Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақшы қыз

Сақшы қыз


Осыдан тура 99 жыл бұрын, яғни 1919 жылдың 18 ақпан күні «Теміржол күзетін ұйымдастыру бойынша ведомствоаралық комиссиясын құру» туралы құжатқа қол қойылған. Бұл осы саланың мәртебесін айқындайтын алғашқы құжат болатын. Бұдан кейін қайта өңделіп, көліктегі ішкі істер саласы құрылды. Міне, осыдан кейін көліктегі полиция күні болып ресми мейрам болмаса да, ішкі істер саласында аталып келеді.
Көліктегі қызметтің ерекшелігі – қызмет атқару аймағы теміржол, әуе және теңіз көліктері болып табылады. Сондықтан, көліктегі қызмет атқару, қоғамдық тәртіпті сақтау, ұрлық және т.б. қылмыс деректеріне жол бермеу, болған қылмыстарды дер кезінде әшкерелеу маңызды.
Еліміз дүниежүзілік сауда жолының ортасында орналасқаны белгілі. Ежелден «Жібек жолының» бойында орналасқан қазақ жері шығыс пен батысты бір-біріне жалғастырып отырғанын тарихтан білеміз. Жолдың қауіпсіздігі, қызмет көрсету ерекшелігі сауда айналымының артуына және сол арқылы мемлекет қазынасының толығуына кепіл. Осыған сәйкес, бүгінгі таңда тәуелсіз еліміз өзінің ежелгі осынау миссиясын қайта қолға алу үшін көлік-логистикалық жүйесін дамытуға баса мән берді.
Өзінің транизиттік әлеуетін толыққанды пайдалану Қазақстанның сауда-экономикалық әлеуетінің артуына сеп болады. Ал, өз кезегінде осынау жолдардан әрлі-берлі, ерсілі-қарсылы өтіп жатқан тауарлардың, адамдардың қауіпсіздігіне кепілдік беруде бұл саланың дамуына серпін бермек. Сондықтан, транзиттік қауіпсіздік, жол күзетінің қызметі, ұйымдастыру жұмыстары өз маңызын жоймақ емес. Бұл саланың да өзіндік тәртібі, ерекшелігі мен қиындығы бар. Әскери қызметтен еш жері кем емес. Әсіресе, теміржол күзетінің қызметі қашан да қауырт келетіні белгілі. Ол жерде темірдей тәртіп болмаса, күнделікті осы жолмен өтіп жатқан қымбат, қауіпті жүктердің, алыс-жақын шетелдіктердің барлық іс-қимыл әрекеті, олардың қауіпсіздігін сақтау – айтқанға оңай болғанымен жеңіл атқарыла салар жұмыс емес. Табандылықты, сақтықты, ептілікті, күш-жігерді талап ететін жұмыс. Ал, осындай қатаң тәртіпті жұмыста қыз баланың жалпы, әйел затының еңбек етуі тіптен ауыр. Дегенмен, біз әңгіме арқауына айналдырғалы отырған кейіпкеріміз бұл саланың отымен кіріп, күлімен шыққан. Барлық қиындықтарына мойымай ер-азаматтарша екпінді жұмыс жасап келеді. Оның есімі Салтанат.
Салтанат Таймурзаева Ақтөбе қаласы көліктері Батыс ішкі істер басқармасына 1998 жылы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң қызметке орналасып, ең алғашқы еңбек жолын осы саладан бастайды. Қазір Салтанат Тілегенқызы Қызылорда станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімшесінде қызмет атқаруда. Түркістан мен Сексеуіл станциялары аралығындағы жолаушылар поезында ер адамдармен бірге ілесіп жүрген күзет жасағындағы нәзік жандыдан бір өзі. Ол, жолаушылар поезының жолаушыларының және поезд бригадаларының қауіпсіздігін сақтап, жолда қоғамдық тәртіптің сақталуына ер адамдармен бірдей өз үлесін қосып келеді. Қызмет барысында талай рет болған қылмыстардың ізін суытпай ашып, қауіпті қылмыскерлерді де құрықтаған. Жолаушылар поезымен есірткі заттарын тасымалдап бара жатқан адамдарды да анықтаған.
Бір сөзбен айтқанда, Салтанат Тілегенқызы тәуелсіз Қазақстан елінің қауіпсіздігін қорғап жүрген жан, мамандығының мақтанышы.
Қазіргі күні Салтанат жолдасы Жомарт екеуі Мейіржан, Асылжан есімді балаларын тәрбиелеп келеді. Полицей қызметімен қатар отбасылық өмірін де қатар алып жүруде. Басшылық тарапынан бірнеше рет марапатталды.

Нұрман Даһар.
20 ақпан 2018 ж. 1 740 0