Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Қоғам және тәртіп сақшылары

Қоғам және тәртіп сақшылары

Егемен еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы негіздерінің бірі – Қазақстан полициясының құрылғанына 26 жыл толып отыр. Ішкі істер органдарының қызметкерлері ел саясатының қолдаушысы, халқының қамқоршысы болып саналады. Тәуелсіздік алған соң, елдігіміз айқындалғаннан кейін Елбасы 1992 жылдың 23 маусымында «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заңды қабылдау Жарлығына қол қойып, Қазақстан полициясы құрылды. Бұған дейін милиция аталып келген құрылым, енді полиция аталатын болды. «ҚР ішкі істер органдары туралы» заңда «ҚР ішкі істер органдары – мемлекеттік басқарудың қоғамдық тәртіпті қорғау мен қылмысқа қарсы күресу жөніндегі атқарушы және әкімші қызметті атқаратын, жеке адамның, азаматтың және мемлекеттің конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғайтын қарулы құқық қорғау жүйесі» делінген.
Қай кезде, қай қоғам болсын тәртіпке, ішкі тәртіпке ерекше көңіл бөлінген. Яғни, қоғамдық тәртіп, ішкі тәртіпке байланысты мәселелердің, ішкі істер қызметінің аса маңыздылығын көрсетеді. Бұл дегеніңіз сайып келгенде, яки – елдің ішкі тыныштығы, адамдардың еркін, бақытты ғұмыр кешуі, еңбек етуі, ұрпақ өсіруі, жалпы адамдардың алаңсыз өмір сүруіне қамқор болатын орган қызметкерлері деген сөз. Кейбіріміздей жақтырмайтын, жамандай салатын, сыртынан бос әңгіме айта салатын осал адамдар емес, керісінше, жаның қиналғанда жадыңнан табылатын мемлекеттік қызметкерлер, иығына пагон таққан, еліне, Отанына қалтқысыз еңбек етуге ант берген кәдімгі азаматтар – Қазақстан полициясының полицейлері.
Елдегі қоғамдық тәртіпті Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінде арнаулы әскери отрядтар атқарғаны белгілі. Көп ұзамай, Петроградта милиция құрылады да, Қазалы мен Перовскіде (Қызылорда) уездік милиция жасақталады. 1917 жылдың соңында қылмыс белең алып, тәртіп сақтау органдарын құру мәселесі күн тәртібіне қойылғанда, В.И.Ленин: «Бұл қиын істі Ф.Дзержинскийге тапсыру керек. Ол мұны істейді» деген екен. Сонымен, 1917 жылдың 10 қарашасы Қазақстанда кешеге дейін милиция күні болып тойланды. Тарихқа үңілсек, өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Ақмешіт уезінің уездік-қалалық милиция­сы, 1956 жылы басқарма, 2005 жылдың мамыр айынан департамент болып қайта құрылды. 1919-шы жылдың аяғына таман Перовск қалалық милициясының бастығы болып, бұрынғы Гержодтың орнына жерлесіміз, академик Шахмардан Есеновтің әкесі Жорабек Есенов тағайындалады. Кеңес өкіметі тұсында да бір жылдары, Шиелі мен Жаңақорған бір аудан болса, кейін бөлініп шығып, 1924 жылы Шиелі ауданының тұңғыш милиция бастығына Әли Палмұхамедов тағайындалып, туған жеріне аянбай еңбек етеді. Ол «Жөлектегі» орыс-қазақ «русско-туземная) мектебін және Мәскеу қаласында заң мектебін бітірген. Анығында Әзімхан Исмаилдың әкесі Бәкір Палымбетовтың туған інісі Әли болатын. Шиелі кентінде оған көше аты берілген. Оның аты-жөні неге Палмұхамедов? Себеп, үш ұлдың әкесі Палымбет үлкені Әбуге Балмұхамбетов, Бәкірге Палымбетов, Әлиге Палмұхамедов деп фамилия беріпті. Тегі қуғын-сүргіннің болатынын сезгендей. Бәрібір кенже ұлы Әли Палмұхамедов 1938 жылы репрессияға ұшырады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына өзі сұранып кетіп, 1943 жылы Сталинград шайқасы басталып, сонда хабар-ошарсыз кетеді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында милиция қызметкерлері парақорлықпен (қазіргі жемқорлық) қатаң әрі аяусыз күреседі. Сол тұста облыста тұз контрабандасымен күрес (Аралдағы), теміржолдағы тәртіп, жасырын мақта өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкер-саудагерлермен күрес, маскүнемдікпен, жезөкшелікпен, арамтамақтармен күрес т.б. қоғамға жат жәйттердің барлығымен күрес жүргізу – милицияға жүктелген еді. 1950 жылдарға дейін милиция қызметкерлерінің қызмет көлігі – ат, арбалы ат болғаны белгілі. Ал қару-жарақтан соғысқа дейін негізгі қару – қылыш, винтовка, наган, маузер, қанжар болған. Кейінгі ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен, ауданымыздың 90 жылдығына орай, кеңес өкіметінің кезінде аудандық ішкі істер бөлімін басқарған және коммунистік партияның саясатын жүргізіп отыратын замполит-орынбасар азаматтар туралы мәлімет бергенді жөн көрдік.
Әлиден соң А.Аюпов (есімі қағазға түспеген), Жармағанбет Оразбаев, Өмірқұл Оразбеков, Кәрім Жұмағалиев, Бақыт Бекманбетов, Алдияр Нұрмағанбетов, Ержігіт Құлтаевтар бөлімді басқарса, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары (замполит) қызметі 1980 жылы берілді. Бөлімнің алғашқы замполиті Өркен Исмаил болса, онан әрі Оңалбай Садықов, Амантай Орынбаев, Бердібай Баймұратов, Жаппарбек Оразмаханов, Батырбек Қаппаров, Нұрғали Қожақовтар жеке құрамның тәрбиесімен, саяси жұмыстармен айналыс­ты. Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бері қарай бөлім бастықтары болып «Қуаныш Жаңабергенов, Әбдімәлік Қайназаров, Шаншархан Қауленов, Бақыт Муятов, Ғани Тұрсекеев, Ерболат Ахметов, Саттар Қарынбаев, Уәлихан Исмаилов және бүгінгі Серік Тоқтыбаевтар тәртіп сақшыларына басшылық жасап отырса, замполиттің орнын басқан бастықтың кадр жұмыстары жөніндегі орынбасарлары қызметін Ердәулет Нұржанов, Алмат Молдабаевтар атқарса, қазір жеке құрамның тәрбие мәселесімен Бақытжан Әбубәкіров айналысып отыр. Ал, бөлім бастығының оперативтік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қызметінде Тұрғанбек Қосаев, Бақыт Бекманбетов, Сұлтан Шабаев, Амантай Орынбаев, Жәнібек Исаевтар болса және бүгінде Қазыбек Әліп қылмыспен күресте міндет пен сенім биігінен көрінуде. Сондай-ақ, бөлім бастығының тергеу жөніндегі орынбасарлары Ғалымжан Баетов, Әбдірахман Зермұхамедовтер, қазіргі орынбасар Нұрсұлтан Әлтай істердің уақтылы орындалып, тергеу істерінің сапалы болуына назар аударады. Ал, бастықтың қызмет жөніндегі орынбасарлары Батырбек Қаппаров, Досбол Төлеуов, Досым Әбуовтер, қазіргі Мақсат Сопбеков бөлімнің ауданда құқық бұзушылыққа жол бермей, елдің тыныштығын сақтау жолындағы еңбектерін жалғастырып келеді.
2016 жылы ауданда жергілікті полиция қызметі құрылды. Бастығы болып Дос­бол Төлеуов тағайындалды. Олар аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті күзету, қылмыстың алдын алумен айналысады. Кезінде аудандық ішкі істер бөлімінде құрылған (1980 жылы) «Жалын» ән-халық аспаптар ансамблі облыс қоғамдық тәртіп сақшылары тарихындағы жарқын парақтардың бірі болып қалды. Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі «Жалын» ансамблінің даңқы республикаға тарады. 2011 жылы бөлім бастығы С.Қарынбаев «Жалын» ансамблінің 30 жылдығына арнап көркемсуретті альбом жасатып, аудандық мәдениет үйінде ансамбльдің үлкен концерті қойылды. Оған ансамбль мүшелері Сейдомар Ермекбаев, Ибрагим Құдайбергенов, Мырзахан Жандаев, Нұрғали Қожақов, Ермек Оспанов, Шанақ Кемелов, Мәлік Дүйсенбаев, Оразбек Іскендіров, Сансызбай Нұрекеевтер т.б. қатысса, марқұмдар Жаппарбек Оразмаханов, Әлайдар Бәйділдаевтар еске алынды. Ансамбльдің өмірге келуіне атсалысқан бастығым Кәрім Жұмағалиев науқастығына байланысты бұл шараға қатыса алмады. Шақыруға рахметін жолдады. Қазір аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесі де тәртіп сақшыларының аға буыны мен бүгінгі толқыны арасындағы байланысты дамытып, жас сақшылардың кәсіби шеберліктерін шыңдауына мол үлес қосуда. Ардагерлер Әбдімомын Алдияров, Нұрғали Қожақов, Батырбек Қаппаров, Бахтияр Шәкірбекұлы, Ғабит Арынов, Ғабит Жақыпов, Елшібек Шылымбетов, Бекентай Ахметов, Оңғар Шығанбаев, Сағынбек Қуатбаев т.б. ардагерлер жас полиция қызметкерлеріне көмек көрсетуден жалыққан емес. Бөлім қызметкерлері жалпы көрсеткіштер бойынша облыс сақшылары ұжымдарының алдыңғы легінде келеді. Мереке күні аттарын, тектерін жазып отырғаным, тірісі бар, о дүниелік болғандары бар, жазылмай қалғандары бар – барлығы да ант беріп, Отанына адал қызмет жасады. Олар туралы айту – парызымыз. Бір жағы аудандық ішкі істер бөлімінің тарихы да жеткіншектерімізді қызықтырар. Бәлкім, оны біз айтпасақ, кім айтады? Ішкі істер бөлімінің ардагерлеріне, жеке құрамына және басшыларына төл мерекелері – Қазақстан полициясы күні құтты болсын! дегіміз келеді. Қылмыспен күрес – ел тыныштығын сақтау. Оның басы-қасында күндіз-түні көз ілмей, тәртіп сақшылары, полиция қызметкерлері жүреді.

Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ішкі істер бөлімі
ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы милиция подполковнигі.
---
20 маусым 2018 ж. 2 498 0