Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Cақтық cаласының cайыпқырандары

Cақтық cаласының cайыпқырандары


1992 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі істер органы» туралы заң – құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын алғашқы акті. Ал Елбасы Н.Назарбаевтың 2007 жылы 23 маусым - полиция күні деп ресми бекіткен жарлығы – сақтық саласының сайыпқырандарына көрсетілген құрмет. жыл сайын елімізде бұл мереке көтеріңкі көңіл-күймен өтеді

Халықтың қорғаушысы, биліктің қолдаушысы – ішкі істер органдарының жұмысы уақытқа бағынбайды. Олар таң шапағы атқаннан, күн қызарып батқанға дейін, тіпті одан кейін де тынбай еңбек етеді. Мақсат – елдің тыныштығын сақтап, мемлекеттің басты байлығы саналатын адамдарды қауіптен қорғап қалу. Полиция қызметкерлері өзгені қатерден құтқару жолында жанын пида етуге де дайын. Олар құрмет көрсетіп, төрден орын беруге әбден лайықты.
Осындай ілтипаттың бір парасы өткен жұмада Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде көрініс тапты. Күнделікті өмірде жұмыс бабымен ғана көретін полиция қызметкерлерінің жанарынан мерекелік көңіл байқалады. Бұл күн болат құрыштай бекем, темірдей төзімді, ел басына күн туғанда алдыңғы шептен табылатын тәртіп сақшылары үшін айрықша. Дәл осы күні олардың еңбегі еленіп, халықтың құрметі мен қошеметіне бөленеді. Сонымен зал лық толып, сала ардагерлері мен арнайы шақырылған қонақтарға төрден орын берілген соң сақшылардың салтанатты шарасы басталып кетті. Жиналған қауым ең бірінші тік тұрып сахна төріне көтерілген мемлекеттік туға құрмет көрсетті, содан кейін қолын жүрек тұсына қойып, Әнұран шырқады. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетілгеннен кейін ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында өз өмірін құрбан еткен қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Арадағы бір минут үнсіздіктен соң сахнаға аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрмағамбет Әлиасқарұлы шығып, елімізге қорған болған жандарға жылы лебізін білдірді.
– Ел тыныштығын сақтау жолында қиындықтан да, қатерден де қаймықпай қоғам тәртібін қалыптастырған полиция қызметкерлері әрқашан құрметке лайық. Қазақстан полициясы күні – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету саналады. Тәуелсіздік туын желбіреткен мемлекет үшін ең басты байлық – мемлекет тыныштығы. Сол тыныштықты күзетушілер – полиция қызметкерлері. Ел мүддесі үшін жанын қиған Мұрат Өмірбековтің, Талғат Қозыбаевтың, Есен Бектұрсыновтың, Бақыткелді Ибраевтың есімдері мәңгі ел есінде. Олар батырлықтың белгісі болып халық жадында қала бермек. Игілікті іс қай уақытта да өзінің биік бағасын алады. Ең қымбат нәрсе – елдің сенімі. Кәсіби қызметтеріңіз арқылы елдің алғысына бөлене беріңіздер! – деді Т.Әлиасқарұлы..
Ізгі тілектер айтылып болған соң, сахна төріне Шиелі ауданының полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі С.Тоқтыбаев, ішкі істер органының ардагерлері О.Шығанбаев, Б.Ахметов, Ә.Құлманов, полиция бөлімінің полиция капитаны Д.Болатов, полиция аға лейтенанты А.Бекбаев, полиция сержанттары Е.Мұханов, А.Төленбеков шақырылды. Оларға еңбек жолында ерінбей тер төккені үшін аудан әкімінің алғыс хаты мен Құрмет грамотасы табысталды.
Мерекелік құттықтау сөз кезегін одан әрі «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима­ Шаймерденқызы жалғастырды. Өз кезегінде Патима Маханбет ішкі істер органдарының қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, Ғ.Пірманова, Қ.Ниязханов, Н.Сұлтанхан, Г.Досымбетова сынды мамандық майталмандарын «Nur Otan» партиясының бірінші орынбасарының алғыс хатымен марапаттады.
Марапаттау рәсімінен соң мерекелік көңіл күйді «Айшуақ» би тобының «Серпін» биі көтерді. Ал, «Жалын» хор ұжымының «Ұлы даланың ұланымын» атты әні жиналған қауымның бойына патриоттық сезім ұялатты. Өнерін ортаға салған Ә.Тәшімов пен Н.Көрпебаева да көпшіліктің қошеметіне бөленді. Өзге де өнерпаздар көрермендерді ән-күймен қуантты. Шара соңында Сыр сақшылары рухты өлең «Атамекенмен» халықты шығарып салды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

26 маусым 2019 ж. 1 199 0