол.
Ұлының ел қауіпсіздігі жолында аянбай тер төгіп келе жатқанын көрген әке өз өміріне дән риза. Міне, елдің тыныштығын ойлаған полиция қызметкері тосыннан төнген қауіптің алдын алып, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуде. Оның жұмысы уақытпен өлшенбейді. Қай сәтте болсын қауіп төнсе, тәртіп сақшылары сол жерден табылады. Осы ерлік істері марапатқа лайық.
Ш.Тілеубаев