Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ел тыныштығын күзеткен Шекарашылар

ел тыныштығын күзеткен Шекарашылар


Бейсенбі күні аудан­ әкімі Ә.Оразбекұлы 18 тамыз – Қазақстан Республикасының Шекара қызметінің құрылған күні мерекесіне орай әскери қызметшілер мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерін, сондай-ақ, Тәжік-Ауған шекарасында борышын өтеген азаматтарды қабылдап, мерекелерімен құттықтады.

Осыдан 27 жыл бұрын Кеңестік одақ тарап, әлем картасына бірнеше тәуелсіз мемлекет енгенде, оның ішінде Қазақстан Республикасы да бар еді. Осылайша, ата-бабаларымыздың ұйықтаса түсіне еніп, күндіз ойынан шықпаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Шекарамыз бекіп, егеменді ел атандық. Ендігі жерде тағдырдың  тепкісіне тойтарыс беріп, талай тайғақ жолдардан сүрінбей өтіп, қол жеткізгенегеменді елді мықты әскері ғана қорғай алады десек, елдің шетінде, желдің өтінде тұрып, ұлан-ғайыр байтақ жерімізді қызғыштай қорғап, халық тыныштығын қамтамасыз ету әрбір азаматқа абыройлы міндет. Сол ауыр жүкті арқалағандар – шекарашылар.
Кең-байтақ Тәуелсіз еліміздің шекарасының жалпы көлемі 14 мың шақырымды құрайды. 1999 жылдан бас­тап, ауданда «Шиелі» шекара комендатурасы жұмыс жасап келеді. «Шиелі» шекара комендатурасына қарасты «Тұщы құдық», «Қос маман», «Ұзын құдық», «Дала құдық» шекара заставалары кіріп, бөлімше Өзбекстан Рес­публикасымен жалпы 270,1 шақырым құрайтын мемлекеттік шекара аумағын абыроймен күзетуде.
1993 жылы 22 қазанда ТМД елдері басшылары Тәжікстан Республикасы мен Ауғанстан шекарасы аумағындағы ахуалды тұрақтандыру шаралары туралы келісім бекіткен болатын. Шекара аумағын заңсыз қару-жарақ пен есірткі тасымалынан және адам саудасымен айналысатын қарулы жасақтардан қорғау туралы шешім қабылданды. Арнайы қаулыға сәйкес, ҚР ҰҚК-нің шекара қызметі, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен ҚР ІІМ-нің Ұлттық ұланы құрамынан жасақталған қазақстандық бітімгершілік батальоны 8 жыл бойы Отан алдындағы міндетін абыроймен орындады.
1993-2001 жылдары аралығында ТМД-ның Оңтүстік Шекарасын қорғауға республикадан 11 500 қазақстандық жауынгер қатысып, Тәжік-Ауған шекарасы аумағындағы әскери ұрыс қимылдарында 54  қазақстандық жауынгер қайтыс болса, оның 416-сы ауыр және орта деңгейлі жарақаттар алған.
Оның ішінде  Шиелі ауданынан 47 азамат бітімгер­шілік миссияны орындау мақсатында Тәжік-Ауған шекарасы аумағындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан. Олардың арасында бір азамат, жерлесіміз Ержан Әбдиев ерлікпен қаза тапса, Ғалымжан Байжанов пен  Асылбек Дәуренбеков ауыр жарақат алды.
Нағыз ерге тән ауыр мамандықты таңдап, елдің тыныш­тығын күзеткен азаматтарды аудан әкімі мереке­лерімен құттықтап, ерлік ешқашан ұмытылмайтындығын айтты. Шара барысында ерлікпен қаза тапқан Ержан Әбдиевтей батырды өмірге алып келген анасы Құндызай Сүлейменоваға «Асыл Ана» медалін табыс етті. Сонымен қатар, Тәжік-Ауған шекарасы аумағындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан Табиғат Әшірбеков, Сәбит Батырбеков, Бауыржан Асанов, Яхия Құлмышевтардың кеуделеріне «Тәжік-Ауған шекарасындағы қызметі үшін» медалін тақты. Ал, Тәжік-Ауған шекарасы аумағындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан Нұрлан Бекжанов, Ғафур Төлебаев, Таңат Мадиевтерге аудан әкімінің алғыс хаты табыс етілді.
Мерекелік шара барысында еңбегі бағаланып, марапатталғандардың қатарында әскери қызметшілер де болды. Атап айтсақ, «Шиелі» шекара комендатурасы комендантының орынбасары капитан Б.Абдрахманов, «Шиелі» шекара комендатурасы комендатының орынбасары капитан Б.Кумаров, «Ұзын құдық» шекара застава бастығының орынбасары, аға лейтенант О.Қуатбек, «Ұзын құдық» шекара заставаның аға нұсқаушысы, аға сержант Н.Асанов, «Ұзын құдық» шекара заставаның атқышы, қатардағы жауынгер Е.Нұрбек, «Ұзын құдық» шекара заставаның электрик дизелисі, қатардағы жауынгер Д.Мавланкулов, «Ұзын құдық» шекара заставаның аға атқыш мергені, сержант М.Нұрмағанбетов, «Ұзын құдық» шекара заставаның көздеушісі, ефрейтор Н.Рысбаев, «Шиелі» шекара комендатураның атқышы, кіші сержант Д.Полатов, «Шиелі» шекара комендатураның атқышы, қатардағы сержант Н.Жақсылықовтар алғыс хаттар алды.
Шарада аудан өнерпаздары күмбірлеген күй мен әуезді әндер арқылы қатысушыларға  көңіл-күй сыйлады. Мұнан соң аудан әкімі Ә.Оразбекұлы «Ұзын құдық» шекара заставасында болып, жұмыс барысымен танысты. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздармен тілдесіп, оларға ел қорғау абыройлы міндет екенін түсіндірді. Сондай-ақ, әскери астан дәм татып, игі тілектерін тіледі.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.
18 тамыз 2018 ж. 1 682 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930