Міндетін мінсіз атқарған
Қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулік дегенді білмейтін, күйбеңі көп күнделікті қызметте тер төге жүріп, өз міндетіне мінсіз берілген полицейлердің ісі қандай құрметке де лайық. Себебі, құқық қорғау қызметі оңай емес. Сақтық саласының сайыпқырандары қауіп-қатермен күн сайын бетпе-бет келеді. Тіпті қарулы қылмыскерлермен қақтығысып, тілсіз жаумен де тартысатын жағдайлар орын алады. Олар ел басына күн туғанда алдыңғы шептен табылуға даяр тұратын бірден-бір азаматтар. Полиция қызметкерлері өзгені қатерден қорғау жолында жанын пида етуге де бар. Осылайша, ерлікпен қаза тапқандардың қатарында полиция аға лейтенанты Мұратбек Өмірбековтің есімі ерек.
Ерлік – сын сағатта сыналады. Ал Мұратбек Әмзеұлының батырлығы осыдан жиырма бес жыл бұрын сынға түсті. Сондай-ақ ол сынақтан сүрінбей өтіп, өкшесін басып өсіп келе жатқан балаларына ғана емес, күллі халыққа үлгі көрсетіп кетті. 1992 жылы жұмыс барысында жүріп жан тәсілім етті. Сол жылы Қызылорда облысында елді дүр сілкіндіріп, жұрттың жайын алған қылмыс болған-ды. Арнайы вагон түрмесінен 6 қылмыскер қашып, Шиелі ауданындағы жолаушылар бекетінде автобусты кепілдікке алады. Қылмыскерлердің негізгі мақсаты – бас сауғалап, шетелге сытылып кету еді. Алайда, қырағы құқық қорғау қызметкерлері дер кезінде іске кіріседі. Кісіні майып қылудан тайынбайтын террористермен жекпе-жекке шығып, қоғам тыныштығының күзетшілері жеңіске жетеді. Міне, осы бетпе-бет шайқаста қанды қол қылмыскерлердің кесірінен көпшілік біртуар азаматынан айырылып қалған болатын. Содан бері қаншама жыл өтсе де, Мұратбек Өмірбековтің есімі ел жадында. Тұңғыш Президент «Айбын» орденін табыстаса, үлкен ұлы Ринат әке жолын жалғастырып, Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімшесінде қызмет етуде.
Полиция – халық қорғаны. Олар үшін ең қымбат нәрсе – ел сенімі. Ал елдің тыныштығын сақтап, мемлекеттің басты байлығы – адамның өмірін аман алып қалған Мұратбек Өмірбеков сол сенім үдесінен шыға білді. Сондықтан халқы оны естен шығармайды.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ