Қайсар қыздар құрметке лайық
Әйел затының жаны нәзік, табиғаты сұлулық пен көркемдіктен тұрғанымен тұла бойына қайсарлық пен батылдық қасиеттерін ұштастыра білетін арулар баршылық. Өзеріңіз білетіндей ішкі істер саласы – қайсарлықты, ержүректікті талап ететін жүйе. Біздің ауданымызда бұл салада жоғарыда айтылған талапқа сай деген ер-азаматтар қызмет етуде. Дей тұрғанмен сол ер-азаматтар арасында қазақ аруларын да көріп келеміз. Бүгін Шиелі аудандық полициясының қатарында қызмет атқарып жүрген ержүрек қыздарымыз туралы әңгіме өрбітпекпіз.
Тарихтан белгілі небір батыр қыздарымыз жаудан жасқанбай, намысты қолдан бермей батыл қадамдар жасаған. Сондай батыр да, батыл қыздарымыз бүгінгі бейбіт заманда да бар. Ерлермен иық тіресе жүріп, нақты шешімдер қабылдап, қызмет мүддесін жеке басынан әлдеқайда жоғары қоятын ер мінезді қыздарымыз жетерлік. Әрқашанда табандылықты ту еткен Шиелі аудандық полиция бөлімінде ерлермен иық тірестіріп жүрген нәзікжандылардың ісін ерлікке бағалаймыз. Өйткені елдің тыныштығын күзетіп, осы салада мінсіз қызмет етіп жүрген қазақ арулары жетерлік. Олар да қызмет жүгін абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленуде. Бөлімде Назерке Көрпебаева, Нәбира Күлбаева, Ғалия Пірманова, Нағима Асылбекова, Көркемай Аманбай, Фарида Досболова және басқа да өз ісінің білгірлері жұмыс істейді. Осындай тәртібі қатал жерде қызмет етіп жүрген нәзік жандыларды 23 маусым – полиция күніне орай, баспасөз бетіне жариялауды жөн көрдік.
Алғашқы кейіпкеріміз – Назерке Көрпебаева Шиелі аудандық полиция бөлімінің «Әйелдерді зорлық-зомбылыққа қарсы тобының аға инспекторы» қызметін абыроймен атқарып келеді. Әрқашанда «бала арманы бұлыңғыр» демекші, бала кезімде қиялшыл, арманшыл болатынмын» дейді Назерке Көрпебаева.
Шыны керек, сол кезден бастап, болашағымды бағдарлауды қолға алдым. Полицейдің жүріс-тұрысы, киген киімі маған қатты ұнайтын. Даладан полиция қызметкерін көргенде өзімнің болашағымды көргендей болатынмын» деп, еске алады ол. Сөйтіп, қиялын шындыққа айналдырып, арманына қол жеткізу үшін Назерке Сақтапбергенқызы көп ойланбастан 2010 жылы мектепті бітірісімен, ҚРІІМ нің Ақтөбе заң институтына оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын бітіріп 2014 жылдан бастап Шиелі аудандық полиция бөлімінде еңбек етіп келеді.
Тағы бір кейіпкеріміз полиция болуды өзі таңдаған. Ол – капитан Нәбира Күлбаева, Шымкент қаласында туылған. Қазіргі кезде, Шиелі аудандық полиция бөлімінде кәмілетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып 2014 жылдан бері қызметін абыроймен атқарып келеді. Бала кезден полицияның формасына қызықтым. Арманым алдамады. Мен отан үшін қызмет етуге дайынмын, – дейді Нәбира. Десе де, сақадай сай полиция формасын айнымас серігіне айналдырған арудың бойынан шын мәнінде нәзік, биязы, сұлулығының астарында өжет мінезді, асқақ рухты қайсарлығын жасырған нағыз қазақ қызын көрдік.
Ішкі істер саласында табан аудармастан 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан нәзікжандының бірі Ғалия Пірманова. Ол Қызылорда облысы, Шиелі ауданыда дүниеге келген. ҚРІІМ-нің Алматы академиясын бітірген. 2008 жылдан бастап Шиелі аудыны полиция бөлімінің екінші арнайы тобының инспекторы болып қызмет атқарып келеді.
Өз ісін мақтаныш санайтын арудың бірі – Нағима Асылбекова Шиелі ауданында дүниеге келген. Шиелі аудандық полиция бөлімімнің «Көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы» қызметін атқарып жүрген жан. 2005 жылы Қазақ-өзбек инженерлік гуманитарлық университетін бітірген. Шиелі аудандық полиция бөліміне 2013 жылы келген. Біз әңгіме арқауына айналдырып отырған кейіпкеріміз бұл саланың отымен кіріп, күлімен шыққан. Барлық қиындықтарына мойымай ер-азаматтарша екпінді жұмыс жасап келеді.
Бүгінде уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын меңгерген қыз келіншектердің қатары артуда. Сондай жанның бірі жалынды жиырма жасында елдің тыныштығын күзетуді парыз санағандардың қатарында Көркемай Аманбай да бар. Ол Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Мектепті бітірісімен ҚРІІМ-нің Ақтөбе заң институтына оқуға түседі. Биыл аталмыш институтты аяқтап, Шиелі аудандық полиция бөлімінң кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып жүр.
Елдің тыныштығын күзетіп жүрген арулардың бірі – Досболова Фарида Қуандыққызы. Шиелі ауданында 1980 жылы 31 шілде де туылған. Қызметі Шиелі аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы. Алдағы уақытта аудан көлемінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың, қандайда бір келеңсіздіктер мен суицидтті болдырмау мен басқа да қылмыстарды алдын алу керектігін жеткізді. 2014 жылы Қазақстан инженерлік педогикалық халықтар достығы университетін бітірген. Ішкі істер органындарында 2015 жылдан бастап қызмет істейді.
Иә, бүгінде полиция қызметкерлерінің қатарынан нәзікжандарды көру таңсық дүние емес. Өйткені, қазір қай салада болмасын әйел адамдар белсенділігі жоғары. Осылайша қаншалықты жаны нәзік болса да, қызметте қайсарлық пен табандылықты қолдан бермейтін тәртіп сақшылары қандай құрметке болса да лайықты.
Шапағат Тілеубаев