Тәжік-ауған соғысының сарбазы
Халқымыздың тарихында ерекше атаулы күндер бар. Олар зор мәнге ие. Мәселен еліміз үшін аса қасиетті әрі қастерлі мереке – «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні». Бұл күн әр қазақ үшін мәңгілік ұмытылмас ерекше күн. Тәуелсіздікті мұрат еткен еліміздің қорғандары 1995 жылы ел үшін кеудені оққа тосып, Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп көрсетті. Қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміз, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен соғыс жүргізді. сол шайқаста 17 бауырымыз қаза болып, 34-і жарақат алды.
Халықаралық келісімге сәйкес, еліміздің Ішкі әскері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Осы жылдары кезекті ауысым түрі бойынша 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен сардар жауынгерлік тапсырманы орындады. 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшихавр шатқалында болған қақтығыс кезінде Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты. Одан бері қаншама жылды артқа тастағанмен, бұл жара халық жүрегінде өшпес сызат қалдырды. Сұрапыл соғысқа еліміздің намысты ер жүрек батырлары қатысып, жас өмірін құрбан етті. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсатымыз.
Осы соғыстың сарбазы болған Ғалымжан Байжанов Шиелі кентінде туып өскен. Бала кезінен қағілез болып өскен жігіт №244 Ы.Жақаев атындағы қазақ орта мектебінде 1982-1992 жылдар аралығында білім алады. 1993 жылы әскерге шақырылып, отан алдындағы борышын өтеп жүріп, өз еркімен 1995 жылы тәжік-ауған шекарасы аумағындағы әскери ұрысқа қатысып, елінің алдындағы борышын өтейді. Әскери борышын өтеу кезінде ауыр жарақаттанып, госпитальда емделіп, елге оралады. Мемлекеттік марапатқа ие болады. Н.Назарбаевтың жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі табысталады.
– Тәжік-ауған шекарасындағы қаралы оқиғаға қанша жыл өтсе де, халықтың жүрегінде. Қайткенмен қайсар ұлдарымыз айқын басымдықпен тойтарыс танытқан жауға барынша төтеп беріп, жауынгерлік борыштарын өжеттілікпен өткерді. Абыройды таптатпай, антқа деген адалдықтарын танытты. Ішкі әскер жауынгерлерінің ерлік істерін Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаев: «Қазақстандық батальонның сарбаздары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыртқы шекарасының тәжік-ауған бөлігін ерлікпен күзетті. Боздақтарымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау жолында жанын пида етті деп жоғары бағалады», – дейді Ғалымжан Балтабайұлы.
Олар елдің бейбітшілігі мен тыныштығы үшін күресіп, отан алдындағы міндетін абыроймен атқара білді. Міндет – отанды қорғау деген ұранмен қырғын соғыста жас жігіттер өмірлерін құрбан етті. Барлығы он жеті қазақстандық жауынгер көз жұмса, отыздан астамы түрлі жарақат алды. Ерлікпен қаза тапқандардың қатарында Ержан Әбдиев бар. Ол сол жылдары Қарулы Күштер қатарына шақырылып, Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында әскери борышын өтеген. Сол жерде 1995 жылы 7 сәуірде қаза болады. Марқұмның ерлігі ескеріліп, 1996 жылы желтоқсанның 9-шы жұлдызында «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Біз еш уақытта да ел үшін жанын пида еткен арыстарымызды ұмытпауымыз керек. Қайта сол азаматтардың ерлік істерімен жас ұрпаққа отансүйгіштік рухтың кемелін дарытып, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие болатын басқосулар көптеп өтсе деген тілегін жеткізді. – Ол күн ешқашан ұмытылмайды. Қаза тапқан 17 жауынгердің құрметіне тағзым етеміз. Олардың батырлығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек», – деді Ғ.Байжанов. Өзімен бірге сол бір қиын қыстау күндері бірге болған досы Жора Қожамберген мен сарбаздар Бауыржан Ережепов, Сәбит Айтбаевтар кезігіп, жолыға қалса, өздері жайлы естеліктерімен бөлісіп, тағылымды әңгіменің ағынын өрбітеді.
Отан алдындағы борышты өтеуді әр азамат парызым деп түсінген жөн. Бүгінде Ғалымжан Балтабайұлы жастарға көрген білгенін айтып, елінің патриоты болуға тиістісің деп бағыт-бағдар беріп отырады.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.