Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақшы қыз

Сақшы қыз


Ішкі істер саласы – қайсарлық пен ержүректікті талап ететін мамандық. Ел қорғау, тәуелсіздіктің бүтіндігі мен қоғамдық тәртіпті бақылау – ардың ісі. Иә, отбасында бесік тербетсе, бөлімшеде елдің тыныштығын күзетіп, түн ұйқысын отанға деген адалдық жолында сарп етеді. Әрине қызметіне бұлайша берілу, көзсіз ерлік пен қауіп-қатерге қарсы тұру тек ерлердің қолынан келетін сияқты көрінетіні бар. Бірақ аудандық полиция бөлімінде айбынды арулар да білекті жігіттермен бірге иық тірестіріп жұмыс істеп жүр.
Халқымыз әрқашан әйел затын қастерлеген, шаңырақтың ұйытқысына ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған. Ұлт болашағына күн туған кей замандарда ер азаматтардың жігеріне қуат, жүрегіне от берген де, тіпті, елі мен жерін қорғау үшін кеудесін оққа тосып, шыбын жанын шүберекке түйіп, ұрандап, шайқасқа да шыққан, аттары аңызға айналған әйелдер болғанын тарихтан жақсы білеміз.
Бүгінде елімізде он екі мыңнан астам нәзік жанды заңның тұтастығын күзетіп, аталған мамандық бойынша жұмыс істейді. Ал ауданда ішкі істер мекемесінде 6 әйел қызметін абыроймен атқарып жүр. Солардың бірі – Жаннұр Сейтжан. 2007 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің заң факультетінде білім алып, 2015-2017 жылдар аралығында Жаңақорған ауданындағы полиция бөлімінде анықтау тобының анықтаушысы, 2017-2019 жылдары Жаңақорған аудандық полиция бөлімінде Ақпараттық аналитика тобының аға инспекторы, 2019 жылдан бастап Шиелі аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор полиция капитаны қызметін атқарып келеді.
Кейіпкеріміз кешегі пандемияда аудан халқын сақтыққа шақырып, темірдей тәртіпті күзетіп, халық сақтығы үшін қызмет етіп, карантин кезінде блок бекетте тұрды.
– Ішкі істер саласы ер-азаматтарға арналған мамандық деп жатады. Мүлде келіспеймін. Осы салада мінсіз қызмет етіп жүрген қазақтың айбынды арулары жетерлік. Олар да қызмет жүгін абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленуде. Бөлімде Нағима Асылбекова, Фарида Досболова, Нәбира Күлбаева, Ғалия Пірманова, Назерке Көрпебаева және басқа да өз ісінің білгірлері жұмыс істейді. Бүгінде өтпелі кезеңмен жүрген жастар мен жұмсақ әрі түсінісіп сөйлесудің нәтижесінде көптеген төбелестер мен құқық бұзушылықтың алдын аламыз. Полиция қызметкері мамандығын таңдап, оны өміріме серік еткелі бері тәуелсіз еліміздің өсіп, өркендеуіне перзенттік үлесімді қосып келе жатқанымды мақтан етемін, – дейді Жаннұр Сейтжан.
Жаннұр жас та болса, өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындап келеді. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіз Қазақстан елінің қауіпсіздігін қорғап жүрген жан, мамандығының мақтанышы.

Шапағат Тілеубаев
10 наурыз 2021 ж. 833 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930