«ТҮРКІМЕНСТАН –ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖҮРЕГІ»
Алматыдағы «Достық» үйінде Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің «Түркіменстан –Ұлы Жібек жолының жүрегі» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Тұсаукесер рәсімге Түркіменстанның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Батыргелді Гулджанов қатысып, кітаптың тарихи маңызына тоқталды.
–Түркіменстан бүгінде көршілес елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан тәуелсіз ел. Бейтарап ел болғанымен, халықаралық саяси аренада өз жүрер жолын айқындап алған дербес саясаты бар мемлекет. Сондықтан бұл кітаптың маңызы өте зор. Кітап Ұлы Жібек жолының бағытын нақтылай отырып, оны кең ауқымда көрсетеді. Кешегі өткен уақытта Оңтүстік пен Солтүстік және Шығыс пен Батыс аралығында керуеннің көші толас тапқан жоқ. Бүгінгі Түркіменстан құрлықаралық көлік тасымалы инфрақұрылымын қалыптастырған ірі халықаралық логистикалық орталық ретінде өзінің ролін халықаралық қауымдастықта айқындай түсті. Сондықтан да мемлекет басшысының «Түркіменстан –Ұлы Жібек жолының жүрегі» атты кітабы ұлттың мәдени ерекшеліктерін, әдет-ғұрып пен түрікмендердің дәстүрлі тарихи жолын көрсетеді, –деп атап өтті елшінің кеңесшісі Батыргелді Гулджанов.
Расында да Жібек жолы бүгіннен пайда бола қойған жоқ. Сауда –саттықтың өн бойында орналасқан қалаларда қарым-қатынас дамыды. Қытайдан бастау алған керуен жолы Түркіменстан, Орта Азия Республикалары арқылы Еуропаға жол тартты. Сан ғасырдан бері келе жатқан сауда қатынасын дамытуда түрікмендердің үлесі орасан зор болды. Сондықтан да Гурбангулы Бердімұхамедов өз кітабында «Біз өткен мен бүгіннің тарихи сабақтастығын жалғай отырып, кеше мен бүгінімізді бұрынғыдан да бекітіп, көрші елдермен қарым-қатынасымызды күшейте түсуіміз керек» деп атап көрсетеді. Түрікмен басшысы «Ұлы Жібек жолын тарихи мәдени құбылыс» ретінде атап өтеді. Өйткені сауда жолында қалалар дамыды, ұлттық және рухани құндылықтар қалыптасты. Өркениет дамып, халықаралық қарым-қатынас жанданған тұста Жібек жолының маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі саяси топ өкілдігінің кеңесшісі Алмаш Аренова, «Жібек жолы: бүгін» газетінің бас редакторы Хусей Дауров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қалалық төрағасының орынбасары Қазбек Мамсуров, Түрікмен қоғамдық мәдени орталығының төрайымы Гүлнара Аннакулиева және тағы басқа маман-сарапшылар сөз сөйлеп, «Түркіменстан –Ұлы Жібек жолының жүрегі» атты кітаптың тарихи маңызына тоқталды.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің «Түркіменстан –Ұлы Жібек жолының жүрегі» атты кітабы «Жол бойындағы Джейхун», «Ежелгі Мерв», Сарахс пен Анаудың аралығы», «Нисадан Дехистанға дейін», «Ежелгі Дашогуз жерінде», «Ертегі әлемінде» атты алты бөлімнен тұрады.
Тұсаукесер рәсімге қатысқандар Түркіменстан президентінің кітабы Қазақстанда үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтіп, екі халық арасында ғылыми-мәдени байланыстарды нығайтуға рөл атқаратынын айтты.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ