Ел қорғаны – ерлерге құрмет
Жыл сайын Қазақстанда 23 маусым күні Қазақстан Республикасының полиция күні мейрамы аталып өтеді. 1992 жылы «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары» туралы Заңы қабылданды. Бұл Қазақстан полициясының істері мен қызметін анықтайтын бірінші актісі болып табылады. Ал, 2007 жылы Мемлекет басшысының жарлығы бойынша 23 маусым – полиция күні деп ресми түрде бекітілді.
Полиция – өз баламыз. Ол – елдің қорғаны. Олардың жұмысы уақытқа бағынбайды. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қияды. Олай болса, қазақ полициясы қандай құрметке болса да лайық екенін ескеріп, төрден орын берілуі тиіс.
Осындай ілтипаттың бір парасы аудандық мәдениет үйінде «Полиция – қорғаным» тақырыбымен өткен салтанатты шарада көрініс тапты. Болат құрыштай бекем, темірдей төзімді, отқа күймейтін, оққа өлмейтін, ел басына күн туса алдыңғы шептен табылатын тәртіп сақшылары үшін бұл күн басқа күндерден айрықша. Күнделікті жұмыс кестесіндегідей темір тәртіп емес, мерекелік көңіл-күйдің лебі сезіліп-ақ тұр жанарларынан. Сонымен, сақшылардың салтанатты шарасы басталып кетті. Сахнаға әуезді әуенмен шыққан кеш жүргізушілері жиынның мазмұнын айшықтай түскендей. Алдымен, ортаға құрмет қарауылы еліміздің көк Туын алып шықты. Әрі қарай Әнұран шырқалып, көпшілік жүрек тұсына қолдарын қойып, қосыла шырқады.
Ал, 1 минуттық үнсіздік көпшіліктің көз алдына ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қалыптастыру жолында өз өмірлерін тәрк ете отырып, қылмыскермен бетпе-бет кездесіп, жанқиярлық танытып, қоғам тыныштығы жолында жан қиған атпал азаматтардың ерліктерін алып келгендей. Кеш иелерін мерейлі мерекелерімен құттықтау үшін аудан әкімі Ә.Оразбекұлы сахна төріне көтеріліп, игі тілегін жолдады.
– «Қазақстан полициясы» күні - жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні. Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады. Қажырлы іс қай уақытта да өзінің биік бағамын алары сөзсіз. Ал, ең қымбаты ол – халықтың сенімі, халықтың алғысы! Кәсіби, адал қызметтеріңіз арқылы алғысқа бөлене беріңіздер! Қызметтеріңізге тыныштық пен игілік, отбастарыңызға бақыт пен береке, қоғамға бейбіт өмір тілеймін! – деді.
Отбасы тірлігін, ошақ қасы міндеттерін екінші орынға ысырып, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» – деген қанатты сөзді басшылыққа алып, халық сенімі жолында аянбай еңбек еткен сала қызметкерлерін қандай марапатқа ұсынса да лайықты. Осы орайда, аталмыш сала қызметкерлері облыс, аудан әкімі мен ішкі істер бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Айта кету керек, полиция қызметкерлеріне жыл сайын материалдық-техникалық базасын жақсартуға мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлық көрсетіліп келеді. Осынау ел қорғандарының кәсіби шеберліктерін жетілдіру, оларға әлеуметтік қамқорлық жасау мәселесі де назардан тыс қалмады.
Мерекелік шарада, аудандық ішкі істер бөлімінен құралған «Жалын» ансамблі хормен «Полиция маршын» орындап, ыстық ықыласқа бөленді. №228 мектеп оқушылары өлең оқу арқылы көрермен жүрегіне жол тартты. Тұрғанбай датқа ауылының кішкентай тұрғыны Ернар Алмырза өлең оқу барысында көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бір серпілтіп тастады. Сонымен бірге Акмая, Жиделіарық ауылдық клуб үйлерінің өнерпаздары сахна көркін қыздырып, көрермендерді ән-күймен қуантты.
Ал, нақ осы мереке аясында 16 маусым күні аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдар арасында шағын футболдан жарыс өткізілген болатын. Ойын барысында 14 команда қатысып, доп додасы тартысты әрі қызықты өтті. Ақтық сынға шыққан командаларды аудандық мәдениет үйінде өткен осынау шара барысында марапаттады. Үшінші орын Жаңақорған ауданының ішкі істер бөлім командасына бұйырса, екінші орынды өзіміздің ішкі істер бөлімі иемденді. Ал, бірінші орын аудандық денсаулық саласы мамандарынан құралған командаға бұйырды. Мұнымен қоса, шағын футбол турниріне қатысқан ойыншыларды «Үздік қорғаушы», «үздік қақпашы», «үздік ойыншы», «үздік шабуылшы» номинацияларымен марапаттады.
Түйін. Құрмет қарауылдарында тұрған азаматтар жөнінде бір-екі ауыз пікір білдіре кетуді жөн санадық. Жіті жауапкершілікті талап ететін бұл саланың дүр жігіттерінің ыждағаттылығы жас түлектердің сынақ тапсыру сәтінде де сынға түсті. Сөзімізге №270 қазақ орта мектебіндегі қоғамдық тәртіпті, таңғы сегізден күзетіп, күн астында кірпік қақпай тәртіпті бағып тұрған сақшылардың ісі дәлел. Ал, кешкі бесте салтанатты шарада туды ұстап шыққан құрмет қарауылы сапында да нақ осы азаматтар болды. Ұстаған оразаларына қарамастан, сағаттар бойы бір орыннан тапжылмай, қызметін мүлтіксіз атқарып шықты. Қазақ полициясының сын сағаттарда мұқалмай өз міндетін абыроймен атқаруы зор құрметке лайық екендігінің айғағы емес пе?!
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
Суреттер
Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.