Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіппен қатар жүрген жандар

Қауіппен қатар жүрген жандар


Құқық қорғау қызметінің оңай емес екені әмбеге аян. Қоғам тыныштығын күзетіп, көше тәртібін қадағалап жүрген сақшылар күрделі жағдайлармен күн сайын бетпе-бет келіп жатады. Осындай қарбалас пен қым-қуыт тіршілікті темір жол бойынан байқауға болады. Бұл жерде де қоғамдық тәртіп бұзылып, түрлі қылмыс орын алуы мүмкін. Ал жолаушы мен жүктің тиісті жерге аман-сау, бүлінбей жетуіне және теміржол бойында тәртіптің сақталуына, заңсыздық болмауына көлік сақшылары жауапты. Осы жауапкершіліктің үдесінен Қызылорда станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімшесінде полиция майоры Жанибек Исаевтың басқаруымен 8 қызметкер күндіз-түні мүлтіксіз қызметі арқылы шығып келеді. Бұл кішкене ғана бөлімше болса да, қызмет атқару аймағы – теміржолдың 78 шақырымнан асатын аумақтың тыныштығын бақылап, теміржол бойынан өткен әрбір жолаушылар және жүк поездарының аман-есен келеңсіз жағдайларсыз өткенін қадағалайды.
Қарулы қылмыскерлермен қақтығысып, «тілсіз жау­мен» «тартысып» өткен ерлік жолдары көпке үлгі. Осылайша, қауіп-қатерге толы қызметін абыроймен атқарып, қапыда қаза тапқандары қаншама?! Осындай ерлігімен, өрлігімен ел есінде қалған жанның бірі –Мұратбек Өмірбеков еді. Сәл уақытқа шегініс жасасақ, осыдан тура жиырма бес жыл бұрын Қызылорда облысында сол кездегі одақты дүр сілкіндірген қылмысты оқиға тіркелген болатын. Арнайы вагон түрмесінен қашып шыққан 6 аса қауіпті қылмыскер Шиелі ауданындағы жолаушылар бекетінде оннан астам жолаушысы бар «Икарус» автобусын кепілдікке алып, шетелге қашып кету әрекетіне кіріскен болатын. Елбасына күн туған алмағайып шақта осынау мамандық иелері бір сәтке де ойланбастан террористермен жекпе-жекті бастап кетті. Нәтижесінде, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мерейі үстем болды. Алайда, бұл жеңіс милиция аға лейтенанты Мұратбек Өмірбековтің өмірін алып кетті. Мұратбк Әмзеұлы осылайша қылмыскерлер қолынан ерлікпен қаза тапты. Ерлік еленбей қалмады, жоғары бағаланып, М.Өмірбеков Елбасының Жарлығымен екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын.
Дегенмен, көңілде бір жұбаныш бар. «Орнында бар оңалар» дегенді текті халқымыз осындайда айтқан болар. Мұратбек ағамыздың ізінен қалған Ринат, Рахат, Дәулет есімді балалары бар. Үлкен ұлы Ринат Мұратбекұлы қазіргі күні әкесінің ізін жалғап, сол Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімшесіне полицей болып қызмет атқаруда. Балалары нағыз батырлықтың үлгісі болған әкесінің тәрбиесін толық алмаса да, анасы Күләш Дүйсенқызы мен әжесі Айзада анамыз балдарына ер адамға тән тәрбиесін беріп, үлкен қасиеттерді бойына сіңіргендігі байқалады. Мұратбек ағаның шаңырағына шаттық тілеп, ел үшін жасалған ерлік ешқашан ұмытылмайтындығын айтқымыз келеді.

Салтанат ТАЙМУРЗАЕВА,
Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің жасөспірімдер ісі
жөніндегі тобының аға инспекторы,
полиция майоры.
23 маусым 2018 ж. 1 384 0